Жердің тоңы ерте жібитін Оңтүстікте көктемнің лебі ақпанның басынан-ақ сезіледі. Ауа температурасы +10 градус. Түркістан облысы Келес ауданының диқандары кетпенін сайлап, көктемгі егістікке ерте кіріскен. Уақыт оздырып алса, ертең су тапшылығы мен жаппай жиын-терім науқанына тап келеді.
Біз барған егістік алқабында он шақты әйел мен бірнеше жігіт жерге картоп түйнектерін егіп жүр. Енді өне бастаған тұқымды жүйекке тізбектеп тастағанда бел жазуға уақыт жоқ. Жәшікте картоп тұқымы көп. Атқа соқа жеккен екі жігіт жүйек бойымен жерді қопсыта жүріп өтеді. Жүйек ішіне тізілген картоп тұқымын қопсытылған топырақ жауып бара жатыр.
«Кезекке тұрып, бес күнде бір рет су аламыз»
«Тыныбек» шаруа қожалығы «Бірі болмаса, бірі мол өнім беріп, шығынды жауып кетер» деген үмітпен 15 гектар жерге картоптан бөлек, сәбіз, қырыққабат, жүгері мен қызылша егеді.
«1997 жылдан бері егіншілікпен айналысамын. Оған дейін ауылшаруашылығында, мектепте жұмыс істедім. Алғашында мақта ектім, кейін басқа дақылға ауыстым», — деді шаруа қожалықтың төрағасы Нұрлыбай Ахметов.
Ол судың тапшылығын сезінбес үшін тамшылатып суару әдісіне өтпесе, алдағы уақытта егістікке су жеткізу қиын болатынын жеткізді.
«Қазірдің өзінде каналдың етегіндегі егістік алқаптарға су жетпей қалып жатады. Сондықтан кезекке тұрып, бес күнде бір су аламыз. Су тарифі де қымбаттады. Бұрын суды субсидиялайтын кезде 2000 теңгеден төлейтін едік, қазір 6000-7000 теңге төлейміз», — деді ол.
«Ауылда басқа жұмыс көзі жоқ»
Картоп егіп жүрген әйелдердің бірі жұмыс ауыр екенін айтты. Ол таңғы 7.00-ден кешкі 17.00-ге дейін егістік басында жүреді. Күнделікті ас-суды осында, егістік басында жұртпен бірге ішеді.
«Талай жылдан бері осылай картоп, сәбіз, қырыққабат егуге шығамыз. Кетпен шауып, піскен өнімді жинаймыз. Ауылда басқа жұмыс жоқ. Осы еңбегімізге күндігіне 7000 теңге төлейді. Күн ұзақ біресе еңкейіп, біресе жүріп жұмыс істейтін болған соң бел мен аяқ ауырады. Шаршайсың… Бірақ ақша тауып, отбасын асырап, күн көру керек», — деп картоп түйнектерін егуге кірісті.
«Каналдарды бетондаса, суды 20-30 пайызға үнемдеуге болады»
Келес ауданына судың 80 пайызы Өзбекстаннан келеді. 20 пайызын ғана Келес өзенінен алады. 2024 жылы аудан диқаншылары 238 млн 597 мың текше метр су пайдаланыпты.
«Былтыр су жеткілікті болды. Шаруаларға гектар көлеміне қарай су бөліп береміз. Суды үнемдеу үшін «Қазсушардың» Түркістан филиалы каналдарды бетондауға ұсынып отыр. Саңырау каналын күрделі жөндеуден өткіземіз. Ақша бөлінсе, бетондалады. Игілік, Шошым каналдарына да жобалық-сметалық құжаты жасалған. Осы каналдар жөндеуден өткізілсе, суды 20-30 пайызға дейін үнемдеуге болады», — деді Келес ауданының су шаруашылық мемлекеттік коммуналдық кәсіп орны директорының міндетін атқарушы Талап Оңлапов.
«Жазда су жетпей қалады, ал тамшылатып суару қымбат»
Көлтоған ауылының тұрғыны Құдайберген Есенбековтің иелігіндегі жыртылған жерге жігіттер картоп тұқымын егіп, оның бетін пленкамен жауып жүр екен. Бұл суық тиюден, үсік шалудан сақтайды әрі картоп 10-15 күн ерте піседі.
