Ауылдағы оқушылар білім деңгейі бойынша қаладағы құрбы-құрдастарынан 2-3 жыл артта қалып келеді. Білім беру сапасын тұрақты дамыту қорының бұл дерегі – алаңдатарлық ахуал. Өйткені қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы азаймай тұр. Неге? Қайтпек керек?
Мәселенің мәнісі
Еліміздегі 8 мыңға жуық оқу ошағының 67%-ы (5247) – ауыл мектебі. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын PISA халықаралық зерттеулері айқындап отыр. Осы айдың басында өткен Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев: «PISA-2018 нәтижелерімен салыстырғанда 2022 жылғы математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша айырмашылық көрсеткіші 4-5 балға дейін қысқарды, ал оқу сауаттылығы өзгеріссіз қалып тұр. «Математикалық сауаттылық» бойынша PISA-2018-де қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы 22 балды құраса, PISA-2022-де алшақтық 18 балды құрап, білімдегі алшақтық 4 балға қысқарған. «Оқу сауаттылығы» бойынша PISA-2018-де де, PISA-2022-де де 37 балды құрап, арадағы білім сапасының бірқалыптылығы сақталып отыр. «Жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы» бойынша PISA-2018-де 31 балды құраса, PISA-2022-де 26 балды құрап, арадағы алшақтық 5 балға қысқарды», — деді.
Министрдің PISA-2018 және PISA-2022 зерттеу қорытындысының көрсеткіштеріне сүйеніп, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасы алшақтығының азайғанын айтқаны жөн-ақ. Алайда қанша қысқарса да, «Математикалық сауаттылық» бойынша ауыл мектептері қалалық оқу ошақтарынан 18 балл, «Оқу сауаттылығы» бойынша 37 балл, «Жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы» бойынша 26 балл төмен жинап отыр. Бұл дегеніңіз ауыл оқушылары қаладағы құрдастарынан білім деңгейі бойынша кемі 2 жылға артта қалып келе жатқанын білдіреді.
Өмірдің өзінен
Ғазиза Кендебай – Түркістан қаласынан Қостанай облысының шалғай ауылына көшіп барған көпбалалы ана. 4 баласы да мектепте оқиды. Бір қызығы 3 баласы бір сыныпта білім алып жүр. Қалай дейсіз бе? Естігенде біз де қайран қалдық. Сөйтсек, бұл мұқтаждықтан туған шешім екен.
«4-сыныпта, 2-сыныпта және даярлық сыныбында оқитын үш балам қазір бірге білім алып жүр. Бірге дегенді көбі түсінбей қалар, жас ерекшелігі әртүрлі болса да бір сыныпта оқып жатыр. Яғни олардың бәріне бір мұғалім сабақ береді. Үш балам бірге оқитын аралас сыныпта бар-жоғы 5 оқушы бар. Аядай ғана ауылда бастауыш сынып жасындағы балалардың саны көп емес, десек те басым көпшілігі аудан орталығындағы мектепке тасып оқытады. Себебі онда білім бар деп санайды. Мен де аудандағы мектепке бергім келеді, бірақ оған таситын жеке көлігім жоқ, қатынайтын такси адам басына бір бағытқа 2 мың теңгеден алады, үш баламның барып-қайтуына күн сайын 12 мың теңге тауып беруге шамам келмейді. Сондықтан ауылда оқытып отырмыз. Былтыр бастауыш сынып жабылып қала жаздады, әйтеуір әупірімдеп, бала санын бесеуге толтырып, жабылмай қалды. Ақиқатын айтсақ, аралас сыныпта білім сапасы бәрібір төмен болады екен. Өйткені екінші балам Түркістан қаласында оқып жүргенде тәп-тәуір болған, ауылға келіп, білгенін ұмытып қалды, үлгерімі түсіп кетті», – деп қынжылып отыр Ғ. Кендебай.
Біз ата-ананың сөзінен соң мұғалімімен де тілдестік. Аты-жөнін жасыруды сұраған педагог сыныптағы кей баланың оқу үлгерімі төмендеп кетуін құрдастарымен қатар отырмауынан көретінін айтты. Оның ойынша, бұл бала психологиясына да әсер етеді.
