Елімізде жылына адам саудасына қатысты жүздеген қылмыс жасалады: Биылғы заң тосқауыл бола ала ма?

Биыл «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңға қол қойылып, күздің басында күшіне енді.

Мәжіліс депутаты Марат Башимовтің айтуынша, заң жүйелі әрі кешенді.

«Бұл заңда барлық мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты белгіленген. Құқық қорғау нормалары көп. Оның ішінде маңыздысы қылмыстық жауапкершілікті күшейту, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау бар», — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында.

ІІМ құрылымында адам саудасына қарсы күрес бөлімшелері жұмыс істейді. Жыл сайын ішкі істер органдары адам саудасына байланысты 150-ге жуық қылмыстық іс қозғайды.

«Жыл басынан бері 134 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде, органдар саудалағаны үшін – 15 іс, адамды қанау мақсатында ұрлағаны үшін – екі, қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – үш, адам саудасы үшін – 15, кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – 12, кәмелетке толмағандарды саудалағаны үшін – үш, жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін – жеті, притон ұйымдастырғаны және жеңгетайлық жасағаны үшін – 77 қылмыс бар», — дейді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Үшінші басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева.

Сонымен қатар жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін үй-жайлар беру бойынша 649 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 155 млн теңге айыппұл салынған.

Жаһандық мәселеге айналған адам саудасына қатысты заң 6 тарау, 25 баптан тұрады. Оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимылдың негізгі ұғымдары көрсетілген.

Бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты. Жаңа заң әлемдік проблемаға тұсау салуға бағытталады.

Соңғы жылдары елімізде бала саудасы белең алды. Перзентін саудалағандар түрлі сайттар мен мессенджерлер арқылы жарнама жасайды екен. Биыл елімізде бала сатуға қатысты алты жағдай тіркелген. Былтыр баласын сатпақ болған 19 азамат ұсталған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, сәби 100 мың теңгеден – 2 млн теңгеге дейін бағаланған. Айта өтейік, мұндай қылмысқа барғандарға жаза қатаң. Десе де, бұл бағыттағы қылмыс саны азаймай отыр.

Шекара асып, тәнін саудалайтындарға да тосқауыл қарастырылған. Трансұлттық топтардың да заңсыз әрекеттеріне қылмыстық жаза бар. Тағы бір маңызды тұсы, ел аумағында адам саудасының құрбаны болған шетелдіктерді отанына қайтаруға мүмкіндік жасалады.

Үкіметтік емес ұйымдар жа­риялаған статистикалық деректе­рге қарасақ, өңірлер бойынша адам саудасына қатысты 2019 жылы – 120, 2020 жылы – 141, 2021 жылы – 200, 2022 жылы – 193, 2023 жылы – 120-дан астам қылмыс тіркелген. Соның ішінде Астана, Ал­ма­ты, Шымкент, Теміртау, Ақтө­бе қа­лалары көш бастап тұр.

БҰҰ мәліметіне сәйкес, дүниежүзінде жыл сайын 25 млн тұрғын адам саудасының құрбаны болады. Құрбандардың 50%-дан астамы – мигранттар. Сонымен қатар дүниежүзіндегі және Қазақстандағы адам саудасынан негізгі жапа шегетін жәбірленушілердің 70%-ы әйелдер.

Сурет авторы: Halyq Uni 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий