Дүкендегі жанжал кезінде қаза болған Шерзат Болаттың ағасы өзіне қол жұмсады

Талғар қаласының маңында 2024 жылдың 4 қазанында бір топ адам қатысқан жанжалдан қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті хабарлады. 

Мәліметтерге сәйкес, марқұм 30 жаста. Оқиға орнынан табылған ер адам өзіне қол жұмсаған.

Алматы облыстық полиция департменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді. Қылмыстық сипаттағы ешқандай белгілер анықталмаған. 

«Марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеміз. Марқұмның отбасына қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзетті жүзеге асырған қызметкерлердің түсіндірмелерінен ер адамның күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып, жеке автокөлікпен кеткені анықталды», — делінген хабарламада.

«Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», — деді полиция департаменті.

Cондай-ақ, Алматы облысы полициясының хабарлауынша, Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев туысына өзіне қол жұмсайтыны туралы хат жіберген. Ғайыпбаев хатында інісінің жанына жерлеуді сұраған деді полиция.

Еске салай кетейік, 2024 жылы 4 қазан түнгі сағат 22:00 шамасында Алматы облысы Талғар ауданындағы «Қамажай» дүкеніне келген жігіттер бір бөтелке сыраның ақшасын төлеуден бас тартады. Содан олар дүкен иесі Қаржаубай Нұрымовпен жанжалдасып қалып, осы сәтте әкесіне араша болғысы келген 16 жастағы Шерзат Болат пышаққа түседі. Кейіннен марқұмның ата-анасы тұратын үйі де өртеніп, полиция күзетті күшейткен еді. 

Шерзат Болаттың ісі бес бап бойынша тергеліп жатыр деп хабарлады. Атап айтқанда, «Адам өлтіру», «Бұзақылық», «Қорқыту», «Қылмысты жасырып қалу» және «Қылмыс туралы хабарламау». «Қасақана кісі өлтіруге қатысқан» деген күдікпен сегіз адам, «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамалған.

Сурет: tengrinews.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз