Путин мәлімдемесінен кейін Қазақстан үкіметі қауіпсіздік шарасын күшейтуге кірісті

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы әскери нысандарға орта қашықтыққа ұшатын жаңа «Орешник» баллистикалық ракетасымен соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол 21 қараша күні кешке жасаған видеомәлімдемесінде айтты. 

Путиннің сөзінше, бұл — 19 және 21 қараша күндері  Киевтің америкалық ATACMS және британдық Storm Shadow ракеталарын пайдаланып, Ресейдің Курск және Брянск облыстарындағы нысандарға соққы бергеніне жауап. Ресей президенті Курск облысында шетелдік қару-жарақпен командалық пунктке шабуыл жасағанын растады. Ол қаза болғандар мен жараланғандардың бар екенін мәлімдегенімен, нақты санын айтпады.

Днепрдегі нысанаға соққы

Путиннің айтуынша, Ресей қарулы күштері 21 қараша күні Украинадағы қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің маңызды нысандарына соққы жасаған. Днепр қаласындағы «Оңтүстік машинақұрылыс зауыты» нысанаға алынған. Путин «Орешникті» Ресейдің гипердыбыстық ракеталарының ең жаңа түрі деп атап, оған қазір қарсы тұратын қару жоқ деп мәлімдеді. Ракета секундына 2,5-3 шақырым жылдамдықпен ұшады.

«Сынақ сәтті өтті, нысанаға дәл тиді», — деді Путин.

Тоқаевтың тапсырмасы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұл тапсырма премьер-министрге, президент әкімшілігі басшысына, күштік құрылымдар жетекшілеріне және барлық облыс әкімдеріне берілді. Сонымен қатар, парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-шаралар туралы хабардар етілді. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

«Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын», — деп жазылған Берік Уәлидің хабарламасында.

Бүгін, 22 қарашада, премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін шұғыл жиын өткізді. Жиынға қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп, ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің басшылары қатысты.

Жиынның мақсаты — президенттің негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау. 

Қорғаныс министрі  Руслан Жақсылықов стратегиялық және инфрақұрылымдық объектілерді қорғау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Одан бөлек қоғамдық тәртіп, көлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау объектілерінің жұмысы секілді мәселелер қаралды.

Бұл тапсырма Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің күшеюі және Ресейдің Днепрдегі әскери объектілерге соққы беруі аясында берілді. Қазақстан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтуге назар аударып отыр.

Сурет: primeminister.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз