2026 жылдан бастап Қазақстан мен Әзербайжан арасында паромдар қатынай бастайды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Күрік және Алят порттары бағытында алты паром іске қосуды жоспарлап отыр.
Паром — адамдарды, көліктерді немесе жүктерді өзен, көл, теңіз сияқты су айдындары арқылы тасымалдайтын кеме түрі.
Қазір екі паром Каспий теңізінің акваториясына кірген, олар 2026 жылдың бірінші жартысында қатынай бастайды. Алдағы жылдары жыл сайын екі паромнан қосылып, 2028 жылға қарай барлық алты кеме толық іске қосылмақ.
Биыл Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы Маңғыстау облысы бойынша жүк тасымалы 20%-ға өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етпек.
2015 жылдан бері екі ел арасында Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Құрық порты арқылы паромдар қатынайды.
Көлік министрлігінің мәліметі бойынша теңіз порттарының акваториясын тереңдету және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Құрық портының акваториясы мен кіреберіс каналында тереңдету жұмыстары аяқталды. Тереңдігі 5,5 метрден 7-8 метрге дейін ұлғайтылды.
Ақтау және Құрық порттарының жылдық өткізу әлеуеті бүгінгі талапқа сай деп есептейді Көлік министрлігі. Бұл ретте порттарды кеңейту немесе жаңа теңіз хабын салу туралы стратегиялық жоспар ретінде 2024 жылғы 29 сәуірде ҚР Үкіметінің №343 қаулысымен Қазақстан Республикасының теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.
Оқыңыз: Каспий дағдарысы: климат, саясат және экология
фото: freepik.com