БҚО: Шалғай аудандардағы жол құрылысы неге кешеуілдеуде?

Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте  БҚО әкімі Ғали Есқалиевке ең көп қойылған сауалдың бірі – шалғай аудандарда баяу жүргізіліп жатқан республикалық маңызы бар автожол құрылысы туралы болды.  

– «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайхын» бағытындағы автжолдар құрылысы бойынша тапсырыс беруші –  «Қазавтожол» компаниясы. Әрине, мен өзімнің де жауапкершілігімді түсініп отырмын. Сол компанияның басшылығы мен олардың филиал жетекшілерімен бірлесіп, жол құрылысын үнемі бақылап отырамыз. Бірақ кейбір жолдың күрделі жөнделуіне субъективті және объективті факторлар кедергі жасады. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, ауа райының қолайсыздығы, пандемия қаупі кері әсерін тигізді. Кейбір мердігерлерге айыппұл салынды, кейбір мердігерлермен келісімшартты бұзылды. Жолдың уақытында салынбауына қатысты түйткіл біздің облыста ғана емес, басқа елдерде де, басқа өңірлерде де бар. Экономикалық жағдай мердігерлерге міндеттемелерін уақытында орындауға мүмкіндік бермей отыр. Әрине, мердігердің кінәсі нақты дәлелденсе, сол мердігерге «Қазавтожол» арқылы айыппұл саламыз. Керек болса, келісімшартты мүлдем бұзамыз. Кінәлі компания жосықсыз мердігер деп танылады. Қазіргі уақытта осындай шаралар қабылдаудамыз. «Қазавтожол» АҚ 2023 жылы аталған бағыттардағы автожол құрылысын аяқтауды жоспарлауда. Мердігерлер техникаларын алды, жұмысшыларды толық қабылдады. Құрылыс материалдарын қыс бойы тасымалдау керек. Биыл 58 шақырым жол ашылды. Көліктер ол жолмен жүре алады. Сондықтан біз аталған бағыттағы автожолар құрылысын үнемі бақылауда ұстаймыз,  – деді Ғали Есқалиев.

Айта кетейік, үш жыл бұрын Елбасы БҚО әкімі Алтай Көлгінов болғанда шалғай аудандарды облыс орталығына жалғайтын жол мәселесін шешуді тапсырған еді. Содан кейін Үкімет бұл мәселеге назар аудара бастады.

2018 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігін басқарған  Жеңіс Қасымбек БҚО-ға жұмыс сапарымен келген кезде, жалпы ұзындығы 245 км болатын республикалық маңызы бар «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайхын» автомобиль жолдарын жөндеуге қаражат бөлуге әзір екендерін, 2021 жылы пайдалануға беретіндерін мәлімдеді. Бірақ автожолды күрделі жөндеу әлі күнге өте баяу жүргізіліп келеді. Шенеуніктер түрлі себеп-салдарды алға тартып, уәде берумен шектеліп келеді.

Орал-Жәнібек жолы

30 қараша күні БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдар Меңеевтің мәліметіне сүйенсек, биыл «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы», «Өнеге-Бисен-Сайхын» бағытындағы автожол бойынша жоспарланған 58 шақырымның қазіргі таңда 42 шақырымы жөнделді.

БҚО-дағы автожолдар сапасы көпшілік тарапынан жиі сынға ұшырайды. Биыл өңірдегі жергілікті маңыздағы автожол желісінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 5%-ға ғана артпақ. 1991 жылы облыстағы автомобиль жолдары желісі 5 мың шақырымнан сәл ғана асқан. Қазіргі уақытта жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 496,7 километрге жетті (республикалық жолдар – 1414 км, жергілікті маңызы бар – 5082,7 км). Тәуелсіздік жылдарында шамамен 1200 км автомобиль жолдары салынды және қайта жаңғыртудан өтіп, 2855 шақырымы ғана жөнделген.

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған