Каспий теңізі – әлемдегі ең ірі тұйық су айдыны болып саналады. Оның қазіргі жалпы аумағы шамамен 371 мың шаршы километр, алайда соңғы жылдары теңіз көлемі біртіндеп азайып келеді. Каспий теңізін бес мемлекет пайдаланады: Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран. Теңіздің жалпы жағалау сызығы шамамен 7 мың километрге жуық. Соның ішінде Қазақстанға тиесілі жағалау ұзындығы шамамен 2320 километр, бұл Каспий маңындағы елдер арасындағы ең ұзын жағалау болып есептеледі. Қазақстан Каспийдің негізінен солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, бұл аймақ теңіздің ең таяз әрі экологиялық тұрғыдан ең осал аумағы саналады. Каспий суының шамамен 80 пайызы Еділ өзені арқылы толығады, ал Қазақстан жағалауындағы экожүйелер осы су балансына тікелей тәуелді. Теңіз тек табиғи ресурс емес, сонымен қатар көлік, энергетика және биологиялық әртүрлілік тұрғысынан стратегиялық маңызға ие аймақ болып табылады. Осы себепті Каспийдегі кез келген экологиялық немесе гидрологиялық өзгеріс ең алдымен жағалаудағы мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның ұлттық мүдделеріне әсер етеді. Сондықтан Каспий теңізінің қазіргі жағдайын жан-жақты зерттеу аймақтық қауіпсіздік пен тұрақты даму тұрғысынан маңызды.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сай Каспий теңізінің деңгейі көпжылдық және жыларалық ауытқуларға байланысты өзгереді. Каспий маңы елдерінде жүргізілетін жүйелі бақылау кезеңінде (1900 жылдан бастап 2024 жылға дейін) Каспий теңізінің деңгейі Балтық жүйесі (БЖ) бойынша минус 25,74 метрден бастап (1900 жылы) БЖ бойынша минус 29,05 метрге дейін (2024 жылы) өзгерді.
«Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша 2006 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі деңгей 2,13 м (БЖ бойынша -27,07 м-ден БЖ бойынша -29,20 м-ге дейін) төмендеді:

Соңғы он жылда (2015–2024 жж.) Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы деңгей айтарлықтай төмендеді: Солтүстік Каспийде – 1,09 м, ал Орта Каспийде – 1,38 м (1-кесте). Бұл өзгерістер теңіздің тайыздану процесінің жалғасып жатқанын және соңғы онжылдықтарға тән тұрақты түрде төмендеу қаупі күшейіп отырғанын көрсетеді.

Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы негізінен Каспий маңы аймағындағы өзендерге антропогендік әсер мен климаттың өзгеруіне байланысты су балансының сипаттамаларының арақатынасына тәуелді.
Қазіргі уақытта климаттық өзгерістер мен антропогендік әсердің ықпалы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне әлі де әсер етуде. Бұл үдеріс әсіресе теңіздің қазақстандық акваториясында байқалады.
Қазақстандық ғалымдар («Қазгидромет» РМК) Community Climate System Model климаттық моделінің RCP4.5 және RCP8.5 сценарийлері негізінде жүргізген зерттеулер теңіз деңгейінің төмендеу үрдісі сақталатынын көрсетті (2-кесте).
Есептеулерге сәйкес 2050 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі Балтық жүйесі бойынша –32,4…–34,0 метрге дейін төмендеуі мүмкін.

Ескерту: Representative Concentration Pathways (репрезентациялық концентрация траекториялары) — атмосфераға антропогендік парниктік газдардың болашақтағы шығарылуының эволюциясын сипаттайтын сценарийлер. Төрт негізгі сценарий қолданылады: RCP 8.5, RCP 6.0, RCP 4.5, RCP 2.6. Сандық мәндер 2100 жылға қарай «индустриалды кезеңнің» басынан бастап радиациялық форсингтің (Вт/м²) рұқсат етілген шекті шамасын көрсетеді. Радиациялық форсингтің мәні неғұрлым аз болса, парниктік газдар шығарындыларына қойылатын шектеулер соғұрлым қатаң болады.
