Халықаралық Каспий күні
2006 жылдан бастап Каспий маңы мемлекеттері жыл сайын 12 тамызда Каспий теңізін қорғау күнін атап өтеді. Атаулы күннің басты мақсаты – қоғам назарын теңіздің экологиялық проблемаларына аудару.
Каспий күні Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан қол қойған Каспий теңізі мен қоршаған ортаны ластанудан қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның күшіне енуімен байланысты белгіленді.
Қазақстанның экожүйені қорғау шаралары
Конвенция шеңберінде Қазақстан теңіздің биологиялық ресурстарын сақтау үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын республикалық бюджет есебінен теңіздің қазақстандық бөлігінде кәсіптік балық түрлерінің популяциясын, олардың мекен ету ортасын, жемшөп қорының жағдайын, сондай-ақ балық аулаудың серпіні мен үрдістерін зерттеу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
2023 жылдың 28 қазанында экс-премьер министр Әлихан Смайылов «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы қаулыға қол қойды. Ұйым жұмысына жыл сайын бюджет есебінен 300 миллион теңге бөлінеді. Каспий теңізінің табиғи ресурстарын сақтау және олардың өсімін молайтуға бағытталған қоршаған ортаға мониторинг және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу – институттың негізгі нысаны.
Халықаралық сарапшылардың зерттеулері
Уиллиам Ашер мен Наталья Мировицкая өздерінің The Caspian Sea: A Quest for Environmental Security еңбегінде Каспийдің экологиялық проблемаларына ерекше тоқталады.
Зерттеуде теңіздің бірегей әрі осал экожүйесіне мұнай-газ өнеркәсібі мен көлік инфрақұрылымының дамуы салдарынан туындайтын интенсивті ластану үлкен қауіп төндіріп отырғаны айтылады. Сонымен қатар, барланған мұнай қорының азаюы табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруды қиындатады.
Судың және жағалау аймағының ластану деңгейінің өсуі экологиялық тәуекелдерді арттырып, ал көлік құбырларын салудың күрделілігі мен қымбаттығы жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр.
Германия және Нидерландының Маттиас Пранж, Томас Уилк және Франк Уесселинг ғалымдары жүргізен зерттеу жұмыстарына сүйенсек, алдағы 100 жыл ішінде Каспий теңізінің 34%-ы құрғап кетуі мүмкін. Олар теңіз деңгейі 18 метрге төмен түседі деген болжам жасап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қауіптерді тиімді еңсеру үшін Каспий маңы елдері мен халықаралық ұйымдар арасындағы үйлестірілген ынтымақтастық аса қажет.
Ақтаудың қазіргі экологиялық ахуалы
Маңғыстау облысы үшін Каспий теңізінің ластануы – тек экологиялықемес, әлеуметтік және экономикалық мәселеге айналды. Мұнай өндірісі мен тасымалы, қалдықтарды дұрыс игермеу, сондай-ақ климаттық өзгерістердің әсері өңірдің табиғи тепе-теңдігіне зиян келтіріп жатыр.
Жағалау аймағында өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуы, теңіз суындағы мұнай өнімдері мен ауыр металдардың артуы экожүйенің биологиялық әртүрлілігін азайтып, жергілікті фаунаның өміріне қауіп төндіруі мүмкін мүмкін.
Мәселе дер кезінде шешілмесе Ақтауда кеме қатынасы қиындауы мүмкін.Бұл порт инфрақұрылымын жарамсыз етіп, жүк тасымалының көлемі азаюына себеп болады. Қазірдің өзінде судың тайыздануына байланысты кемелер толық жүктелмейді, ал кейбір бағыттарда паром мүлде қатынамайды.
Каспийдің биоалуантүрлілігі
Каспий экожүйесінде сирек кездесетін жануарлар мен құстар тіршілік етеді. 2025 жылдың наурызында Ақтау қаласының 1-шағын ауданында және Түпқараған ауданының «Көк Шығанақ» жағалауында құстар қырылған. Мамандар бұл құбылысты қоныс аудару кезінде әлсіз даралардың өлуімен және ауа райының күрт өзгеруімен байланыстырды.
Каспий фаунасына төнген қауіп тек құстармен шектелмейді. 2023 жылдың қазан-қараша айларында Маңғыстау облысы жағалауында 1 989 өлі Каспий итбалығы анықталды. Итбалық – Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ерекше қорғауды қажет ететін сүтқоректі.
Экология министрлігі итбалықтардың қырылу себебін анықтау үшін жануар ағзасы мен су сынамалары зерттеді. Экологтардың айтуынша, су астындағы жер сілкінісінен теңізге тараған табиғи газ уыты мен балық аулау торларынан алған жарақаттар итбалықтардың өліміне себеп болан.
Қазақстанда бір итбалықтың экологиялық құны 193 АЕК-ты құрайды (758 876 теңге), сондықтан 2 мыңға жуық жануардың қырылуы 1,5 млрд теңге шамасында шығын келтірген. «ECOJER» қауымдастығы мен экологтар бұл жағдайдың қайталанбауы үшін халықаралық деңгейде тәуелсіз тексеріс жүргізуді және теңіздегі өндірістік қызметке бақылауды күшейтуді ұсынды.
Каспий теңізінің экологиялық жағдайын реттеу – бір мемлекеттің ғана проблемасы емес, теңізбен шектескен мемлекеттердің ортақ міндеті. Бұл жолда ғылыми-зерттеу жұмыстары, қатаң экологиялық нормалар және көпжақты халықаралық ынтымақтастық арқылы тиімді нәтижеге жетуге болады.
фото: gov.kz

