Каспий теңізін сақтау жаһан экологиясы үшін маңызды. Теңіз маңындағы мемлекеттердің арақатынасы біраз құжатпен реттелген. Бірақ әлі нақты істер атқарылуы керек екені жөнінде экологтар жиі мәселе көтереді. Каспий теңізін бес мемлекет пайдаланады: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран. Теңіздің жалпы жағалау сызығы шамамен 7 мың километрге жуық. Sarapshy.info сауалдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің докторанты Меруерт Шакирова жауап берді.
Каспий теңізі – ірі байланыс аймағы десек болады? Осыны халықаралық дәліз ретінде Қазақстан қалай пайдаланып отыр?
– Каспий теңізі қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайында Қазақстан үшін маңызды байланыс аймағы. 2022 жылдан кейін Транскаспий халықаралық көлік бағытына сұраныс өсіп жатыр. Мысалы, 2023 жылы ресми дереккөздерге сүйенсек, бұл бағытпен 3,7 млн тонна жүк тасымалданса, 2025 жылы бұл көрсеткіш кем дегенде екі еселенеді деп күтілуде. Сонымен қатар Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымы жаңартылуда. Каспийдегі флотты кеңейту мақсатында жаңа танкерлер мен жүк кемелері пайдалануға берілген. Бұл әрекеттер жүк тасымалының уақытын шегеріп, логистикалық тасымалдарды жеделтуге мүмкіндік беруде. Еуропа мен Азия арасындағы балама жолдарға сұраныс артуына байланысты, Қазақстан мұнайдың бір бөлігін Каспий теңізі арқылы Әзербайжан бағытымен тасымалдап, Орта дәліздің маңыздылығы одан әрі артты. Осы аталған себептерге байланысты Каспий теңізі Қазақстан үшін жай ғана су айдыны емес, әлемдік маңызы бар халықаралық логистикалық артерия.
Каспий теңізі бірнеше мемлекетке ортақ. Бүгінге дейін шекаралар белгіленді ме? Экономикалық тұрғыда Қазақстан қаншалықты өз мүддесін қорғап отыр? Әсіресе Ресейден қаншалықты тәуелсіз?
– Каспий бірнеше мемлекетке ортақ болғанымен, Қазақстан өз секторын 1998-2003 жылдары Ресей және Әзербайжанмен теңіз түбін бөлу туралы келісімдер арқылы делимитациялады. 2018 жылғы Ақтау конвенциясы Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындап, ұлттық секторларды екіжақты келісімдер арқылы бөлу қағидасын халықаралық деңгейде бекітті. Қазіргі таңда Ресейге тәуелділік әлі де болғанымен, оны азайту бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры бағытымен шамамен 1,4 млн тонна қазақстандық мұнай экспортталды. Сол жылы Транскаспий халықаралық дәлізімен жүк тасымалы 2,8 млн тоннаға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 80 пайыздан астам өсті. Және бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып жатыр. Каспий құбыры консорциумына шабуыл жасалғаннан кейін мұнай экспорты басқа балама жолдарды шұғыл түрде жүйелеу қажеттілігін тудырып отыр. Жалпы айтатын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан Каспийде құқықтық тұрғыда да, көлік-энергетикалық саясатта да өз дербестігін жылдан жылға күшейтіп келеді.
Каспий маңындағы елдер экология талаптарын қаншалықты сақтап отыр? Халықаралық конвенция, заң талаптары бойынша қалай жұмыс істеуде?
– Каспий маңындағы елдерде экология бойынша ортақ талаптар бар, бірақ оларды орындау деңгейі әртүрлі. Негізгі халықаралық құжат – 2003 жылғы Тегеран конвенциясы. Бұл құжат шеңберінде Каспийді қорғауға қатысты міндеттерді бекітеді, яғни ластануды азайту, биоәртүрлілікті сақтау, мұнай төгінділерін болдырмау, мониторинг жүргізу. Қағаз жүзінде барлық елдер осы конвенцияға қосылған, бірақ іс жүзінде сақталуы әркелкі. Айталық, Қазақстан мен Әзербайжан мониторингті күшейтіп, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп отыр, ал Ресей мен Иранда экологиялық бақылау баяу. Балық қорының, әсіресе бекіренің, айтарлықтай азайғаны бұл талаптардың толық орындалмай отырғанының нақты белгісі. Сонымен бірге, Каспийдің тартылуы мен теңіз деңгейінің төмендеуі елдерді экологиялық ынтымақтастықты күшейтуге мәжбүрлеп отыр. Қазіргі таңда нормативтік база бар, бірақ практикалық орындауда айтарлықтай олқылықтарды көріп отырмыз.
Каспий теңізінің проблемасы халықаралық ареналарда қозғалып жүр ме? Қаншалықты нәтиже бар?
– Кейінгі жылдары Каспийдің экологиялық проблемалары халықаралық деңгейде жиі көтеріліп жүр. 2022 жылдан бері БҰҰ, UNEP және Дүниежүзілік банк теңіз деңгейінің төмендеуін «аймақтық экологиялық дағдарыс» деп атады. Тегеран конвенциясы шеңберінде мұнай төгінділерін бақылау, биоәртүрлілікті сақтау және трансшекаралық экологиялық бағалау бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Толық шешімдер әлі жоқ, бірақ нәтижелер бар. Мысалы, бірлескен мониторинг жүйесі жаңарды, экологиялық есептер ашық бола бастады, ал Каспий тартылуы алғаш рет халықаралық климат күн тәртібінің бөлігіне айналды. Қорытындылай келе, Транскаспий халықаралық көлік бағыты табысты жұмыс атқару үшін Каспий теңізіндегі климаттық өзгерістер мен экологиялық мәселелерді назардан тыс қалдырмау керек.
Каспий төңірегінде елдер арасында мүдделер қақтығысы бар ма? Қандай дау-жанжалдар болды? Дипломатияға нұқсан келтіруі мүмкін қандай қауіп-қатер бар?
– Қазіргі таңда Каспий төңірегінде ашық қақтығыс жоқ, бірақ елдер арасында мүдделер қайшылығы бар. Әсіресе теңіз түбіндегі мұнай-газ кен орындары, балық қоры және транзит бағыттары бойынша бәсекелестік байқалады. Тарихта Әзербайжан мен Түрікменстан арасында «Кяпаз/Сердар» кен орны бойынша дау болды, Иран бірнеше рет Әзербайжан кемелеріне ескерту жасаған жағдайлар кездескен. Ал Ресей Каспийдегі ең үлкен әскери флотқа ие, бұл өңірлік теңгерімге өз ықпалын тигізеді. Қазір негізгі қауіптер – теңіз деңгейінің төмендеуі, ресурстардың азаюы және Транскаспий дәлізіне қатысты геосаяси тартыс. Егер экология, транзит және энергетика мәселелерінде ортақ ұстаным қалыптаспаса, бұл дипломатиялық шиеленіс тудыруы мүмкін. Яғни Каспий маңындағы елдер арасында белгілі бір мүдде қайшылықтары толықтай жоқ деуге болмас, бірақ оларды тараптар дипломатиялық арнадан шығармай келіссөз арқылы реттеп келеді.

