Тура бүгінге дейін 30 жыл бойы «Тәуелсіз ел болдық» деп тойлаумен келдік.
Әрі қарай тойлай беру, қоймай айта беру құлдық санадан арылмағанның комплексі тәрізді болады.
Желтоқсан көтерілісі тұсында туғандардың балалары бозбала болды. Ол екінші буын үшін тәуелсіз ел болу қалыпты жағдай. Енді бес жылда үшінші буын өмірге келе бастайды, бұйырса…
Идеологияны өзгертетін кез келді. Мықты патриотизм қалыптасты, әрі қарай тек сонымен айналыса берсе национализмге өтіп кететін түріміз бар. Әрі қарай хандар мен батырларымыздың ерлігімен мақтануды азайтып (қоя алмаспыз-ау), жұмыссыз жастардың шетелге көшін тоқтатып, экономиканы алға сүйрейтін нақты істермен айналысатын уақыт жетті. Жаһандану дәуірі бұрынғы ескі түсініктерден арылуды талап етеді. Кеңестік кезең келмеске кетті емес пе, аға буын?!
Ендігі дәуір – қарудың емес технологияның, даудың емес дипломатияның, күштің емес білімнің заманы.
БІЗ ТӘУЕЛСІЗДІК ДЕГЕНДЕ ШЕКАРАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҒАНА АЙТАМЫЗ. Ал жаһандану дәуірінде БАСҚА ДА ТӘУЕЛДІЛІК ҚАУПІ КӨП екенін – өндіріс пен технология, жасанды интеллект, сандық валюта, биологиялық қауіпсіздік, энергия көзі, ауыз су көзі де бір елді бір елге тәуелді ете алатынын көріп отырмыз. Саяси тәуелділік өз алдына.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында тоқталған мәселелер: цифрландыру мен автоматтандыру мамандарының жалақысын көтеру, агро салада технологияның әбден ескеруі, Индустрия 4.0, ІТ-секторды дамыту, елдің биологиялық қауіпсіздігі, өңірлердің қаржылық дербестігі, урбанизация, экология мәселесі, су тапшылығы мен су пайдалануды реттеу, есірткінің жастар арасында таралуына тосқауыл қою, жастарға армияда мамандық беру, қорғаныс саласын қайта қарау және сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болу деген тақырыптар – қоғамдағы ең маңызды мәселелер. Және бәрі де түптеп келгенде еліміздің тәуелсіздігіне тікелей қатысты мәселелер.
Тәуелсіздік – бізге берілген мәңгілік енші деп ешкім кепілдік бере алмайды. Ол үнемі күреспен сақталатын құндылық. Қазақстан өзге елге барлық жағынан тәуелсіз болуы үшін мықты болайық! Алауыздықты қойып, бір-бірімізді қолдайық!
Құрметпен, sarapshy.info-ның бас редакторы Нұрлыбек Рахманов