Антикор Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысының қылмысын әшкереледі. Департамент басшысына жер учаскелері сатылған кезде 750 млн теңгеден астам қаражатты жымқыруға жол берді деген айып тағылды. Оған Қарасай ауданындағы мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері көмектескен.
Шенеунік мемлекетке 1 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Департамент басшысы жылжымалы және жылжымайтын мүлікті заңдастыру арқылы ақшаны жасырмақ болған.
«Бүгін күдікті ҚПК-нің 128-бабы негізінде Іле ауданының полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына ұсталып, қамауға алынды», – деп хабарлады Антикор.
2 маусымда Қарағанды облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Д. Хамзин және осы департаменттің Қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы К. Қашқынбаев сотталды. Хамзин 1 миллион теңге көлемінде пара алған. Оған қоса Қашқынбаев екеуі сыбайластарын жалған құжат арқылы жұмысқа орналастырып, 25 миллион теңге жымқырған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады. Күдікті мемлекеттік актілерді қолдан жасағаны үшін 1 млн теңге пара алған.