Орал қаласында полицейлер 1 099 вейп және оған арналған 1 300 сұйықтық тәркіледі.
ІІМ-нің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Орал қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел-іздестіру тобы «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Telegram мессенджері арқылы вейп және оларға арналған сұйықтықты таратумен айналысқан 25 жастағы Орал қаласының тұрғынын ұстады.
«Ол вейптерді курьер арқылы жеткізген. Вейп қоймасы қаладағы алкомаркеттердің бірінен табылды. Тексеру кезінде одан 1 099 вейп және 1 300 сұйықтық табылып, тәркіленді. Тәркіленген заттың құны 10 млн теңгеден асады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар полицейлер сатуға тыйым салынған электронды темекіні заңсыз сатумен айналысқан облыс орталығының екі тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде 10 электронды темекі және бір қорап шегілетін сұйықтық табылып, тәркіленді.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Telegram-канал арқылы тыйым салынған электронды темекілерді заңсыз сатумен айналысқан такси жүргізушісін ұстады. Одан сегіз электронды темекі тәркіленді.
Жоғарыда аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Айтып өтелік, шегілмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу туралы Заң күшіне енген күннен бастап, БҚО-да 1 200 вейп пен 1 500-ден астам сұйықтық тәркіленген.
Елімізде жаздың басында электронды темекіге заңды түрде қатаң тыйым салынды. Электронды темекі айналымына кешенді шектеулер енгізетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңартылған заң күшіне енді.
Қазақстанда вейптерді, сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынды.
Электронды темекі сату 2006 жылы басталып, кейін оның құрамында тек никотин болған. Ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.
Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтады. Вейпті тұтыну 10 жылдан кейін өкпе ауруымен ауыратын науқастардың көп болуына әкеледі. ДДҰ-ның мәліметінше, 33 мемлекетте электронды темекі сатуға тыйым салынған.
79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, аталған өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған.
Сурет: pixabay.com