Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Сәрсенбі, 8 шілде
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Біздің сараптама»БҚО-ның экологиялық картасы: жеті жылда бірде-бір қалдық полигоны салынбаған
Нұртай Текебаев Біздің сараптама 30/01/2026

БҚО-ның экологиялық картасы: жеті жылда бірде-бір қалдық полигоны салынбаған

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Батыс Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жол картасына енген кейбір маңызды жобалар іске аспады. Бұл жөнінде облыстық экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев хабарлады.

БҚО-ның экологиялық картасын облыс әкімдігі 2020 жылы бекіткен.

Жол картасында мына жобалар жүзеге аспады:
  • Орал және Ақсай қалаларында ҚТҚ (қатты тұрмыстық қалдықтар) жаңа полигондарын салу, ҚТҚ ескі полигондарын рекультивациялау (8-тармақ);
  • Ақсай қаласының кәріз-тазарту құрылысын толық реконструкциялау (15-тармақ);
  • «Батыс Су Арнасы» ЖШС айналымды сумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын салу (17-тармақ).

«Экологиялық кодекстің 29-бабына сәйкес әр облыста жергілікті атқарушы орган қоршаған ортаны қорғауға арналған үш жылдық жоспарын әзірлейді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Батыс Қазақстан облысында 2022-2024 жылдары қоршаған ортаны қорғау іс-шараларының орындалуын және 2025-2027 жылдарға арналған жаңа жоспарды талдап, соның нәтижелері бойынша облыс әкіміне хат  жолдады.

Талдау қорытындысы бағдарламалық құжаттар және Экологиялық кодекстің талаптарына сай негізгі табиғатты қорғау іс-шараларының жүйелі түрде орындалмай отырғанын көрсетеді», — деді департамент басшысы.

2022-2024 жылдары облыстық бюджеттен бөлінген 23,9 млрд теңгеге 51 іс-шара жүзеге асыру жоспарланған. Бірақ жоспардың 54,8% орындалды, яғни 13,1 млрд теңгеге 23 жоба жүзеге асты.

Соның салдарынан өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін стратегиялық маңызы жобалар іске қосылмады:

  • БҚО бойынша қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу;
  • Орал және Аксай қалаларында тұрмыстық қатты қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын салу;
  •  Чапаев ауылында қалдықтар полигонын салу.

Департамент басшысының айтуынша, алдыңғы кезеңнен (2022-2024) ысырылған жобалар облыс әкімдігінің келесі  жоспарына енген:

  • Экологиялық кодекстің 205-бабына сәйкес Орал мен Ақсай қалалары бойынша шекті-рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық томының жобасын әзірлеу;
  • Казталовка және Фурманов ауылдарында  ТҚҚ полигондарын салу;
  • Заңсыз қоқыс орындарын және бұрыннан ластанған жерді жою.

 «Алайда соңғы төрт жылдағы, оның ішінде 2025 жылғы нақты көрсеткіштер жергілікті атқарушы орган тарапынан  жүйелі жұмыстың және тиісінше бақылаудың жоқ екенін айқын көрсетеді.

Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – Чапаев, Казталовка және Фурманов ауылдарында ТҚҚ полигондарын салу жобалары бойынша көптеген жылдар бойы ілгерілеудің болмауы.

Аталған жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленгеніне қарамастан, олардың жалпы құны 1 млрд теңгеден аспағанымен, бүгінгі күнге дейін іске асырылмаған.  Соның салдарынан жеті жылда облыс аумағында бірде-бір жаңа ТҚҚ полигоны пайдалануға берілмеген», — деп мәлімдеді Мұрат Ермекқалиев.

Әкім орынбасарлары айыппұл төледі

2025 жылда ғарыштық мониторинг деректері бойынша облыс аумағында 183 заңсыз қоқыс орны анықталды:

  • Бәйтерек ауданы – 90;
  • Бөрлі ауданы – 35;
  • Орал қаласы – 31;
  • Теректі ауданы – 27.

Қоқыс орындарының 154-і (85 %) жойылған.

Оқыңыз: Орал полигоны 95%-ға толды. Енді қоқысты қайда жібереді?

