9 қаңтарға қараған түні Пришахтинская көшесінде орналасқан екі пәтерлі үй өртеніп, екі бала қайтыс болды. Бұл туралы Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«Құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылы туған екі бала өз беттерінше үйден шығып үлгерген. Олар «күйе газынан улану» диагнозы бойынша балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді», – деп хабарлады ТЖД.
Өрт болған үйден 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесі табылған. Өрт қоспәтерлі үйдің шатырын, аралық қабырғаларын және тұрмыстық заттарын шарпыған. Жалын аумағы 50 шаршы метрге дейін жеткен. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан 1964 жылы туған әйелді эвакуациялап, оны да улану және күйік жарақаттарымен ауруханаға жатқызған.
Алдын ала болжам бойынша, өрттің себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 23 ақпанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Талды ауылында өрт болып, 4 бала көз жұмды. Балалар 2019, 2020, 2021, 2022 жылдары туған. Төтенше жағдай департаментінің дерегінше, өрт шыққан кезде балалар үйде жалғыз болған.
Сондай-ақ 2024жылдың қазан айында Қостанай облысының Жітіқара ауданында тұрғын үй өртеніп, бес бала қаза тапқан еді. Үлкендердің қарауынсыз қалған 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған балалар болған.
Сурет: Ашық дереккөздерден