Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заңға қол қойды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады. Қоғам белсенділері мен халықаралық ұйымдар аталмыш заң жобасын сынға алып отыр.
Human Rights Watch және өзге 10 халықаралық ұйымның бірлескен мәлімдемесінде «сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарын шектеу қоғамға қауіп төндіреді» делінген. Олар Жапаровты заң жобасына вето қоюға және оны қайта қарау үшін парламентке жолдауға шақырды.
Жаңа заң барлық интернет-платформаларды БАҚ ретінде тіркеуге міндеттейді және шетелдік азаматтар мен компаниялардың жергілікті медиадағы үлесін 35%-дан асырмауды талап етеді.
Журналистер бұл талаптар тәуелсіз медиа үшін қауіп төндіреді деп алаңдаулы. Заңға сәйкес, блогтар, Telegram-арналар мен YouTube-подкастар да әділет министрлігінде тіркеуден өтуі мүмкін.
Жаңа заң Қырғызстанда сөз еркіндігі шектеле бастаған кезеңде қабылданды. Биыл ел 2024 жылғы 120-орыннан 144-орынға сырғып, «Шекарасыз тілшілер» ұйымының баспасөз еркіндігі индексінде 24 сатыға төмендеді. Соңғы жылдары билік тәуелсіз журналистерге қарсы қылмыстық істер қозғап, Temirov LIVE пен Kloop жобаларының өкілдерін жауапкершілікке тартқан.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 26 қыркүйегінде Бішкекте «Айт, Айт десе», «Temirov LIVE», «ПолитКлиника» және «Арча Медиа» жобаларының журналистеріне қатысты өтіп жатқан сот отырысында прокурор оларды алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
фото: mvd.gov.kg