RCP4.5 – қалыпты сценарий, 2050 жылға қарай жаһандық орташа температураның 0,9 – 2,0 °C көтерілуі
RCP8.5 – қатаң сценарий, 2050 жылға қарай жаһандық орташа температураның 1,4 – 2,6 °C көтерілуі
**қазіргі кезде Community Earth System Model
Теңіздің күретамыры – Ресей аумағында
Каспий теңізіне шамамен 130 өзен құяды, алайда олардың негізгі жылдық су ағыны бірнеше ірі өзендер есебінен қалыптасады (шамамен 270–300 км³). Ең үлкен үлес Еділ өзеніне тиесілі ≈210-215 км³, бұл жалпы су ағынының 86,1 % құрайды. Одан кейін Жайық – 2,9 %, Терек – 2,4 %, Кура – 5,1 %, сондай-ақ Сулак, Самур және Иран жағалауындағы өзендері кіреді.
2024 жылғы деректер бойынша Еділ (дельтадағы шығындарды ескере отырып), Жайық, Терек, Самур, Сулак және Кура өзендерінің гидрометриялық бақылаулары негізінде Каспийге құятын жиынтық өзен ағыны бағаланды. Шағын өзендер мен Иран жағалауындағы өзендердің көпжылдық орташа ағынын қосқанда, жылдық жалпы өзен ағыны 258,8 км³ құрады.
Каспий теңізінің гидроометеорологиясы жөніндегі үйлестіру комитеті (КАСПКОМ) жариялаған №30 ақпараттық бюллетеньге сәйкес 2025 жылдың алғашқы 9 айында Еділ өзенінің су ағыны шамамен 158 км³ болды, бұл 2024 жылғы су аз кезеңмен салыстырғанда (187 км³) 29 км³-ге аз.
Осы көрсеткіштерден көрінетіндей, Каспий теңізінің деңгейі көбінесе ірі өзендердің су ағынына тәуелді. Еділ өзенінің ағын көлемінің азаюы теңіз деңгейінің төмендеуіне тікелей әсер етеді, ал Жайық, Терек, Кура сияқты өзендердің үлесі салыстырмалы түрде аз болғанымен, ұзақ мерзімді өзгерістерді есепке алу маңызды.
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша 2024 жылы Жайық өзенінің ағын көлемі 17,1 км³ құрап, бұл қалыпты мөлшерден 80%-ға жоғары болды. Аталған жылы көпсулы гидрологиялық цикл байқалғандығын көруге болады.
«Су кірісінің басым бөлігі — шамамен 270-300 км³ — Волга өзеніне (86 %, ), Жайық (Орал) (2,9 %), Терек (2,4 %), Кура (5,1 %), Сулак, Самур және Иран жағалауындағы басқа өзендерге тиесілі. Бұл өзендер Каспийге жылына түсетін судың шамамен 90 %-ын қамтамасыз етеді. Каспийге ең көп су Волга өзені арқылы келеді — өзен ағынының жалпы көлемінің 87 %-ға жуығы. Жайық өзенінің үлесі 2% дан аз. Айта кету керек, Еділ өзені трансшекаралық өзен емес, сондықтан оны Ресейдегі су қоймалары арқылы реттеу Қазақстанға әсер етпейді», — деп хабарлады Су шаруашылығы және ирригация министрлігі Sarapshy.info сауалына.
Су деңгейінің төмендеуіне байланысты Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігі қарқынды таяздануға ұшырады (сурет).

Каспий аймағындағы климаттық қатер
«Глобус» қоршаған ортаны қорғау құқығы бастамалары орталығының төрайымы және Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Галина Чернова Каспий теңізінің жағдайына байланысты дабыл қағу керек деп ойлайды. Оның пікірінше, 2060 жылы Каспий 9-18 метр төмендеуі мүмкін. Әзербайжан ұлттық ғылыми академиясының ғалымдары Каспий екіге бөлініп, Солтүстік және Солтүстік-шығыс бөлігіндегі суы өте таяз болып қалатынын алға тартып отыр. Теңіз қазіргі жағалаудан 30-35 шақырымға алыстайды. Егер бұл сценарий осылай жалғаса берсе, Каспийдің солтсүтік бөлігі мүлдем құрып кетеді.
«Бұған дейін ұсынылған болжамның барлығы математикалық тәсіл арқылы шығарылған. Компьютер таязданудың деңгейі мен қарқынын есептейді. Бірақ табиғи цикл ескерілмеген. Ежелгі кезде теңізде алапат трансгресия (арнасынан асу) және регрессия (шегіну) құбылысы болған», – деді Галина Чернова.
Ежелгі палеозой дәуірінде және бор дәуірінде теңіз қазіргі Самара аумағына дейін жеткен. Хвалын трансгрессиясы кезінде теңіз Орал қаласының деңгейіне дейін көтеріліп, бүкіл аумақ су астында қалған. Теңіз кейін Ақтау қаласындағы орнына қайтып келген. Мұның сырын ғалымдар әлі күнге түсіндіре алмай келеді.
