Астанада шетел азаматтарына заңсыз Қазақстан азаматтығын және уақытша тұруға рұқсат алуды ұйымдастырған екі азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Бас Прокуратура хабарлады.
Елорданың екі тұрғыны Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және Ресей Федерациясынан келген 49 шетелдікке жалған құжаттар жасаған.
Тергеу барысында анықталғандай, айыпталушылардың бірі жалған неке куәліктерін, медициналық анықтамаларды және басқа да құжаттарды дайындаумен айналысқан. Екіншісі клиенттерді тауып, оларды құжат жасайтын серіктесімен байланыстырған. Заңсыз қызметтері үшін олар әр шетел азаматынан 80 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша алған.
Сотта олардың заңсыз әрекеттері арқылы 107 мың АҚШ доллары, 2,5 млн теңге және 200 мың рубль көлемінде табыс тапқаны анықталды. Бұл қаражат сот үкімімен мемлекет кірісіне тәркіленді.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін дәлелдеп, кінәлі азаматтардың біріншісі 1 жыл 6 айға, екіншісі 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтығын 20,2 мың адам алған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бірден төрттен бірге азайып, соңғы бес жылдағы (2020 жылдан бері) ең төменгі көрсеткішке жеткенін жазған едік.
Сурет: Ашық дереккөздерден