Елде атаулы әлеуметтік көмекті проактивті түрде тағайындау кезінде жасанды интеллектіні қолдану жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Еңбек министрлігінің дерегінше, қазір әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді цифрландыру бойынша, оның ішінде ЖИ енгізу бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Бүгінгі таңда біз жасанды интеллектіні Random Forest Classifier моделінің көмегімен «оқытып» жатырмыз. Бұл – тағайындау кезінде шешім қабылдауға әсер ететін көптеген факторларды біріктіру арқылы неғұрлым дәл және тұрақты нәтижелер алуға мүмкіндік беретін ең тиімді машиналық оқыту алгоритмдерінің бірі. Осылайша, АӘК алуға құқығы бар адамдар автоматты түрде анықталатын болады. Қазіргі уақытта модель кешенді валидациядан өтті, дәлдік деңгейі 90%-дан асты, бұл оның енгізуге дайын екенін көрсетеді», – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин.
Алдағы уақытта бұл технология АӘК-ке жаңа өтінімдерді қарау үшін пилоттық режимде іске қосылады. Пилоттық кезең барысында ЖИ моделінің шешімдеріне қатысты статистика жиналады.
Белгілі болғаны, жобаның алғашқы кезеңінде ЖИ қабылдаған шешімдер жергілікті атқарушы органдар үшін ұсынымдық сипатта болады. Кейіннен оларды шешім қабылдаудың бір өлшем шарттарының бірі ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.
«Жобаның екінші кезеңі «компьютерлік көру» технологиясын қолдану арқылы модельдің мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Бұл кезеңде өтінімдер шеңберінде ұсынылатын фото және бейнематериалдар сияқты визуалды деректерді талдау қарастырылған. Бұл тек мәтіндік ақпаратты ғана емес, сонымен қатар отбасының әл-ауқат деңгейі мен тұрмыс жағдайларын неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік беретін визуалды белгілерді де ескеруге жол ашады. Жаңа деректер модельді қосымша оқыту үшін пайдаланылады, бұл өз кезегінде шешімдердің дәлдігін арттыруға бағытталған», — делінген министрлік хабарламасында.
Ал жобаның үшінші кезеңі жан-жақты талдау негізінде отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығаруға бағытталған егжей-тегжейлі жоспарды ұсынуды көздейді. Бұл жоспар өңірлік, аудандық және нақты отбасы деңгейінде әзірленетін болады.
Биылғы 1 тамыздағы есепке сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмек 48,3 мың отбасындағы 259,7 мың адамға 18,6 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл АӘК үшін бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған.
Бұған дейін алименттен жалтарғандарды жасанды интеллектпен іздейтінін жазған едік. Алимент төлеуден қашып жүрген борышкерлерді табу үшін жасанды интеллект элементтері бар бетті тану жүйесі пайдаланылады. Сонымен қатар жоба сот орындаушылардың құзырында жоқ ақпаратты алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Әділет министрлігі шығармашылық иелерінің авторлық құқықтарын жасанды интеллект көмегімен қорғамақшы. Жаңа цифрлық жүйе авторларға Instagram және басқа да Meta платформаларынан қаламақы алуға мүмкіндік береді.
Жуырда Қазақстанда жасанды интеллект министрлігі құрылады. Президент Қазақстанның үш жыл ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек екендігін айтты.
Ал әлемде ЖИ-ді министр етіп тағайындаған ел пайда болды. Албания министр қызметіне жасанды интеллектті тағайындаған әлемдегі алғашқы ел атанды. Мемлекеттік сатып алуларды қадағалайтын жасанды интеллект-министр «Diella» деп аталады. ЖИ қазірдің өзінде жұмысын бастап кеткен.
Фото: Pexels.com