«Ғалымдар 1977 жылдан бастап Каспий тартыла бастағанын айтады. Бір есеп бойынша біз айтқан табиғи цикл жүз жылда немесе елу жылда қайталанады. Осыған сенсек, 2077 жылы немесе 2027 жылы теңізді шегінуі тоқтап, жаңа цикл басталуы тиіс. Қазіргі математикалық модельде метафизика құпиясы ескерілмеген. Сондықтан Каспий бұрынғы қалпына қайтып келеді деп үмітенеміз», – деді Галина Чернова.
Бірақ эколог жаһан климатының өзгеруі де айрқыша алаңдатып отырғанын айтты. Қазіргі уақытта жердегі көптеген өзен-көлдің булануы өте жоғары деңгейде. Соның салдарынан Каспийдің де біртіндеп семе беретінін айтып, сарапшылар дабыл қағып отыр.
«Солтсүтік Каспий экожүйесінің күйреуі Еділ өзенінің ағынына байланысты екені анық. Бірақ бұл жерде экологиялық болжамдар мен қорытындыдан бөлек саяси себептердің барын жоққа шығаруға болмайды. Ресейдің өзен жағасына каскадтар мен су-электр станцияларын салуының салдарынан Еділ бұрынғыдай су алып келіп жатқан жоқ», – деді Галина Чернова.
Қазіргі уақытта Еділ ахуалының нашарлағанын айтып, ресейлік су ресурстары комитеті мәселе көтеруде. 2022-2024 жылдары өзен арнасындағы су әлдеқайда кеміген. Еділдің жоғары бөлігінде қардың жиналуы мен жаңбырдың жаууы ортажылдық және көпжылдық мәнінің 80%-ын ғана тең екені мәлім болды.
Теңізді сауықтыруға арналған бағдарламалар
Экология министрлігінің мәліметі бойынша Тегеран конвенциясын іске асыру шеңберінде Каспий маңы мемлекеттерінің 2026-2036 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарының жобасын әзірлеуде. Іс-қимыл жоспарының жобасы теңіз деңгейінің ауытқу себептерін зерделеуге, оның өзгеру болжамдарын әзірлеуге және теңіз деңгейінің ауытқуына бейімделу бойынша келісілген шараларды әзірлеуге бағытталған іс-шаралар кешенін орындауды көздейді.
«Бүгінгі күні министрлік өз құзыреті шеңберінде Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция (Тегеран конвенциясы) және оған хаттамалар шеңберінде Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Қазақстан Тегеран конвенциясына төрт хаттаманы ратификациялады және қазіргі уақытта Тегеран конвенциясына Каспий теңізінің теңіз ортасының жай-күйі туралы мониторинг, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі хаттаманың жобасын келісу бойынша жұмыс жүргізуде. Каспий маңы елдерінің Каспий теңізінің жай-күйін бақылау жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру үшін қоршаған ортаны мониторингілеу бағдарламасының (ҚОМБ) жобасы әзірленді және оны келісу бойынша жұмыс жүргізілуде», – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.
Анықтама:
- Мұнаймен ластануды тудыратын оқиғалар болған жағдайда өңірлік дайындық, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттама (Ақтау хаттамасы) (ҚРЗ 18.03.2016 ж. № 474-V ҚРЗ ратификациялады және 2016 жылғы 26 маусымда күшіне енді);
- Каспий теңізін жер үсті көздерінен қорғау және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесіндегі хаттама (Мәскеу хаттамасы) (2021 жылғы 1 қарашадағы № 71-VII ҚРЗ ратификациялады және 2023 жылғы 13 қарашада күшіне енді);
- Трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі хаттама (ҚОӘБ жөніндегі хаттама) (2021 жылғы 4 қазандағы № 66-VII ҚРЗ ратификациялады, 2025 жылғы 18 қарашада күшіне енді.);
- Биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттама (Ашхабад хаттамасы) (2021 жылғы 23 қазандағы № 70-VII ҚРЗ ратификациялаған, Әзірбайжан мен Ресей ратификацияламаған).
Тегеран конвенциясының 16-бабын орындау үшін қазіргі уақытта Каспий маңындағы бес мемлекет «Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы бойынша 2025-2035 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын» қарастыруда.
«Қазгидромет» РМК Каспий теңізінде гидрометеорологиялық мониторинг жүргізу қызметі аясында Каспий теңізінің гидрометеорологиясы жөніндегі үйлестіру комитетінің (КАСПКОМ) мүшесі ретінде өз міндеттемелерін орындап отыр.