Облыстың табиғат қорғау прокурорының ұсынысы бойынша заңсыз қоқыс орындарын уақтылы тазартпағаны үшін Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандары мен Орал қаласы әкімдерінің орынбасарлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 344-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төледы.

Қоқыс полигондары заңдастырылмай келеді

Белсенді азамат Дәуренбек Сахым құрылыс саласына қарағанда экологиялық нысандарды заңдастыру ұзақ уақыт алатынын айтты. Құжаттар жасауда жеделдік жетіспейді. Сондықтан полигондарды инвесторға беру мәселесі ақсап тұр. Кәсіпкерлер бұл салада бизнес жоба жаса жасауға құлықсыз.

«Құжат бойынша барлық ауылдағы полигондар заңсыз. Бірақ барлығы да жұмыс істеп тұр. Кейбір әкімдер жер актісін полигонның құжаты деп көрсетеді. Тағы бір қызығы, қала полигоны салық төлеп отыр. Ал қағаз жүзінде ауылдарда қоқыс алаңдары жоқ, соған сәйкес елді мекендерде салық түсімі бюджетке түсіп жатқан жоқ», — деді Дәуренбек Сахым.

Экологтың айтуынша, полигон өзін-өзі қаржымен қамтитын нысанға айналуы керек. Яғни ауылдардағы қоқыс алаңдарын заңдастырып, кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беру керек. Ең болмаса аудан орталықтарында қалдықты көму, өңдеу мәселесін жолға қою қажет. Қоқыс сұрыптайдындарға субсидия бөлу маңызды.

Экожүйе тыс қалуда

2022-2024 жылдары облыстың табиғат пайдаланушыларынан жергілікті бюджетке 5,6 млрд теңге, ал 2025 жылы 5 млрд теңге — барлығы 10,6 млрд теңге түскен.

Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексі 29-бабының 7-тармағына сәйкес қоршаған ортаға эмиссия үшін түсетін барлық төлем тек табиғатты қорғау іс-шараларына мақсатты түрде бағытталуға тиіс.

Осыған қарамастан облыс бойынша министрліктің стратегиялық жоспарында көзделген шығарындылар, төгінділер және қалдықтармен жұмыс істеу бағыттарындағы бірде-бір іс-шара аталған кезеңде жүзеге асырылмаған.

Экологиялық кодекстің 37-бабының талаптарына сәйкес міндетті болып табылатын БҚО бойынша қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы әлі әзірленбеген.

Жобаны әзірлеуді мердігер ұйым былтыр ғана бастаған. Құжатты дайындауды 2026 жылы аяқтауы тиіс. Ол кезде жаңа Экологиялық кодекстің күшіне енгеніне бес жыл толады.

«Ауылдық елді мекендердің көбінде  қоқыс орындары қоршалмаған, бұл қоқыс-қалдықтардың бейберекет шашылуына себеп болып отыр.  Сарқынды су тазартылмай табиғи ойпаттарға және су айдындарына төгіледі.

БҚО бойынша тізімге енгізілген 14 заңсыз қоқыс орны мен лас учаске қаржыландырудың болмауына байланысты дер кезінде жойылмай отыр.

Эмиссия ретінде түсетін және дәл осындай мәселелерді шешуге арналған 10,6 млрд теңге қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуы – заң талаптарының бұзылуына және өңірдің экологиялық жағдайының одан әрі нашарлауына әсер етеді», — деді Мұрат Шымғалиұлы.

Минстрліктің талдауы бойынша жергілікті бюджет қаражаты көбінесе шаруашылық мәселелеріне бағытталады. Әсіресе Су ресурстары және ирригация министрлігі қадағалайтын жобалар (бөгеттер салу, арналарды реконструкциялау, өзен арналарын кеңейту және т. б.) қаржыландырылады. Ал экологиялық жобалар назардан тыс қалып жатыр.

«Экология және табиғи ресурстар министрлігінің стратегиялық жоспарында көзделген іс-шаралар, атап айтқанда қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және тағы басқа жобалар іске асырылмайды», — деді мекеме басшысы.

