Киіктің ең басты проблемасы — бәрі айтып жүргендей саны емес, оған жеткілікті жағдай жасалмауы. Қарапайым жайылымы мен ішетін суын дұрыстап ұйымдастырып, реттеп бере алмай отырмыз.
Санын қалпына келтірдік, енді оның басты қажеттіліктерін реттемей, фермерлермен жерге тайталастырып қою дұрыс емес. Бұл — процесті ұйымдастыра алмау. Соның кесірінен киікке қоғамның көзқарасын өзгертіп, зиянкес етіп көрсете бастады. Жерді сауатсыз пайдаланып, тақырға айналдырғандарын киікке жабатын адамдар пайда болды. Киік — зиянкес емес, ол ғасырлар бойы ареалында жүр, өз территориясында жүр. Біз, адамдар, оған қысым көрсетіп жатқан.
Соның кесірінен «саны шектен асып кетті» деп біраз киікті қырды. Алғашқы жылдары заң, құжаты реттелмегесін атылған киіктің еті халыққа да шығарылмай, 70-80 пайызы утилизация жасалды. Обал болды. Оралда киік етін енді-енді консервілей бастады. Киік өндірісі (солай атауға келсе) енді реттеліп келе жатыр. Бірақ жұмбақ тұстары әлі де жетеді.
Қалай болғанда да киікті жойып алмай, оған ет деп қарамай, экожүйенің адам сияқты тең мүшесі деп қарауымыз керек.
Мәселені жете түсінбей аттандай берген дұрыс емес. Жалпы киіктің экологиясын дұрыс түсінгісі келетіндерге төменде біз түсірген «Киікстан» деректі фильмін көруге кеңес беремін.


