Енді пара беруге уәде берудің өзі қылмыстық жауапкершілікке жатады. Алдағы уақытта бұл ұсыныс заңмен бекітілмек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов Мәжілістің жалпы отырысында жаңа заң жобасы туралы сөз қозғады.
Сарқұлов қылмыстық кодекске пара ұсынуды, оны беруге уәде етуді криминализациялау жоспары 16 жылдан бері күн тәртібінде тұрғанын айтты.
«Пара алу туралы келісімді аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық әсерге ие болады. Бұл мемлекетке зиян келтірмес бұрын парақорлықты тоқтатуға мүмкіндік береді. Енді Қылмыстық кодекстің 366-бабы «Пара талап ету немесе алу», 367-бабы «Пара ұсыну, уәде ету немесе беру» деген атауларға ие болады», – деді ол.
Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялаған, онда осындай заңнамалық шараларды қабылдау қажеттігі көрсетілген. Бұған қоса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сарапшылары да бұл мәселені бірнеше рет көтерген.
Жемқорлар тізімі жарияланады
Сондай-ақ жемқорлықпен күрес агенттігі «жемқорлардың қоғамдық реестрін» жасауды жоспарлап отыр. Жоба авторларының сөзінше, бұл — профилактикалық құрал.
«Сыбайлас жемқорлардың жария тізімін енгізу. Бұл – профилактикалық құрал. Тізімге ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандарды енгізу көзделген. Мәліметтер тек заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде қосылады. Ал заңды күшіне енген ақтау үкімі және соттылықтың өтелуі тізімнен шығаруға негіз болады. Тізім агенттіктің сайтында орналастырылады», – деді Сарқұлов.
«Мүдделер қақтығысы» атты жаңа тарау енгізіледі
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енді «Мүдделер қақтығысы» туралы жаңа тарау енгізіледі. Тарауда мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшылары арасында мүдделер қақтығысы туындаған жағдайдағы жауапкершілігі көрсетілмек.
Мемлекеттік қызмет пен жауапты лауазымдардағы адамдар үшін мүдделер қақтығысын болдырмау және оны шешу үшін жасалған заңнамада егер мүдделер қақтығысы кезінде қандай да бір құжат (мысалы, бұйрық, келісімшарт, шарт) қабылданса, ол заңсыз деп саналады.
Заңнамаға тағы бір өзгеріс енгізілді. Сөзінше, алдағы уақытта мемлекеттік қызметке немесе жауапты жұмысқа үміткер азаматтар өздерінің жеке мүдделері туралы декларация толтыруы керек. Бұл олардың қызметтік мансабында мүдделер қақтығысы туындамауының алдын алады.
Заңсыз сыйақы беру де қылмыс
Заңсыз сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік 247-бапта қарастырылған. Бұл өзгерістер сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа 247-1-бап бойынша, тек пара алғандар ғана емес, заңсыз сыйақы бергендер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде пара алу фактілерін анықтау үшін арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу қарастырылып отыр. Осы мақсатта «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізілетін болады. Заңсыз сыйақы алу мен беру фактілері бойынша Ішкі істер министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен тең дәрежеде тергеу жүргізуге құқылы.
Сондай-ақ әкімшілік сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін полиция қызметкерлері жазаланады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі билік пен басшылықтағы жемқорлық әрекеттеріне талапты қатаңдатудан бөлек, экология саласындағы жемқорлықты жою бойынша да шаралар жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді.
Заң жобасы аясында үш кодекс пен бес заңға түзетулер, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізіледі. Жобаның басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.
Сурет: Ашық дереккөздерден