«20 жылдан бері картоп, сәбіз егеміз. Биыл дайындықты қаңтарда бастадық. Екі күн сәбіз ектік. Енді, міне, картоп егіп, бетін жауып жатырмыз», — деді диқан.
Құдайберген Есенбеков су тапшылығынан бөлек, өнім мен тауардың қымбаттағанына алаңдап отыр. Ал ерте бастан қамданып, жерге тұқым салуының себебін су мол кезде суарып алу үшін деп түсіндірді.
«Биыл 100 метр пленканы 55 мың теңгеге, ұрықты 300 теңгеден сатып алдық. Ерте егудің басты себебі – су мол кезде суарып үлгеру. Жазда су жетпей қалады. Сондықтан ертерек суарып алайықшы деп егеміз. Тағы бір себебі – ерте ексек, ерте піседі. Жамбыл, Қордай, Қырғызстан жақта піскенше алғашқы өнімді жинап, тезірек сатып үлгеруіміз керек. Бұрын наурыз-сәуір айларында егетінбіз, ол жаз ортасында пісетін. Қазір ақпанның басында егіп, мамырдың аяғында жинап аламыз. 7-8 мәрте суарған соң картоп піседі. Тамшылатып суаруға шама келмей жатыр, өйткені оның бәрі қымбат. Қымбатшылыққа ұрына берейін десек, ертеңгі күні қай бағада, қанша өнім алатынымызды білмейміз. Сондықтан қазір қолымыздан келгенін істеп жатырмыз», — деді диқан Есенбеков.
Мамырда картоп пісіп, жинап, оны қазып алғаннан кейін диқандар 10-15 күнде жерді қайта дайындап, орнына болгар бұрышын егеді. Ол қарашада өнім береді. Осылайша диқандар жыл бойы тыным таппайды.
«Күн ысығанда суды кезекпен береді»
Келес ауданында егін шаруашылығына арналған 26 мың гектар жер бар. 2024 жылы 22 мың гектарына егін салып, толық өнім алған.
Ағын судың жай-жапсарын Біртілек ауылдық округ әкімі аппаратының ауылшаруашылық жөніндегі бас маманы Асхат Исаев айтып берді:
«Диқандар суармалы суды Келес өзені, Ошақты каналы және шалғай жатқан елдімекендер Құркелес өзенінен алады. Күн қатты ысыған кезде, тізімге және жоспарға сәйкес елдімекендерге кезекпен су бөлінеді. Соңғы бес жылдан бері ауылшаруашалық фермерлерге мемлекет тарапынан төмендетілген субсидия, жеңіл несие беріліп жатыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын іске қосып жатырмыз. Әр елді мекенде су бөлетін маман болады. Олар су тапшылығының алдын алу үшін жұмыс істейді. 2025 жылы су тапшылығы болмайды деп отырмыз», — деді.
Ал Келес ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Өмірсерік Алтынбаев «Келес су шаруашылығы» мекемесінде жалпы ұзындығы 1052 шақырым болатын 148 канал мен 144 дана қашыртқы бар екенін айтты. Сол арқылы егістік жерлерге су жеткізілетінін, каналдың көп бөлігі бетондалмаған соң су шығыны көп екенін, шаруалардың «су жетпеді» деп шағымданатынын жеткізді.
«Егістікке су баратын каналдардың көбі бетондалмаған. Су шығыны көп. Қамыс басып, толып қалады. Мұның алдын алу үшін аудан балансынан шынжыр табан экскаватор алғанбыз. Сол техникамен ұзындығы 66 шақырым каналды тазаладық. 2025 жылы 87 шақырымды құрайтын каналды тазалау жоспарланған. Қазір жұмыс басталды. Сондай-ақ, аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңбырлы маусымда суды жинайтын жерді мамандар анықтап жатыр», — деді ол.
Әрбір диқан жыл сайын егін саларда су жеткізу, өнім алу, одан кейін сату жайын уайымдайды. Өйткені бұл — оның негізгі күнкөріс көзі. Сондықтан егін шаруашылығы жалғасуы үшін су қажет әрі суды үнемдеу керек. Бұған атқарушы билік те, диқандар да атсалысуы шарт.
Суреттер автордан