Төрт адамның өліміне күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев екі айға қамауға алынды, деп хабарлады Атырау қалалық мамандандырылған тергеу соты.
Сәрсемалиевке қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру» және 188-бабы «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Естеріңізге сала кетейік, 27 ақпанда Сұлтан Сәрсемалиев әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен Индонезияның Ломбок аралында ұсталды.
Жыл басында Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының 6 мүшесі жоғалғаны белгілі болды. 6 қаңтарда Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі өздері тұратын үйдің аумағынан табылды.
Сәрсемалиев экстрадициядан кейін Қарабалин әулетінің қызы мен ұлы Мирамгүл мен Наурызды да өлтіргенін мойындады. Ол мәйіттерді бұрын өзі жалдап тұрған Геолог ықшамауданындағы үйдің ауласына көмген.
фото: freepik.com

