16 жастағы Шерзат Болаттың кісі қолынан қаза тапқанына бүгін тура бір ай болды. Осы уақыт аралығында жасөспірімнің өліміне қатысты қандай деректер анықталды, отбасы жағдайы мен тергеу дәлелдері нені байқатты?
Еске салай кетейік, 4 қазан түнгі сағат 22:00 шамасында Алматы облысы Талғар ауданындағы «Қамажай» дүкеніне келген жігіттер бір бөтелке сыраның ақшасын төлеуден бас тартып, дүкен иесі Қаржаубай Нұрымовпен жанжалдасып қалады. Осы сәтте 16 жастағы Шерзат Болат әкесіне араша болмақ ниетпен, олардың бірін ұрып жібереді. Жанжал ушыға түседі. Оқиға орнына бірнеше көлік пен бір топ адам келіп, суық қаруларын кезеніп, әкелі-балалы екеуді және туыс ағасын соққының астына алады. Төбелес кезінде жігіттердің бірі Шерзатты пышақтайды. Жарақаттанғандар ауруханаға жеткізілгенімен, Шерзат Болат ауруханада қаза табады.
7 қазан Шерзат Болаттың туыстары Талғар әкімдігінің алдына жиналып, баланың өліміне қатысы бар адамдар мен күдіктілердің бостандықта жүргенін айтып шағымданды. Жиналғандардың негізгі мақсаты әділ және ашық тергеуді талап ету. Шерзаттың әкесі:
– Маған ашық сот жасасын. Мен қылмыс жасамаймын, өлтірмеймін, атпаймын. Әрбір қылмыскер өз жазасын алсын. Талғардың прокуроры, әкімнің орынбасары жұмыстан босатылсын. Бейнежазбадан мылтықтың кімнің қолында екенін көрдіңіздер. Қазір бізге төбелеске суық қаруды әкелген сендер деп жала жауып жатыр. Сонда мен дүкенде пышақ, қару-жарақ ұстап отырған болып тұрмын ғой! Сұмдық! Қолымызда расымен мылтығымыз болса, атпаймыз ба? Шерзатымызды өлтіріп отырмаймыз ғой. Қандай хайуандық, пышақталған баланың артынан барып ұрып-соғып өлтіретіндей. Мен өзім дәрігермін, егер пышақ өкпесіне немесе басқа жеріне кірсе ұлымды аман алып қалатын едім. Бірақ басын мылтықтың сабымен ұрып өлтіріп отыр, — дейді.
8 қазан күні Алматы облыстық прокуратурасы оқиғаны бей-жай қалдыруға болмайтынын, 7 адам ұсталғанын, олардың бәрі екі айға қамалғанын айтты. Ал Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналған кезде төбелеске кемінде 13 адам қатысқанын, оның ішінде екі әйел болғанын айтқан еді. Олар полицияның тек 7 адамды ұстап және оны көрсетпей отырғандарына наразы екендерін айтады. Осы уақытта марқұмның туыстары өздеріне әлдебіреулерден қысым болып жатқанын да жасырмайды, бұл туралы телевидениге де, әлеуметтік желілерге де жариялады.
Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Перизат Нұрымова бұқаралық ақпарат құралдарына келесідей мәлімдеме жасайды:
– Мені телевидениеге шыққаным үшін қорқытпақшы. Не деп қорқытады? Мен қорықпаймын, 6 балам бар. Балаларым жолдасыма аманат. Өлтірсе, өлтіріп кете берсін. Әйел басыммен жігітше тұрып беремін.
10 қазан күні марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов халықты тыныштыққа, шынайы ақпаратқа сенуге, жалған сөзге ермеуге шақырып, үндеу жариялады. Тіпті өзін біреулердің қорқытқанын да айтып, «Мені бір емес, бірнеше рет қорқытып, алып кетті. Үйге келіп, далаға алып шығып, қорқытқан сәттердің болғаны рас» — деді ол.
«Қазақстанда әділетті шешім шықпайтынына көзім жетті». Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың мәлімдемесі
Ал 12 қазан Талғар маңындағы Азат ауылында Шерзат Болаттың ата-анасы тұратын үйі өртеніп кетті. Туыстарының сөзінше, өрт шамамен 00.30-да болған. Марқұмның туыстары балаларының жетісін беруге дайындалып жатқан еді. Құқық қорғаушылар өрт кезінде үйде ешкім болмаған дейді. Алматы облысының прокуроры Берік Адамов үйді өртеген жерден қолғап пен канистр табылғанын хабарлады.
– Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзін қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған канистр мен резеңке қолғаптарға зерттеулер жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі де анықталып жатыр, — деді ол.
