2025 жылы Қазақстанда экспортқа жөнелтілетін астықтың тасымалына субсидия енгізілді. Жыл басынан бері астық өндірушілер мен экспорттаушыларға 409,6 мың тонна бидай тасымалдағаны үшін 9,1 млрд теңге төленген. Бұл туралы Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы хабарлады.
Азов, Қара теңіз, Балтық теңіздеріндегі порттарға, сондай-ақ Латвия, Литва, Эстонияға транзиттік жолмен жеткізілген бидайға жартылай субсидия қарастырылған.
Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне астық жөнелтетін өндірушілерге де мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Сауда жəне интеграция министрлігі QazTrade арқылы өзге шикізаттық емес тауар экспорттаушылардың логистикалық шығындарын өтеуге жылына шамамен 6-7 млрд теңге ғана бөледі. Бұл сома тамақ өнімдерінен бастап химия мен машина жасау салаларына дейінгі барлық экспорттаушыларға қатысты.
Сонда бір ғана астық экспорты мен оның қайта өңделген өнімі бүкіл шикізаттық емес тауар экспортына қарағанда тікелей қолдауға көбірек ілігеді деген сөз.
Атап өтерлік жайт – өткен жылы мемлекетпен инвестициялық келісімшартқа отырған экспорттаушыларды логистикалық шығындарды өтеу бағдарламасынан алып тастады. Себеп ретінде бюджет тапшылығы аталды. Яғни ел ішінде өндірісті жолға қойған, өз қаржысын салған және қайта өңдеуді дамытып келе жатқан кәсіпорындар қолдаусыз қалып отыр.
Астықтың бір ғана сегменті бүкіл шикізаттық емес экспорт секторынан артық қолдау алса, бұл елдегі қайта өңдеу мен әртараптандыру дамымағанын көрсетеді.
Мұндай теңгерімсіз модель индустриялық дамудың логикасын жоққа шығарады. Қолдау шикізатты қанша көлемде экспорттағаны үшін емес, өнімнің күрделілігі мен қосылған құны үшін берілуі тиіс.
Руслан Сұлтанов
фото: freepik.com