2024 жыл Қазақстан экономикасы үшін сынаққа толы жыл болды. Салықтың аз жиналуы, Ұлттық қордан трансферттер мен жыл соңындағы теңгенің құбылуы. Бұл факторлар мемлекеттік бюджетке қалай ықпал етеді, мұнай бағасы қалай құбылады, ел экономикасын қай бағытта дамыту керек? Бұл туралы Sarapshy.info тілшісі «DAMU Capital Management» компаниясының бас директоры, экономист Мұрат Қастаевтан сұрады.
Ел экономикасында қандай елеулі өзгерістер болды?
Сарапшының айтуынша, былтыр мемлекеттік бюджеттік кіріс жоспары орындалмады. Керісінше шығын жағы өскен. Нәтижесінде Ұлттық қордан рекордтық 6 триллион теңге шамасында ақша алынды. Ол АҚШ валютасына шаққанда 12 млрд долларға тең. Яғни еліміздің тұрақтылығы мен ұрпақ болашағын қамтамасыз ететін Ұлттық қордан әр ай сайын 1 млрд АҚШ долларын алып отырмыз, деген сөз.
Мұрат Қастаев сол себепті инфляция деңгейі жоғары, теңге де әлсіз деп есептейді. Бұған қоса жыл аяғында доллардың қымбаттауының нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі төмендеді. Себебі теңге әлсіреген сайын импорттық тауарлар қымбаттайды. Ал Қазақстан тауардың көп бөлігін өзі өндірмей, сырттан сатып алады.
Қазақстанда шығарылатын заттардың өзіне шетелдік шикізат, шетелдік құрал-жабдық, техника мен технологиялар керек. Мысалы, әр қалада өндірілетін нанның өзі шетелдік комбайндар орған бидайдан, импорттық көлікпен шетелдік құрал-жабдық тұрған элеваторға әкелініп, өңделеді.
«Яғни қай салада болмасын шетелдік техника мен технологиялар қолданылады. Сондықтан елдегі ішкі бағалардың бәрі шетелдік валюталардың бағамдарына тәуелді. Яғни экономикадағы басты теріс нәтиже – ол мемлекеттік бюджеттің дефициті, кірістен шығынның артуы, қысқаша айтқанда көптеген проблемалар осыдан басталады», – деді сарапшы.
Экономикадағы жағымды жаңалықтар
Бұл ретте Мұрат Қастаев 2024 жылы жағымды жаңалықтардың да болғанын атап өтті. Оның ішінде мұнай экспорттау бағыттарын әртараптандыру бар.
«Қазақ мұнайының Ресей арқылы өтетін экспорттық бағыттарға тәуелді болған. Биыл Каспий теңізі арқылы кететін экспорт үлесі өсті. Қытай мен Еуропа арасындағы тауар транзитін қамтамасыз ететін ТМТМ бағытының да дамығаны біздің ел үшін стратегиялық маңызы зор», – деп атап өтті экономист.
Оның пайымынша, жалпы Қазақстан экономикасының Ресейге тәуелді болуы – ұзақ мерзімді ең үлкен тәуекел. Сондықтан осы тәуелділікпен күресу керек деп есептейді.
«Ол 5-10 жыл ішінде жүзеге асыруға болатын процесс және биыл бұл бағыттағы қозғалыс басталды. Әрине, бұны осыдан 10 жыл бұрын, Ресей Украинадағы Қырымды басып алғанда бастау керек еді. Сол кездің өзінде Ресей агрессивтік сыртқы саясатқа көшкені және көршілеріне тікелей әскери қауіп төндіргені анық болды», – деді сарапшы.
Осы тұста биыл әлемдегі түрлі геосаяси жағдайға қарамастан еліміз өзге елдермен дипломатияны тұрақты дамытып отырды. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатқа көшкенін де атап өткен жөн.
