Ертең БҚО-ға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен келмек. Жергілікті халық Премьер облыс әкімін ауыстыруға келе жатыр деп күтіп отыр.
Себебі соңғы кездері БҚО тұрғындары облыс әкімінің жұмысына көңілі толмай жүр. Әлеуметтік желіде сын өте көбейіп кетті.
Біз бұған дейін Президенттің Батыс Қазақстан облысы басшылығына жүктеген тапсырмаларының біреуі де орындалмағанын сараптап жазған болатынбыз. Еске сала кетсек.
- Бірінші тапсырма – облыс басшылығына жүктеген үлкен міндет – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің ет экспорттау мүмкіндігіне сенім білдіріп, бұл салада еңбек өнімділігі тым төмен екенін ескертті. Нәтиже: 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда БҚО-ның ет экспорты 30,4% төмендеді.
- Екінші тапсырма – БҚО-да бизнестің дамуын біркелкілендіру. Бұл жайлы Президент: «Шағын және орта бизнестің 90% астамы, сонда қамтылған халықтың 80% Орал қаласы мен Бөрлі ауданына тиесілі. Неліктен өзге аудандардың әкімдері шағын бизнестің дамуын өздерінде ынталандырмайды? …Ел бойынша шағын және орта бизнеске беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс» деп нақты тапсырма берген болатын. Нәтиже: Президент тапсырмасы орындалған жоқ. Орал қаласы мен онымен іргелес 2 ауданнан өзге 10 ауданның әрқайсысында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының үлесі 1,5-4 пайыз аралығында. Тіпті сол 2019 жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлік нысан саны 0,6%-ға азайды.
- Үшінші тапсырма – ауыз су. 2019 жылы БҚО-дағы ауылдардың 45% ғана орталықтандырылған суға қосылған еді. Президент бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Нәтиже: БҚО-да әлі 186 ауылға ауыз су жеткен жоқ! Облыстағы 416 ауылдың 230-ы ғана орталықтандырылған ауыз суға қосылған. 21 ауылға ауыз су әлі көлікпен жеткізіледі.
- Төртінші тапсырма – жол. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзекті мәселенің бірі – жол. 70% жайы мәз емес. Бұл – үлкен проблема. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне ғана кері әсер етіп қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді. Қазір Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді үш оңтүстік ауданда жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын білемін. Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады» деп нақты айтқан. Нәтиже: жол салынып біткен жоқ. 2023 жылға ысырып қойған. Аталған жолға 2021 жылы 10,2 млрд. теңге қаражат бөлініп, 45 шақырымы салынған. Жоба құны қолдан қымбаттатылуы мүмкін. Бұл бағытқа жұмсалған қаражат тексеруді қажет етеді, қылмыстық схема болуы да әбден мүмкін.
Президент Тоқаев қарамағындағылар сыбайлас жемқорлықпен ұсталса мемлекеттік орган басшылары қызметінен кетуі керек деген болатын. Облыста жемқорлық фактілері бар. Антикор былтырғы жарты жылда БҚО-да 30 қылмыстық істі анықтаған. Бес лауазымды тұлғаға қатысты сот шешімі шыққан.
Облыста медициналық кадр мәселесі өте өзекті. Есқалиев келгелі өзі тағайындаған облыс әкімінің бес орынбасары да белгілі-белгісіз себептермен орнынан босады. Облыс әкімінің орынбасары А.Алпысбаевтың кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталып, орнынан босатылды. Келгеннен бастап аймақты тәжірибе алаңына айналдырған Алпысбаевтың жасап кеткен былықтарының зардабын барлық сала әлі күнге тартып келеді. Атап айтқанда, барлық қызметкерлерді қысқарту, есепшілер мен мемсатыпалушыларды орталықтандыру, мемлекеттік мекемелерді жаппай жеке қолға сенімгерлік басқаруға беру, барлық басшыларды таксиге отырғызу, т.б. ақылға қонбайтын тәжірибелер.
2020 жылы БҚО-дағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы арасында ұзақ уақыт кикілжің болды. Ұжым театр директорын қызметінен алып тастауды, өнер ордасындағы ахуалға назар аударуды талап етті. Бір ұжымды екіге жарған дау-жанжалдың жыл бойы өршіп тұруына байланысты облыс басшылығы да нақты қадамдар жасамады. Театрдағы ішкі ахуалды тез арада реттеуге шамасы жетпеді. Осындай сорақылыққа бейжай қараған өңір жетекшісін мәдениет ошақтарындағы ұжымды ынталандыруға, кадрлық біліктілікті жетілдіруге құлықсыз екенін анық байқауға болады.