Ауаға таралатын улы заттар көлемі көбейді

Облыста атмосфералық ауада ластаушы заттар шығарындыларының көлемі көбейді. Ресми дерек бойынша 2025 жылы шамамен 84,04 мың тоннаны шығарындылар ауаға тараған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда екі есе артық (40,69 мың тонна).

Шығарындылардың өсуі (+43,35 мың тонна немесе 106,5%) негізінен 2-санаттағы кәсіпорынға байланысты. «Орал» магистральдық газ құбырлары басқармасының магистральдық құбырларды жөндеу жұмысының жүргізуіне байланысты +41,34 мың тонна зиянды зат ауаға тараған.

БҚО-да атмосфералық ауаға таралатын барлық зиянды заттың шығарындыларының 72,45%-ы (60,88 мың тонна) мұнай-газ  кәсіпорындарына тиесілі:

  • «ҚПО б.в.» — 7,56%,
  • «Жайықмұнай» ЖШС — 4,6%,
  • «Конденсат» АҚ — 2,7%,
  • «Орал»  МГҚБ — 57,61%.

«1-санаттағы кәсіпорындарға 19,1 мың тонна (2024 – 17,8 мың тонна) тиесілі, яғни 1,3 мың тоннаға шамалы өскен. 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында атмосфераның жоғары ластануы және экстремалды-жоғары ластану фактілері тіркелген жоқ», — деді экология департаментінің басшысы.

Былтыр облыс кәсіпорындары бойынша ластаушы заттар төгінділерінің нақты көлемі 81,06 мың тоннаны (нормативтік 133,07 мың тонна) құрады. Оның 9 мың тоннасына жуығы – коммуналдық кәсіпорындардың жер үсті объектілеріне ағынды сумен бірге жіберетін ластаушы заттардың төгінділері («Батыс су арнасы», «Ақсайжылуқуат» және «Жайықжылуқуат»), 72 мың тоннасы – жерасты қабатына ағынды сумен бірге сіңетін ластаушы заттар (ҚПО және «Жайықмұнай»).

 2025 жылы көмілген қалдықтардың көлемі — 134,62 мың тонна. 2024 жылмен салыстырғанда оның көлемі 3,42 мың тоннаға аз (138,04 мың тонна). Жалпы нақты көлемнің 73,12 мың тоннасы (54,3%) — Орал қаласының, 8,6 мың тоннасы (6,4%) — Ақсай қаласының полигондарына, 27,8 мың тоннасы (20,7%) — «ҚПО б.в.», 2,5 мың тоннасы (1,8%)  — «ЖайықТазаҚала» ЖШС-ның алаңдарына, 22,6 мың тоннасы (16,8%) ауылдардағы қоқыс орындарына көмілген.

«Ірі кәсіпорындар эмиссия төлеп отырмын, сонымен барлық жұмыс аяқталды деп есептейді. Ауаға зиянды шығарындылар тарады ма, соның зардабын өтеуі керек. Осы жерде қоғам болып эмиссияның нақты мақсатқа жұмсалуын қадағалауымыз қажет», — деді эколог Дәуренбек Сахым.

Бұлдыртыны сақтап қалу үшін бұлақ көзін ашу қажет

Қоғам белсенділерінің бірі Талғат Досмағамбетов экология саласында мәселе жеткілікті деп есептейді.

«Бұлдырты өзені мәселесін жиі көтеріп жүрмін. Шыңғырлау ауданында Қарағаш деген ауыл бар. Сол жердегі Сарқырама мүйісінен бастау алатын бұлақ арнасын тазарту керек деп санаймын. Осы бұлақтың Бұлдыртыға құятын тұсын аршу қажет. Осы түйткіл жөнінде облыстың бұрынғы әкімі Ғали Есқалиевке де, қазіргі басшысы Нариман Төреғалиевке де айттым. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов те, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев те хабардар. Сарқырама суы жан-жағындағы атырапқа сіңіп жатыр. Соның салдарынан Бұлдырты кеуіп қалудың аз-ақ алдында тұр», — деді Талғат Досмағамбетов.