«Ата-ана сізге білдірген ойын маған да айтқан. Ол кісіні өзімнің де балам болғандықтан өте жақсы түсінемін. Бірақ бұл жерде мәселе менің кәсібилігімде емес, мен ұдайы, уақытылы біліктілігімді арттырып, барынша терең білім беруге тырысып келемін. Тәжірибем де баршылық. Соның нәтижесінде болар, 5 оқушымның 1-уі даярлықта, 1-уі 2-сыныпта, 2-уі 3-сыныпта, тағы 1-уі 4 сыныпта болса да, күніне 4 түрлі жоспар жазып, 4 түрлі дайындықпен сабаққа кіремін. Шыны керек, оңай емес. Иә, оқушымның үлгерімі бұрынғысынан төмендеген. Күнделікті сабақта көз жеткізіп отырғанымдай, бұған мынадай жайт себеп болып отыр. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мысалы, осы ата-ананың оқу үлгерімі төмендеп кеткен екінші баласы өзінен кіші үшіншісімен бір сыныпта білім алып жүр. Өзінен кіші балаларға қарап еліктейді. Бір сыныпта отырғандықтан өзінен кіші болса да, сол балалардың деңгейі өзінікімен сай деп санайды. Нәтижесін жақсартуға тырыспайды. Себебі баланың миы бірге отырған замандасын өзінен кіші деп емес, сыныптас деп қабылдайды. Жас ерекшелігіне қарай бөлейік десек, оқушы саны жетіспейді. Тым аз. Өйткені біздікі – шағын жинақты мектеп», — деп түсіндірді.
Оқырманға түсінікті болу үшін тарқата кетейік, шағын жинақты мектеп дегеніміз – оқушыларының саны аз, біріктірілген сыныптардан, толық емес сыныптардан тұратын, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі. Шындығында, шағын жинақты мектеп мәселесі өте өзекті болып тұр. Олай дейтініміз еліміздегі 5247 ауыл мектебінің 2654-і, яғни жартысынан көбі – шағын жинақты. Біздіңше, ауыл мектептерінің білім сапасына тікелей теріс әсер ететіні де осындай оқу ошақтары секілді. Бұған бірнеше нақты себеп бар.
Біріншіден, шағын жинақты мектепте оқушы саны аз болады. Бұл ең алдымен балалар арасындағы білім бәсекесін болдырмайды немесе төмендетеді. Екіншіден, оқушы саны аз болғандықтан, сағат саны да, сәйкесінше мұғалімнің айлығы да аз болады. Жалақысы мардымсыз жерге маман да бармайды. Осыдан келіп кадр тапшылығы болады. Үшіншіден, мәселеден мәселе туады дегендей, кадр тапшы болған кезде, бір педагог бірнеше пәннен сабақ бере береді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімі география мен құқық пәнінен де оқытуы мүмкін дегендей. Ондайда сөзсіз білім сапасы төмендейді.
Шын мәнінде еліміздің орталық, солтүстік, батыс өңірлерінде осы шағын жинақты мектептер жайы күн тәртібінен түспей тұрғанымен, бала туу көрсеткіші өте жоғары оңтүстік өңірлерде ауыл мектептері керісінше орын жетіспеушілігінен зардап шегеді. Бұл өз кезегінде оқу ошағын үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Үш ауысыммен оқытатын мектептерде білім сапасына сөзсіз күмән туады. Өйткені түскі астың немесе үзілістің кезінде, яки кешқұрым оқитын (әсіресе бастауыш сыныптағы) баланың миына бірдеңе қонуы қиындау екені рас.
Сандар сөйлегенде
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының дерегіне қарағанда, қала мен ауыл педагогтерінің білімі мен біліктілігі арасында 3-тен 20%-ға дейінгі алшақтық байқалады. Мұны төмендегі кестеден де көруге болады. Зерттеуде анықталғандай, 2017-2021 жылдардағы педагогтердің сапалық құрамы бойынша жоғары білімі бар мұғалімдердің үлесі ауылдық жерлерге (90%) қарағанда қалада (92%) көп, сонымен қатар қалалық мектептердегі мұғалімдердің ауылдық әріптестерімен салыстырғанда біліктілігі жоғары.