Тұрғындардың көпшілігі Ресейдің көршілес облыстарындағы медицина мамандарына жүгінеді. БҚО әкімі Ғали Есқалиев денсаулық саласындағы кадр тапшылығын шеше алмады. Коронавирус пандемиясы кезеңінде медициналық қызметкерлер мен санитарлардың үстемақысын төлеу бойынша біраз мәселе туындады. Облыстық инфекциялық ауруханада вахталық әдіспен жұмысқа тұруға байланысты іс қозғалды. 2021 жылы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов 7,8 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды. Одан кейін жылдан астам мерзім ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының креслосы бос тұрды. Коронавируспен күрес көрсеткіші бойынша БҚО ұзақ уақыт «Қызыл аймақта» болған кезде, аталған басқарманың басы даудан арылмауы, бұл салада тәртіптің босаңдығын, оны реттеуге облыс басшылығының дәрменсіз болып келгені ақиқат. 2020 жылдың желтоқсан айында қалалық көпбейінді ауруханасының директоры Арман Қалибеков денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. 2022 жылдың қаңтар айында ғана «міндетін атқарушы» атағынан құтылып, басқарма басшысы лауазымына нақты бекітілді. Осындай екіұдай күйде кадр ұстау, басқарма басшыларын бекітерде ұзақ ойлану, босбелбеулікке салыну облыс әкіміне сын деген ойдамыз.
Облыс орталығы – Орал қаласының автожолдары қыс бойы қардан аршылмады. Қаланың басты көшелері мен орталық даңғылдары қолданысқа барынша ыңғайлы етіп берілгенімен, кейбір көшелердегі тоң қыс бойы қырылмады. Облыс әкімі Ғали Есқалиев осы мәселемен жетік таныс. Одан бөлек өңір жетекшісі салалық басқармалар мен жауапты мекемелер алдында бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Бірақ іскерлік қайрат көрсете алмады. Ең болмаса, облыс орталығындағы автожолдардың қар мен мұздан уақтылы тазалануына ықпал ете алмады.
Ең өзекті мәселенің бірі – өзге аймақтарда тиімсіз болып, іске аспай қалған тәжірибе мемлекеттік нысандар жекеге сенімгерлікке берілуі. Бұған дейін Мұз сарайы, Теннис корды, «Ақжайық» футбол клубы, «Юность» стадионы сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Олардың кейбірі мемлекетке қайта қайтарылып, кейбірі кері порталға салынуда. Енді Әйтиев көшесінде спорт зал, күні кеше пайдалануға берілген «Атамекен» өнер ордасы сенімгерлікке беріледі деген ақпарат шықты. Бұл мекемелер кімдердің қолына беріліп жатқаны мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан тексеруді қажет етеді.
Бұған дейін қалалық демалыс паркі де жеке қолға өтіп кете жаздап, халық шулап тоқтатқан болатын. Енді жергілікті жұрт қыста шаңғы теуіп, жазда таза ауада серуендейтін қала іргесіндегі «Басқақ» тоғайын (Перевалочная роща) сүріп тастап, орнына тұрғын үйлер салынады деген хабарға алаңдаулы.
Айта берсек, БҚО-да жыл сайын мәселелер қордаланып келеді. Алып империяның тұмсығының астында жатқан аймаққа кабинеттен шығып халықпен тікелей жұмыс жасай алатын, аграрлық аймақ болғасын ауыл шаруашылығынан да хабары мол, астанада да беделді, Ақордаға да сөзі өтімді басшы керек. Геосаяси жағдай ушығып тұрғанда елдің шетіне саяси салмағы басым, былайша айтқанда «тяжеловес» әкім қажет.
Батыс Қазақстан облысының халқы Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға жиналғанда үш талап қойған еді. Соның біреуі облыс әкімі Ғали Есқалиевтің отставкасы. Президент Тоқаев алаңда талап етілген мәселенің бәрі қарастырылады деп айтқан еді. Оған да үш айға жуық өтті…
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғали Есқалиев әкім болғалы Батыс Қазақстан облысына келген жоқ. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың бұл өңірге алғашқы жұмыс сапары болмақ.
Нұрлыбек Рахманов
Сурет: uralskweek.kz