Бүгін, 30 қаңтарда Вашингтондағы Рональд Рейган атындағы әуежай маңында әскери тікұшақ жолаушылар ұшағымен соқтығысқан. Салдарынан бортында 64 адам болған (60 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі) жолаушылар лайнері Потомак өзеніне құлаған.
CBS телеарнасы полицияға сілтеме жасап, қазіргі таңда өзеннен 18 адамның денесі шығарылғанын хабарлады.
Пентагонның мәліметінше, апатқа ұшыраған Black Hawk әскери тікұшағы Вашингтоннан 40 шақырым қашықтықта орналасқан базаға бара жатқан.
Sarapshy.info екі ай ішінде болған Қазақстан мен басқа елдердегі ұшақтың төтенше қонуына байланысты оқиғаларды назарларыңызға ұсынады.
2024 жылы
22 желоқсан күні Бразилияда қайғылы оқиға болды. Piper PA-42-1000 Cheyenne 400LS жеке ұшағы қала ортасына құлады. Бизнесмен Луис Клаудио Галеацци отбасымен түгел қаза тапты. Қонақүй мен дүкендер қирап, 10-нан астам адам ауруханаға жатқызылды.
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында жолаушылар ұшағы құлаған еді. Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Баку-Грозный № J2-8243 рейсін орындаған кезде Ақтау қаласынан 3 шақырым қашықтықта құлаған. Ұшақтың бортында 67 жолаушы, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды. 67 адамның 38-і қаза тапты, 29-ы Ақтаудағы ауруханаға жеткізілді. Әуе кемесінде Қазақстанның 6 азаматы болды, оның біреуі — бала. Қазақстан азаматтарының барлығы да қаза тапты.
29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Муан халықаралық әуежайында Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 181 адам болған: 175 жолаушы және 6 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 179 адам қаза тауып, тек бір жолаушы мен бір экипаж мүшесі аман қалды.
2024 жылы 29 желтоқсан Uzbekistan Airways әуе компаниясының ұшағы «Внуково» әуежайына төтенше жағдайда қонды. Ұшақ Ташкенттен Франкфуртқа бағыт алған болатын. Әуе кемесі Мәскеудегі әуежайға жолаушының денсаулығы нашарлауына байланысты жіберілген. Компанияның мәліметінше, оған шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Хабарламада ұшақтың «Франкфуртқа ұшудың мүмкін еместігіне» байланысты Ташкентке оралатыны айтылған.
2024 жылы 30 желтоқсанда «Аэрофлот» әуе компаниясының Ферғана – Мәскеу бағытындағы рейсі Ташкенттің халықаралық әуежайына шұғыл қонды.
Ресейдің «Аэрофлот» әуе компаниясының SU1971 рейсі Ферғана – Мәскеу бағыты бойынша ұшып бара жатқан. Бұған жолаушылардың бірінің денсаулығы нашарлауы себеп болған.
Қонғаннан кейін 70 жастағы жолаушы Ташкенттегі медициналық мекемелердің біріне ауруханаға жатқызылған.
2025 жылы
2025 жылы 8 қаңтар күні Air Astana әуе компаниясының Алматы – Анталья бағыты бойынша КС915 рейсі Ақтау қаласының әуежайында қонуға мәжбүр болды.
Air Astana мәліметі бойынша Airbus A321 ұшағы Алматыдан жергілікті уақыт бойынша сағат 08:35-те ұшқан, бірақ орталық бактың жанармай жүйесіндегі қорғаушы клапаныннан ақау шыққан соң, экипаж Ақтауға қонуға шешім қабылдаған. Ұшақта зардап шеккендер жоқ, рейс 9 қаңтарға ауыстырылған.
Ал 7 қаңтар күні Санкт-Петербургтен Самарқанға ұшып бара жатқан UTair жолаушылар ұшағы Мәскеуге төтенше жағдайда қонды. Ұшақ Внуково әуежайына келген.
Компания оң жақ қозғалтқыштың стабилизаторынан ақау табылды деп мәлімдеді. Boeing 737 ұшағында 173 жолаушы болған.
4 қаңтар күні Airbus A-321 ұшағы Египеттің Шарм-эш-Шейх әуежайынан Екатеринбургке ұшып бара жатып, қайтадан Шарм-эш-Шейх әуежайына оралуына тура келді.
Экипаж ұшақтағы қозғалтқыштың дабыл сигналын естігеннен кейін осындай шешім қабылдаған. Бортта 236 жолаушы болды. Ұшақ «Уральские авиалинии» компаниясына тиесілі.
26 қаңтарда Оралдан Астанаға ұшқан FS 7366 рейсі бойынша FlyArystan ұшағына құстар соғылды. Air Astana әуекомпаниясының хабарлауынша, ұшақтағы жүйе мен қозғалтқыштардa ауытқу болмағандықтан экипаж ұшуды жалғастырып, Астана қаласының әуежайына штаттық режимде қонған.
Сурет: REUTERS/Carlos Barria