«ҚР СІМ Украинадағы соғыс басталғалы Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропамен, Түркиямен, араб елдерімен, Индиямен – яғни барлық әлемдік күштермен бірдей жақсы қарым-қатынасты сақтап, дамытумен айналысты. Қазақстан жерінің біртұтастығы мен егемендігінің кепілі ретінде Қытай, АҚШ, Түркия тағы да куә екендігін білдірді. Үрдіс өте баяу болғанымен, жылдан жылға Қазақстанның Ресейден тәуелділігі азайып келе жатыр, ол стратегиялық тұрғыдан жақсы нәтиже, тек осы үрдісті еселеп тездету қажет», – деп есептейді маман.
Басты мәселе – бюджет дефицитін азайту
Экономисттің пайымынша, осы жылы экономикадағы ең үлкен мәселе – мемлекеттік бюджет дефицитін азайту не мүлде жою. Үкімет бюджет табысын азайтпай, шығындарды барынша қысқартуға тиіс. Экономикадағы мемлекет және квазимемлекет үлесін азайтып, жеке меншік бизнеске барынша қолдау көрсету керек. Себебі жаңа жұмыс орындарын құратын, салық төлейтін, жаңа технологияларды енгізетін, экономиканы алға тартатын – мемлекет емес, жеке меншік бизнес.
«Сонымен қатар, тек экономиканы ғана ойламай, саяси реформаларды да дамыту, сайлау, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары жайлы заңдарды өзгерту маңызды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытып, барлық деңгейдегі әкімдерді халық тікелей сайлауы керек. Кез келген саяси партиялар еркін құрылып, олардың мәслихаттар мен парламентке еркін сайлануына жол беру қажет. Себебі егер үкіметтің жұмысын қадағалайтын күшті оппозиция болмаса, үкімет ешқайда асықпайды және ынта-ықылассыз жұмыс істейді», – деп түсіндірді маман.
Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі көрсеткеніндей, әділ сайлау – халықтың тікелей үкіметті басқару құралы. Сондықтан ол әкім болсын, министр болсын – егер оның жұмысына халықтың көңілі толмаса, оны қызметінен алатындай тікелей сайлау керек деген ойда. Нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлер барынша халықтың ғана жағдайын жасауға тырысады.
«Қара алтын» құны
Қазақстан бюджетіне түсетін түсімнің негізгі көзі – шикізат, оның ішінде мұнай. Сондықтан жаһандық нарықтағы «қара алтынның» бағасы ел экономикасына тікелей ықпал етеді. Мұрат Қастаев келесі жылы мұнайдың бағасы төмен түсуі әбден ықтимал деп есептейді. Оның айтуынша, АҚШ Трамп билікті қолға алғаннан кейін мұнай өндірісін күрт арттырғысы келеді. Ал АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы басталса, шикізатқа сұраныс азаяды.
«Яғни келер жылы мұнай нарығында сұраныстан ұсыныс көп болад. Ол мұнай бағасының төмендеуіне әкеліп соғады. Сондықтан Қазақстан тек мұнайға ғана сенім артпай, бүкіл экономиканы дамытуы тиіс», – дейді экономист.
Ал мұнай арзандап, бюджет дефициті мәселесі шешілмесе, онда биыл да теңге тұрақсыз боламақ. Сарапшының болжамынша, осы бағытта оң өзгерістер болмаса, 2025 жылы доллар бағамы 550-600 аралығына дейін өсуінің ықтималдығы жоғары.
Қазақстандықтар қандай өзгерістерге дайын болуы керек?
Қазақстан үшін салыстырмалы жақсы және қолайлы жылдар аяқталды. Халық осыны түсініп, қабылдау керек, деп есептейді экономист.
«Билік осыны халыққа жеткізуі тиіс. Яғни, бірнеше жыл қиын болады, ел болып көп жұмыс істеу керек. Жеке адам деңгейінде де, ел ауқымында да табысты барынша арттырып, шығындарды барынша азайту керек. Белсене жұмыс істеп, әр теңгенің құнын біліп, жеке және мемлекеттік қаражатқа мұқият қарасақ, қиындықтарға төзе білсек, экономикалық және саяси реформаларды жүргізсек, 2-4 жыл ішінде қазіргі мәселелерді шешіп, экономикалық даму қарқынын қайтаруға болады», – деп қорытындылады «DAMU Capital Management» компаниясының бас директоры.
Ақбота Ахмет