Солай бола тұрса да ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығына кадр мәселесіндегі айырмашылық басты себепке жатпайтын секілді. Бұлай деуімізге осы айдың басында Үкімет отырысында айтылған «бүгінде үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы және апатты жағдайдағы мектептердің 76%-ы ауылда орналасқан» деген сөз себеп болып отыр. «Талдау» орталығының зерттеуінде жазылғандай, 2017-2021 жылдар аралығында еліміздегі ауыл мектептерінің инфрақұрылымы қала мектептерімен салыстырғанда айтарлықтай әлсіз болды. Ауылдық жерлерде (25 бірлік) қалалық жерлерге қарағанда (11 бірлік) апатты жағдайда тұрған мектептер көп. Бір қиыны, зерттеу нысанына алынған бес жыл бойы апатты мектептер саны ауылда артық болып тұр.
«Талдау» орталығының зерттеуіне қарағанда, жалпы, 2021 жылы қазақстандық қала мектептерінің 100%-ы, ауыл мектептерінің 99%-ы интернетке қосылған. Алайда мұғалімдер мен оқушыларға түрлі видео сабақтарды қолдану үшін сапалы интернет керек екені белгілі. Түйткіл де, теңсіздік те осыдан туады. Себебі, қараңыз, аталған ораталықтың аналитикалық жазбахатында жазылғандай, жылдамдығы жоғары интернетке (7 Мбит/с жоғары) қала мектептерінің 90%-ы, ал ауыл мектептерінің небары 45%-ы қол жеткізе алған. Иә, орталық зерттеуінде 2021 жылға дейінгі деректер сараланған, қазір жағдай біршама өзгерген де болар, алайда шапшаң интернетке әдетте ауыл мектептерін дамытуға бағытталған жобаларға қатысушы оқу ошақтары ғана қол жеткізеді. Нақты дәлелмен келтіретін болсақ, осы айдың басында ғана министр Ғ. Бейсембаев өзі алыс шалғайдағы 94 ауыл мектебін сапалы интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмай отырғанын ашық айтқан еді. Қысқасы, сапалы интернет бойынша да ауыл мен қала мектептері арасында теңсіздік бары рас.
Шешімі қандай?
Үкімет ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою үшін бірқатар шара қабылдады. Соның бірі ретінде Үкімет мүшелері негізінен «Дипломмен ауылға» бағдарламасын атап жатады. Алайда бұл бағдарламамен ауылға барып, үш жылын өтеген соң, мамандар болашағын ойлап қалаға қайтатыны жасырын емес. Ал ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында өңірлерде жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, Алматы облысында 2023-2024 оқу жылында 50 мектепті қамтитын жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру мақсатында «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесіне негізделген жоба «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Маңғыстау облысы мектептерінің білім сапасын арттыру мақсатында осы оқу жылында өңірде 50 мектепті, оның ішінде 35 ауылдық мектепті қамтитын «Отпан» жобасы басталды. Ақтөбе облысында 2023-2024 оқу жылында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, облыс әкімдігінің және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қатысуымен «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асырылды. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты. Министрлік жариялаған ақпарат пен есепке қарасақ, аталған жобалар өңірлерде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беріп жатыр.
Десек те үміттен күдік басым. Себебі осыған дейін де дәл осы мәселені шешуге бағытталған «Уақытша отбасы», «Орта білім беруді жаңғырту», «Ауыл мектебі» деген секілді жобалар жасалып, 2011 жылы шағын жинақты мектептердің қызметін жаңғырту мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында Республикалық шағын жинақты мектептерді дамыту орталығы құрылған. Сондай-ақ 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңы аясында ауылдық мұғалімдерге, мысалы, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін беру, жалақыны 25%-ға өсіру секілді басқа да әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған. Соған қарамастан, арадағы алшақтық әлі де сақталып отыр. Осыдан қанша жылдан бері түрлі жобалар іске асырылса да түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылмағанын түсінуге болады.
Айтпақшы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына иек артатындар табылар, біз де үміт етеміз. Бірақ мұнда да биыл пайдалануға берілген 40 мектептің 44%-ыауылдық жерлерде екенін атап өту керек, яғни инфрақұрылымы өте жақсы, жайлы мектептер қалада артығырақ салынды. Мұнда әлбетте сұраныс ескерілді. Дегенмен жоғарыдағы үкіметтің өз дерегін (үш ауысымда оқытатын мектептердің 57%-ы және апатты жағдайдағы мектептердің 76%-ы ауылда орналасқан) ескерсек, жайлы мектептің көбі ауылда тұрғызылуы керек-ті.
