Дональд Трамп Венесуэла президентін тұтқындау операциясын өте сәтті деп бағалады.
BBC ақпараты бойынша Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес уақытша мемлекет басшысы міндетін атқарады. Делси Родригес АҚШ басшылығына венесуэлалықтардың «соғыс емес, бейбітшілікке лайық» екенін айтты. Ол АҚШ үкіметін халықаралық құқық аясында ортақ даму үшін ынтымақтастық бағдарламасын бірлесіп әзірлеуге үндеді.
Дональд Трамп Делси Родригес оның шарттарына келіспесе, жазасы Мадуродан күшті болатынын ескертті.
Трамптың шұғыл шешімі әлемде кеңінен талқыланып жатыр. Әскери операция құрбандықсыз болмады. New York Times газетінің жазуынша жергілікті жерде 40 адам қаза болған. Оның ішінде бейбіт тұрғындар мен әскерилер бар.
АҚШ-тың барлау күштері Мадуроны тұтқындау үшін тыңғылықты дайындалған. Соның нәтижесінде жедел іс-қимыл 2 сағат 20 минутұа ғана созылды.
Венесуэла президенті мен оның жұбайы сотқа тартылады
Бүгін, 5 қаңтарда Нью-Йорктің федералды сотында Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты тыңдалым өтеді. Бұл туралы CNN агенттігі хабарлады.
Бұған дейін федералды сот Мадуроға және оның жұбайына «наркотерроризм», атап айтқанда кокаин экспортына қатысты төрт бап бойынша айып тақты.
Силия Флорес – заңгер, Венесуала саясаткері. Ол 2012 жылға дейін елдің бас прокуоры қызметін атқарған.
2018 жылы Канада және АҚШ Мадуроға және оған жақын адамдарға қарсы санкция салды.
Айта кетейік, 3 қаңтарға қараған түні АҚШ әскерлері Каракастағы әскери нысандарға соққы жасап, Николас Мадуро мен оның жұбайын Бруклиндегі тергеу изоляторына жеткізді.
АҚШ билігі Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп мойындамайды.
Мұнай нарығы
Венесуэла әлем елдерінің арасында мұнай қоры бойынша көш бастап тұр. Елдің меншігінде 303 баррель мұнай бар, бұл әлемдік көрсеткіштің 1/5 бөлігін құрайды.
Флорида штатында өткен баспасөз конференциясында АҚШ президенті америкалық мұнай компаниялары Венесуэлада әскери операциядан кейін қираған энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге миллиардтаған доллар инвестиция салатынын мәлімдеді.
Трамп АҚШ-тың мұнай нарығында кіммен және қандай шарттармен жұмыс істейтіні, инвестиция салынған жағдайда венесуэлалық мұнайдың кімге тиесілі болатыны туралы сұрақтарға жауап бермеді.
АҚШ соққысынан кейін Brent маркалы шикізаттың наурыз фьючерстерінің бағасы төмендеді. Бастапқыда баға 1,23%-ға төмендеп, барреліне 60 долларды құрады. Артынша құлдырау 0,33%-ға дейін баяулап, барреліне 60,6 долларға жетті. Бұл туралы мұнай бағасын көрсететін ICE биржасынан белгілі болды.
фото: REUTERS

