Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.
«Қаржаубай Нұрымовтың үйінде болған өрт фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсетуге байланысты іс жүргізу әрекеттерін орындауға байланысты) тоқтатылды», — делінген прокуратура жауабында.
Айта кетелік, бұған дейін Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін қозғалған іс тоқтатылған еді.
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысының Талғар ауданында төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмды.
Кейін марқұмның ата-анасы тұратын үй өртеніп, полиция күзетті күшейткен еді. Желтоқсан айында Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
2025 жылы 5 маусымда бұл іс бойынша сот үкімі шығып, тоғыз адам бас бостандығынан айырылды. Бас айыпталушы Абзал Шынасыл ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру), 293-бабы (Бұзақылық) және 24-бабы (Қылмысқа дайындалу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шілде айында Шерзат Полаттың ісі бойынша айыпталғандардың бірі – 16 жастағы Думан Ысқақ бостандыққа шықты. Ол тергеу абақтысында алты ай отырды. Заңнамаға сәйкес, тергеу изоляторының алты айы түрмедегі бір жылмен парапар. Сәйкесінше ол соттың бірінші инстанциясы тағайындаған 1 жыл 6 ай мерзімді толығымен өтеп шықты.
Аталған іс бойынша аппеляциялық сот отырысы 18 тамызға тағайындалды.
Фото: ҚР Жоғарғы соты