Шындығында, еліміздегі ауыл мектептерінің мүшкіл жайы тұрғылықты жеріне қарай әртүрлі. Ауыл мен қала мектептері туралы ірі жиында жолығып, осы тақырыпты талқылағанымызда, білім саласындағы бірқатар жобаның жетекшісі Рауан Кенжеханұлы еліміздегі ауыл мектептерінің түйткілдері әртүрлі екенін, тиісінше мәселелерді шешудің жолдары да әралуан болу керегін айтып еді. Өйткені, оның ойынша, елдегі барлық ауыл мектебіне ортақ талаппен тығырықтан шыға алмаймыз, сондықтан әр өңірдегі ауыл мектептерінің мәселесін шешетін жеке стратегия қажет.
Ал белгілі мұғалім, кәсіпкер Аятжан Ахметжан ауыл мектептеріндегі білім сапасын көтеруге бағытталған жобалар түпкілікті нәтиже бермейтінін айтады. Себебі, оның пікірінше, бұл – жай ғана бюджет қаржысын игеру.
«Ауыл мектебін жақсарту үшін ауылды көтеру керек. Қазір бізде 15 оқушыға 30 мұғалім ұстап отырған оқу ошақтары бар. Шығын қой. Одан бұрын сондай ұйымда білім сапалы болатынына сенесіз бе? Ауыл мектептерінің қаладағыдай білім бере алмай отырғанын көбі инфрақұрылымнан көріп жатады. Шын мәнінде, шалғайға мың жерден жайлы мектеп салып қойсаңыз да ондағы педагогтер білікті болмаса, бәрі бекер. Осы күні ауылдарда бұрын мұғалімдікке шын беріліп, ұстаз болуды армандап келген мамандар зейнетке кетті. Жақсы кадрлар 2019 жылы «Педагог мәртебесі» заңы қабылданғаннан бастап келді. Ал сол мықты, жас мамандар ауылға бармайды. Қаншама керемет бағдарлама жасасаңыз да түбі қалаға кеткісі келіп тұрады. Негізі әр адам өзінің қолынан келмейтінді басқа біреу істейді деп күтпеуі керек. Меніңше, «болашағы жоқ ауылдарға» шығын шығара бергеннен гөрі аудан орталықтарын, ауыл мәртебесіндегі біраз халқы бар елді мекендерді көтеруге күш салуымыз қажет. Елімізде жаңадан үш облыс ашылғанда бөркімді аспанға атып қуанған қазақтың бірі мен едім. Себебі арқаның бір шетіндегі ауыл баласы білім іздеп Астанаға емес, ауданға, Жезқазғанға барғаны дұрыс. Ал алыс ауылдардағы балалар аудандарға, ірі ауылдарға қатынап оқу үшін жайлы интернаттар салып, жағдай жасаған жөн», – деді А.Ахметжан.
Оның айтуынша, жеке мектептер желісін көбейту кейбір ауыл мектептеріндегі 3 ауысым мәселесін шешуге, 1 ауысым жүйесіне көшіруге, орын тапшылығын жоюға септеседі. Расымен, жеке білім беру ұйымдарын ашу тәжірибесі балабақшадағы орын тапшылығын жоюда оң нәтиже беретінін дәлелдеген. Есіңізде болса, «Балапан» бағдарламасымен 3-6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі ұйыммен 100% қамтылды. Осы толық қамтуға жеке балабақшаларсыз қол жеткізу мүмкін емес еді. Сол сияқты жеке мектептер желісін арттыратын жүйелі тетік керек-ақ. Бұл жерде, әлбетте орта білім заң жүзінде тегін болуға тиіс екенін естен шығармаған жөн. Сонымен қатар мұндай ойды кешенді шешімнің бір бөлігі ғана деп қарастырған орынды. Ал жеке білім ұяларының оқыту сапасы – бөлек әңгіме.
Айдана Шотбайқызы
Сурет syrboyi.kz сайтынан алынды
Sarapshy.info
SARAPSHY.INFO Telegram-арнасынан өте өзекті ақпараттар мен сараптамалық мақалалар оқи жүріңіздер!