Осы оқиғадан соң қаза болған жасөспірімнің туыстары бақылауға алынып, ауылда арнайы кезекшіліктер қойылды, күзет күшейді.
Қайғылы оқиғаның арасын суытпай, 14 қазанда желіде жасөспірімнің әкесі Қаржаубай Нұрымовтың төбелес кезінде пышақ ұстап жүрген қысқа видеосы тарай бастады. Видеоға қатысты ол өзінің Tik–Tok парақшасында келесідей мәлімдеме жасады, алайда видео кейіннен өшірілген:
– Олар пышақпен келді. Мен ол жерге ручка немесе қағаз алып шықпайтын шығармын. Мен жалынып, жалбарынып, қолдарын алдым. Егер сол жерде мен, Нұрқанат (марқұмның туыс ағасы) немесе Шерзат қан төксе, қараласаңыздар болады. Мен қан төккенім жоқ, төкпеймін де. Неге десеңіздер, сіздер менің анам, әйелім, қарындасым қалай жылағанын көрсеңіздер, сол кезде түсінесіздер. Білсеңіздер, анам, әкем деп жылау бір бөлек, ботам деп жылаған мүлде басқа әлем. Бірақ Қазақстанда әділетті шешім шықпайтынына көзім жетті. Бір ғана өтінішім бар: қазақ елінде ешқандай қантөгіс болмасын. Президенттен сұрайтыным – отбасымды аман-есен алып кетуім керек. Болмаса басқа мемлекетке бала-шағамды алып, шығып кетем — дейді.
Бұл туралы ол бірнеше бұқаралық ақпарат құралы мен жеке парақшасында мәлімдеме жасады.
Кейіннен Бас Прокуратура Шерзат Болаттың әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын, өртенген үйге қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты.
Аталған оқиғамен бірге «Хутор» атты қылмыстық топқа қатысты болжамдар да айтылып келеді. Талғар қаласының тұрғындары осы уақытқа дейін мұндай ұйымның болғанын, оған полиция қызметкерлерінің де қауқары жетпейтінін айтады. Алайда полиция ол хабарды жоққа шығарып, «ондай қылмыстық топ тіркелмеген» деп мәлімдеді. «Хутор» атауы – Талғардағы қазіргі Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы.
14 қазанда бұрынғы Хутов, қазіргі Рысқұлов ауылының тұрғындары аталған топтың басшысы деп есімі шыққан Хасан Қасымбаевты жақтап, оның ел үшін еңбегі сіңген адам екенін айтып үндеу жариялады.
«Банда, ОПГ деп жатыр ондайға қатысым жоқ». Хасан Қасымбаев кім?
Ал Хасан Қасымбаев 15 қазан күні видео үндеу жариялап, Талғардағы оқиғаға, қандай да бір қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін, қылмыскерлер жазасын алатынына сенімді екенін айтты.
– Банда, ОПГ деп жатыр ондайға қатысым жоқ. Заң алдында проблема болмаған, сотталмағанмын. Әрине, інісі сотталған деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Адвокат жалдадым, жалған ақпарат таратқан тұлғалардың бәрін заң бойынша жауап беруін сұраймын. Мен туралы айтылып жатқан ақпарат көп, заң бойынша арыздарын жазсын. Қылмыскерлер ұсталып, заң бойынша жазаларын алады деп ойлаймын, — дейді.
Оның туған бауыры Аслан Қасымбаев 2024 жылы шілде айында Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалып, алайда 15 қазанда жеке өтініші негізінде өз еркімен қызметінен босатылған.
16-19 қазандағы ақпараттың легіне көз салсақ, Талғардағы бірқатар шенеуніктер мен Алматы облысындағы полиция басқармасының басшылары және Ішкі Iстер министрлігінің орынбасары қызметінен босатылып, кейбірі қатаң сөгіс алды.
16 жастағы жасөспірімнің қазасы қоғамда резонанс тудырып, халық та шешім қабылдаушы органдардан «әділдікті» талап етіп, әлеуметтік желілер де әртүрлі хэштегтермен пікір білдіре бастады.
Ал бүгін 4 қараша Шерзаттың өліміне қатысы бар деген «Хутор» қылмыстық тобының басшысы деп танылған Хасан Қасымбаев Талғарда ұсталған. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады. Бірақ бұл марқұм Шерзаттың ісіне қатысы емес, 3 жыл бұрынғы қылмыс үшін күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта Шерзат Болаттың ісі бес бап бойынша тергеліп жатыр. Атап айтқанда, «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қорқыту», «Қылмысты жасырып қалу» және «Қылмыс туралы хабарламау». «Қасақана кісі өлтіруге қатысқан» деген күдікпен сегіз адам, «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамалған.
Сурет: ашық дереккөзден