«Ануш Құрылыс» – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Оганнес Минасянға тиесілі компания. ЖШС тапсырыс берушімен 2025 жылдың басынан бері жалпы құны 8,3 миллиард теңгені құрайтын 11 келісімшарт жасасқан.
2025 жылдың шілде айында Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев БҚО-ға іссапары кезінде Чапай-Жаңақала бағытындағы жөндеу жұмыстарының жай-күйін сынға алды. Оның айтуынша, бұл жолмен жүру жүргізушілер үшін үлкен қауіп төндіреді.
Чапай-Жаңақала-Сайқын жолын жөндеу туралы келісім 2024 жылдың сәуірінде құрылған. Бұл құрылыс жұмысына бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлінді.
Осы оқиғадан кейін құрылыс жұмысының қалай жалғасатыны белгісіз еді. Бұл сұраққа БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев жауап берді.
«Чапай-Жаңақала жолын жөндеуге тендер ұтып алған «Ануш Құрылыс» компаниясы өз міндеттерін дер кезінде орындамады. Осы себептен оларға сот арқылы айыппұл салынды. Компания айыппұлды толық өтеп шықты. Келісім бойынша жоба екі жылда аяқталуы тиіс еді, биыл бұл құрылыс жұмысына бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Қазір қалған 500 млн теңгеге 12 шақырым жолды жөндеп жатырмыз. Алдағы уақытта бюджеттік комисссия мен облыстық мәслихат Чапай-Жаңақала жол құрылысын аяқтауға қосымша қаражат бөлу туралы жиналыс өткізбек», — деді басшы.
19 шілде Чапай-Жаңақала жолында жұмыс істеп жүрген «Ануш Құрылыс» компаниясының екі қызметкерін төрт адам соққыға жықты. Оқиға салдарынан Гаруш Балаян мен Арслан Бисалиев ауруханаға түсті.
БҚО әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, «Ануш құрылыстың» жарақат алған қызметкерлері туралы іс полиция департаментінің қарауына алынған.
фото: freepik.com

