Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен қамауға алынған шенеунік қайтыс болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтарда Шыңғырлау ауданының полиция бөлімшесіне зорлық көрген 16 жастағы қыздың әкесі жүгінді. Оның айтуынша, ер адам оның кәмелетке толмаған қызын алдап үйіне шақырған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы (“Кәмелетке толмаған тұлғаны зорлау”) бойынша іс қозғалды.
Күдікті Шыңғырлау аудандық әкімдігінің жер қатынастары бөлімін басқарған. Аудан әкімдігі басқа елді мекенге ауысуына байланысты мемлекеттік қызметкердің 15 қаңтарда қызметінен босатылғанын хабарлаған.
24 ақпанда жәбірленуші мен оның анасы күдіктіге ешқандай шағымдары жоқ екенін айтып, арызын қайтарып алды.
Қыздың әкесі қайтадан істі қозғауды талап етті.
Одан кейін Ішкі істер министрлігі мен жергілікті прокуратура қылмыстық істі қайтадан ашты.
Ақпарат құралдары күдіктінің Шыңғырлау ауданының жер қатынастары бөлімін басқарған Ә. Жүпілов екенін жазды. 16 жастағы жәбірленуші — Ақсай қаласының тұрғыны, колледж студенті.
16 наурызда Жүпілов Оралдағы аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл деректі облыстық полиция департаменті растады.
“2026 жылдың 25 ақпанында күдікті заңда белгіленген тәртіппен уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
11 наурызда денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты күдікті Орал қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес “бауырдың уытты зақымдануы, бауыр некрозы, инсулинге тәуелсіз қант диабеті (кетоацидозбен)” диагнозы қойылған.
Күдікті 16 наурызда сағат 18:10-да есін жимастан қайтыс болды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде.
Тергеу мүддесіне сәйкес Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды”, — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
фото: istockphoto.com