Фотоколлаж: ЖИ-генератор
  Зашаған кенті түтіннен зардап шегіп отыр

Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны әбден ескірген. 1975 жылы салынған полигонды қолдану мерзімі өтіп кетті. Мұнда 1,8 млн текше метрден астам қоқыс-қалдық бар.

Кейде мердігер компания жазғы мезгілде полигондағы қоқысты өртейді. Соның салдарынан қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі Зашаған кентінің тұрғындары көк түтін кесірінен демалу қиын болатынын айтып, қала әкімдігіне жиі шағымданады.

«Қазіргі уақытта Ақжайық шағынауданы салынып жатқаны мәлім. Оған қарайған халық көшіп жатыр. Мыңдаған адам сонда барып қоныстанады. Сонда полигон мәселесі тіпті ушыға түседі. Ақжайықтан шығатын тұрмыстық қалдықтарды қайда тасымалдайды? Сол ескі полигонға төгеді.

Жаңа шағынауданда облыстық көпбейінді кардиологиялық орталық салынады. Ал оған жүрек-қантамыр ауырына шалдыққан науқастар келеді. Жергілікті тұрғындарға да оңай емес. Сондықтан қоқыс алаңының зардабы өте орасан болайын деп тұр.

Сондықтан алдағы жазда осы күрмеулі түйткілді шешуге жіті көңіл бөлу керек. Қаланың бас жоспарын талқылаған кезде әкімдік өкілдері полигонды Бәйтерек ауданының Белес ауылына көшіруді жоспарлап отырғанын айтты. Бірақ әлі күнге шенеуніктер қайта-қайта «қаржы жоқ» деген жауаппен шектеліп отыр», — деді Талғат Досмағамбетов.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір полигондар жобасы қымбатқа шығатынын айтты. Үлкен қоқыс алаңын салуға кемінде бірнеше млрд теңге керек. Жобалық-сметалық құжаттаманың өзін әзірлеуге жоба қаражатының 40 пайыздайы жұмсалады. Қоғам белсендісінің пікірінше, ауыл, аудан, қала деңгейінде полигон құрылысына арналған стандарттарды енгізу қажет. Ол үшін заңнамалық құжаттарды өзгерткен дұрыс.

«Полигонды әдейі өртейді деп ойламаймын. Мәселен 100 тонна қалдықтың 8-10 тоннасын өртеу арқылы орын босатып жатыр. Қоқыс-қалдық сыймайды. Компания басшысы осылай істеуге мәжбүр болып отырған болуы керек», — деді Нұрлан Сәдір.

Билік үшін экология соңғы сатыда

Инвестиция мәселесі бойынша сарапшы Бауыржан Биахмет бюджет қаражатына экологиялық жобаларды жүзеге асыру тиімсіз деп санайды. Оның пікірінше, мемлекет жүйе қалыптастыру, іс-қимылды үйлестіру қызметін атқаруы керек. Негізінен жобалар үкіметтік емес ұйымдар, мұнайгаз компаниялары есебінен жүргізілуі қажет.

«Билік экологияны ең соңғы сатыда қарастырады. Қаражат бөлгенде қалдық принципіне сүйенеді. Ең алдымен қауіпсіздік саласын, жол жобаларын қаржыландырады. Ақшаның аз бөлігін экология саласына бағыттайды. Меніңше, облыс  әкімдігі де осындай ұстанымға арқа сүйеп отырған болуы керек»,  – деді эксперт.

Бауыржан Биахметтің айтуынша, облыс әкімдері билік тізгінін қолға ұстағаннан кейін көбіне экономикалық көрсеткіштерге көңіл бөледі. Президент пен үкімет басшысына, министрлерге есеп бергенде нақты сектордағы атқарылған жұмысты баяндайды. Әкімдер қысқа мерзімде экономика салаларын дамытуға ұмтылады. Осыдан-ақ экология секторы назардан тыс қала беретіні түсінікті.

Сарапшының айтуынша, сұрыптау мәселесі оң шешімін таппай тұр. Тұрмыстық қалдықтардың 20%-ы ғана сұрыптауға, қайта өңдеуге жарамды болып келеді. Мемлекеттің қоқыс сұрыптауға арналған инфрақұрылымды салуға қауқары жоқ. Жеткілікті деңгейде қаражат бөлінбегесін, инвесторлардың да қызығушылығы төмен.

