Құрылыс материалдарының қымбаттауы жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізуді талап етеді

Бұл мәселе БҚО Кәсіпкерлер палатасында Парламент Сенатының депутаттары Нариманов Төреғалиев және Ләззат Рысбековамен кәсіпкерлердің кездесуінде көтерілді. Батысқазақстандық құрылыс компанияларының басшылары мәселені Парламентте талқылауды сұрады, деп хабарлады БҚО Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Құрылыс саласындағы кәсіпкерлер алдағы уақытта құрылыс материалдарының, соның ішінде цемент, қиыршық тас бағасының, сондай-ақ оларды теміржол арқылы тасымалдау құнының қымбаттауын ескере отырып, сметалық есептерді түзету қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Ақтау цемент зауыты да мәселені шешпейді, елдегі цемент тапшылығын ирандық цемент өтейді. Кәсіпкерлердің айтуынша, алдағы уақытта цемент бағасы 15-20 пайызға көтерілетіні ескертілген. 1 сәуірден бастап қиыршық тастың да бағасы өспек.
Баға саясатындағы өзгерістер былтырғы жобалық-сметалық құжаттарға түзетулер енгізуді талап етеді және бұл мәселені жергілікті деңгейде шешу мүмкін болмағандықтан, құрылыс компанияларының басшылары сенаторлардан мәселені Парламентте талқылауға бастамашы болуды сұрады.
Бұл жиында тасымалдаушы компаниялар қаржыландырудың жетіспеушілігінен қоғамдық көлік жұмысында іркілістер болу қаупін де ескертті. «Батыс Stagecoach» ЖШС директоры Владимир Юркевич жергілікті атқарушы билік қаржылай қолдау көрсеткені арқасында былтыр автобус паркін жаңартқанын, алайда дизель отыны мен көліктердің қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы несиені өтеуде қиындықтар туғызғанын айтты.
— Тасымалдаушы кәсіпорындарды субсидиялау мәселесі шешілмесе, біздің жұмысымыз тоқтап қалу қаупінде, — деді Владимир Юркевич.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев қоғамдық көлікке қаржының бөлінуіне қатысты түсініктеме берген кәсіпкердің үрейін растады. Мәселе республика деңгейінде жүйелі шешімдерді қажет ететінін, соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитетін және басқа да уәкілетті ведомстволарды бұл мәселені шешуге тарту қажеттілігі айтылды.
Сенаторлармен кездесуге қатысқан кәсіпкерлер жолақыны толық электронды жинау жүйесіне көшудің мүмкін еместігін айтып, себептерін көрсетті.
Кәсіпкерлерді тыңдаған Сенат депутаттары кәсіпкерлер тарапынан айтылған мәселелер тиісті ведомстволардың назарына жеткізілетінін, Үкімет бизнес өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция ұйымдастыратынын хабарлады. БҚО кәсіпкерлеріне осы онлайн-конференцияға дайындалуды, министрлерге мәселелер бойынша нақты сұрақтар қою мүмкіндігін пайдалануды сұрады.

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий