Қаржылық сауат – Қазақстандағы ең үлкен проблемалардың бірі, дейді «Әулетті» компаниясының директоры Диларом Абишева.
Оның айтуынша, жалпы өмірді сақтандыру бойынша халықтың сауаты өте төмен.
«Біріншіден, бізді кішкентай кезімізден қаржылық сауатты болуға үйретпеген, керісінше біздің идеология бойынша «ақша жаман». Сақтандыру агенті ретінде арнайы ұйымдарға барған кезде, әсіресе мемлекеттік мекемелерде басшылардың өзі «Ой, неменеге келдіңдер, бұл – лохотрон» деп қарсы болады. Өмірді сақтандыру ұғымына негативті көзқарас бар», – дейді маман.
Қаржылық сауаттылықтың бірден бір негізі – өмірді сауаттандыру. Халық өмірді сақтандырудың маңызын білмеген соң, ақпарат жеткіліксіз болған соң түсінбейтінін айтады маман. Егер адамдар өмірді сақтандыруды – депозит сияқты көрсе, яғни адамның өміріндегі оқыс оқиға кезінде, көлденең жағдайларда ең үлкен көмек болады. Аз ақшамен де өмірді сақтандыруға болады.
«Әрбір отбасының немесе отбасы асыраушысының сақтандыру портфелінде өмірді сақтандыру полисі болуы қажет. Себебі, ешкім өз туыстарына: «Мен саған ай сайын 50 мың теңге беріп тұрамын, егер маған бірдеңе болып қалса, менің отбасым үшін 3-5 миллион теңге бер» деп айта алмайды. Мұндай қаржылық жауапкершілікті тек сақтандыру компаниялары өз мойнына алады.
Қазіргі уақытта адамдар несие алады, баспана сатып алады, яғни үлкен қаржылық міндеттемелерді өз мойнына жүктейді. Бірақ өмірде қандай жағдай болса да, жауапкершілік ешкімнен алынбайды. Сондықтан өмірді сақтандыру міндетті болуы тиіс, өйткені бұл – отбасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің ең сенімді жолы», — дейді маман.
Тіпті ірі компаниялар басшылары жұмысшылардың өмірін сақтандырудың маңызын түсінбейтінін айтады Диларом.
«Егер қызметкермен бірдеңе болып қалса, не істейсіз? Әріптестеріңізбен 500 теңге, 1000 теңге жинап бересіз, әрі қарай не болады? Ол адамның бала-шағасы болса ше? Бірақ компаниялар жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді, сақтандыру төлеуден қашады. Себебі қызметкер жұмыс бабында жұмыс берушінің кінәсінан өмірден өтіп кетсе, компанияға еңбек инспекциясы келеді, айыппұл салады, содан қорқып көбіне, жұмыс бабында оқыс оқиға болса, басқа жақта қайтыс болды, біздің кінәміз емес деп жатады», — дейді ол.
Жұмыс берушілер «Егер қызметкерлер өз қаражатынан сақтанса, онда процессті жүргізе беріңіздер» деп жатады.
Сақтандыру компанияларының сенімді екеніне қалай көз жеткіземіз?
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы бар, оның 10-ы өмірді сақтандырумен айналысады. Бұл екі сектордың лицензиялары әртүрлі, яғни әрқайсысы өз саласына арнайы рұқсат алады. Былтыр сақтандыру компанияларының жалпы қаржысы (активтері) 3,1 триллион теңгеге жеткен.
Өмірді сақтандыру компанияларының атауында көбінесе «Life» сөзі кездеседі, мысалы, «Nomad Life», «Halyk Life», «Standard Life». Барлық ресми ақпарат Қазақстан Ұлттық Банкінің сайтындағы «Сақтандыру секторы» бөлімінде жарияланған.
Маманның айтуынша, Қазақстандағы барлық сақтандыру компанияларының қаржылық мүмкіндігі тұрақты, себебі оларды Ұлттық банк қадағалайды.
«Өмірді сақтандыру компаниялары міндетті нормативтерге сәйкес жұмыс істеуі керек, бұл талаптар өте қатаң. Оларды ай сайын, тоқсан сайын, жарты жыл сайын тексерістен өткізіп отырады, сондықтан барлық құжат қатесіз және талапқа сай болуы тиіс. Қолмен жазылған немесе түзетілген құжаттар қабылданбайды, себебі олардың барлығы архивке енгізіледі. Қазіргі уақытта бұл процесс онлайн форматқа көшіп жатыр, бірақ қателіктер үшін компанияларға айыппұл салынуы мүмкін. Егер құжатта қателік болса, оны компания қызметкерлері өз бетімен түзеткен жағдайда бұл жалған мәлімет енгізу ретінде қарастырылуы мүмкін», — дейді сарапшы.
Сондай-ақ маманның пікірінше, Қазақстандағы сақтандыру заңнамасы Орталық Азия елдері мен Ресейге қарағанда тиімді жұмыс істейді, өйткені ол тәжірибе жүзінде іске асырылып, нақты қадағалауды іске асырады.
Егер клиент өз құқықтарын білсе және сақтандыру шартының талаптарын дұрыс орындаса, ешқандай компания төлем жасаудан бас тарта алмайтынын айтады.
«Қазір сақтандыру омбудсманы бар. Осы сақтандыру компанияларының клиенттерінің құқықтарын қорғайды».
Сақтандыру компанияларының мақсаты – коммерциялық нәтиже
Сондай-ақ маман сақтандыру компанияларының негізгі мақсаты да коммерциялық нәтиже екенін жоққа шығармайды. Себебі бұл әлеуметтік бизнестің бір түрі. Онда халыққа қаржылық қорғаныс пен өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі.
«Сақтандыру компанияларының бірден бір мақсаты – коммерциялық нәтиже. Әрине, олар пайда көру үшін ашылған. Әлеуметтік бизнес деген болады, бір жағынан қоғамдағы мәселені шешу арқылы ақшалай пайда көру. Сақтандыру компаниялары бұдан пайда көреді. Қалай көреді? Біріншіден, келген ақшаларды инвестиция жасайды, бірақ инвестицияны қайда салам, өзім білемін деген әңгіме жоқ. Олар тек заңда көрсетілген қорларға инвестициялауға құқығы бар», — дейді маман.
Мысалы, Halyk Life сияқты сақтандыру компаниялары белгілі бір қаржылық ережелерге бағынады. Бұл компания Halyk Bank-тің еншілес ұйымы болғанымен, өз активтерінің тек 2%-ын ғана сол банкте ұстай алады. Егер олар барлық қаржысын сол банкте сақтаса, ол актив ретінде саналмайды.
Сақтандыру компаниялары қандай жағдайда сақтандырудан бас тартады?
«Сақтандыруға өтініш беруші анкета толтырады, онда денсаулық жағдайы туралы ақпарат беріледі. Егер адамда қандай да бір ауру бар деп көрсетілсе, андеррайтинг бөлімі (денсаулықты бағалайтын арнайы мамандар) өтінішті мұқият тексереді. Егер адамның ауруы тәуекелі жоғары болса, андеррайтерлер қосымша анализдер тапсыруды немесе медициналық анықтамалар (тарихы, терапевт қорытындысы) ұсынуды талап етеді. Кейбір жағдайларда адам мүгедек болмағанымен, ауруы өмірге қауіпті деп танылса, компания сақтандыру полисін рәсімдеуден бас тартуы мүмкін», — дейді маман.
Бірақ егер сақтандыру шарты жасалған кезде адамның дені сау болып, ешқандай ауыр дерт анықталмаса, бірақ белгілі бір уақыт өткеннен кейін ол күтпеген онкологиялық немесе басқа да ауыр дертке шалдығып, қайтыс болса, бұл сақтандыру жағдайы ретінде танылады. Мұндай жағдайда сақтандыру компаниясы төлем жасауға міндетті және клиент жинақтаған ақшасын толық қайтарады.
Қазақстандағы қазіргі жағдай
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында сақтандыру полистерінің саны артқан. 2024 жылы 23,1 миллион сақтандыру шарты жасалған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 36,1%-ға көп. Сақтандыру компанияларының активтері де жылдан жылға өсіп жатқанын айтқан болатынбыз.
Сондай-ақ 1,5 трлн теңге сақтандыру сыйлықақылары (сақтандыру компаниялары халықтан немесе кәсіпорындардан сақтандыру полистері үшін алған ақша) жиналып, 334,2 млрд теңге сақтандыру төлемдерін (сақтандыру жағдайы болған кезде клиенттерге төленетін ақша) жасаған.
Салымшылардың басым бөлігі жазатайым оқиғалардан сақтандыру (160,4%-ға артқан) мен ауруға байланысты сақтандыру (47,7%-ға өскен) үшін келісімшарт жасаған.
Сақтандыру компаниялары ақшаны қайда сақтайды?
- 76%-ы (2,4 трлн теңге) – бағалы қағаздарда (мысалы, мемлекеттік облигациялар, ірі компаниялардың акциялары),
- 5,3%-ы (166 млрд теңге) – банктердегі депозиттерде,
- 4%-ы (124 млрд теңге) – сақтандыру клиенттерінен алынған, бірақ әлі төленбеген қаражат.
Қорыта келгенде, Қазақстандағы сақтандыру саласы жыл сайын дамып, халықтың қаржылық қорғанысқа деген сұранысы артып келетінін байқауға болады. Сақтандыру шарттарының саны артып, нарықтағы ақша айналымы өсіп жатыр. 2024 жылы 23,1 миллион сақтандыру полисі жасалып, 1,5 трлн теңге сақтандыру сыйлықақысы жиналды, ал клиенттерге 334,2 млрд теңге төленді.
Дегенмен, өмірді сақтандыруға деген түсінік пен қаржылық сауаттылықтың төмендігі бұл нарықтың толық дамуына кедергі болып отыр. Маман пікірінше, көп адамдар сақтандыруды қаржылық қауіпсіздік құралы ретінде емес, тек шығын ретінде қабылдайды. Тіпті ірі компаниялардағы жұмыс берушілердің өзі өмірді сақтандыру процессінің қалай іске асатынын түсіне бермейді.
Сурет: Pixabay