«Ұлыбританияда қоқыс тасымалдайтын компанияларға қалдықтың бір тоннасына 200 фунт стерлинг қаражат бөледі. Еуропаның басқа елдерінде де солай. Қазақстан жеке бизнеске субсидия бермейді. Осы себепті жуық арада қалдық көметін орындарды жаңғырту, қоқысты қайта өңдеу мәселесі түбегейлі шешіле қоймайды», — деді Бауыржан Биахмет.

Мәселенің бір ұшығы қоқыс-қалдық тарифіне тіреледі. Ал тарифті өсіру халықтың қалтасына соғады. Бұл ретте бизнес оңалып кеткенше кәсіпкерлерге салық жеңілдігін ұсынуға болады. Қоқыс-қалдыққа шикізат ретінде қарап, сұрыптау мәдениетін қалыптастыру қажет. Қалдықты өңдейтін нысандарға шикізаттың неғұрлым іріктелген күйінде жеткізілгені оңтайлы.

«Жылына 2-3 мың тонна қалдықты өңдеу инвесторға тиімсіз. Оған қаражат құймайды. Жеткілікті ресурс қалыптастыру үшін қала болып қоқысты мейлінше іріктеп, қағаз, пластик, металл бұйымдарға бөлек-бөлек жинаған жөн.

Заңдарды біртіндеп өзгертіп, адамдардың санасын сұрыптау мәдениетіне бейімдеу керек. Мол шикізат жеткізілсе, инвестор да үлкен өндіріс ошағын аша алады», — деді Бауыржан Биахмет.

фото: pixabay

Автор

  • Нұртай Текебаев

    Нұртай Текебаев - 2013-2015 жылдары аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі, 2015 жылдан бастап облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» газеті редакциясының тілшісі, арнаулы тілшісі, бөлім басшысы, бас редактордың орынбасары, республикалық kursiv.media, durbi.kz сайттарының тілшісі болды.
    2021-2023 жылдары «Sarapshy.info» сараптамалық ақпараттық агентігінің шеф-редакторы, 2024 жылдан бас редакторы қызметін атқарады.

    Барлығын қарау
Ауыл шаруашылығы министрлігі Басты ақпарат Бауыржан Биахмет БҚО БҚО әкімдігі Дәуренбек Сахым жоба Заңсыз қоқыс полигондары Зиянды қалдықтар кәсіпорын Қалдықтарды басқару саласы қатты тұрмыстық қалдықтар Қоқыс полигондары ҚТҚ Медициналық қалдық Нұрлан Сәдір өңдеу сарапшы инфо сарапшы пікірі Талғат Досмағамбетов Хаттар мен құжаттар экология Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экология кодексі Экологиялық бақылау Экологиялық кодекс
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Біздің сараптама

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

24/06/2026
жаңалық

БҚО-да жоғалған балалар саны екі есе артты

31/05/2026
Біздің сараптама

Қазақстан авиациядағы кадр тапшылығын қалай шешпек?

12/05/2026

Жаңа мақалалар

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

Біздің сараптама 24/06/2026

БҚО-да жоғалған балалар саны екі есе артты

жаңалық 31/05/2026

Қазақстанда амнистия аясында 17 млрд теңге айыппұл кешірілуі мүмкін

жаңалық 30/05/2026

Қазақстан авиациядағы кадр тапшылығын қалай шешпек?

Біздің сараптама 12/05/2026

БҚО-да жүрек ауруына шалдыққандар саны 4000-нан асты

жаңалық 09/04/2026
Сайт мұрағаты
Шілде 2026
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  
« Мау    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

Агрессор психологиясы және Қазақстандағы оңалту жүйесінің олқылықтары

24/06/2026

БҚО-да жоғалған балалар саны екі есе артты

31/05/2026

Қазақстанда амнистия аясында 17 млрд теңге айыппұл кешірілуі мүмкін

30/05/2026

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2026 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.