КАСПКОМ 1994 жылы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның қолдауымен Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтері арқасында құрылған. Қазақстан жыл сайын КАСПКОМ-ға Каспий теңізінің қазақстандық жағалауы бойынша келесі ақпараттарды ұсынады:
- Каспий теңізіне қатысты гидрометеорологиялық деректер каталогтарын толтыруға қажетті мәліметтер (теңіз деңгейі, су температурасы, беткі ағыс және өзге де көрсеткіштер);
- Каспий теңізі деңгейінің жай-күйіне арналған бірлескен ақпараттық бюллетеньді шығару үшін теңіз деңгейі жөніндегі деректер;
- Каспий аймағының (Қазақстан аумағы бойынша) климатының жағдайы мен өзгерістеріне арналған жыл сайынғы бюллетень.
Сонымен қатар Ресей, Әзербайжан және Түрікменстандағы мекемелермен жедел ақпарат алмасады. Каспий маңындағы станциялардың деректері күн сайын тұрақты түрде беріледі.
ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық океанографиялық комиссиясы аясында «Қазгидромет» Қазақстандағы Ұлттық океанографиялық деректер орталығы (NODC) болып табылады және Каспий теңізіне қатысты океанографиялық мәліметтерді жинау, сақтау және қолжетімді ету жұмыстарын жүргізеді.
Жергілікті атқарушы органдар өңірлік деңгейде климаттық бейімделу стратегиясын дайындаумен айналысады.
Теңіз порттарын жаңғырту жұмысы өзекті
Көлік министрлігінің мәліметі бойынша теңіз порттарының акваториясын тереңдету және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазір Құрық портының акваториясы мен кіреберіс каналында тереңдету жұмыстары аяқталды. Тереңдігі 5,5 метрден 7-8 метрге дейін ұлғайтылды.
2026 жылы Ақтау портының акваториясын тереңдету жоспарлануда. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді.
Бұдан басқа порттарды теңіз деңгейінің төмендеуіне бейімдеу бойынша шаралар қабылданады:
- айлақ құрылымдарын жаңғырту,
- жаңа қоршауларды орнату,
- порт инфрақұрылымын салу,
- тереңдігі таяз суларда жүзуге арналған кемелерді салу
Ақтау және Құрық порттарының жылдық өткізу әлеуеті бүгінгі талапқа сай деп есептейді Көлік министрлігі. Бұл ретте порттарды кеңейту немесе жаңа теңіз хабын салу туралы стратегиялық жоспар ретінде 2024 жылғы 29 сәуірде ҚР Үкіметінің №343 қаулысымен Қазақстан Республикасының теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының және өңірлік келісімдердің талаптарын сақтауына мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асырады.
Бұдан басқа, министрліктің аумақтық бөлімшесі – Қазақстан Республикасы порттарының Теңіз әкімшілігі және танылған классификациялық қоғамдары кемелердің техникалық жай-күйінің, жабдықтары мен жүйелерінің МАРПОЛ конвенциясының талаптарына сәйкестігіне, кеме бортында растайтын құжаттардың болуына бақылауды жүзеге асырады. Қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған жағдайда кеме белгіленген талаптарға толық сәйкес келгенше оның жұмысы тоқтатылады.
Ақтау және Құрық порттары EcoPorts халықаралық сертификатынан өтіп, «Жасыл порт» мәртебесіне ие болды.
Өндірістік қызметті жүзеге асыру кезінде қазақстандық порттар қолданыстағы заңнамаға және ISO 9001 сапа менеджменті жүйесінің, ISO 14001, ISO 45001 экологиялық менеджменті жүйесінің және PERS порттарының экологиялық сараптама жүйесінің халықаралық стандарттарына сәйкес экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Халықаралық көлік дәлізі жетілдіріледі
Көлік министрлігі қазіргі уақытта үкіметаралық келісім ауқымында Әзербайжанмен Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) мәртебесін арттыру мәселесі пысықталып жатқанын хабарлады.
Атап айтқанда, бүгіндері үкіметаралық келісімнің жобасы әзірленді. Бұл жоба ТХКБ өткізу қабілетін қамтамасыз ету бойынша өзара міндеттемелер, порттарда тереңдікті ұстап тұру үшін тереңдету бойынша бірлескен кәсіпорын құру, порттарда тараптардың желілік кемелеріне бірінші кезекте қызмет көрсету, үш жылдық қолданылу мерзімі бар ТХКБ бойынша өтпелі тарифтерді белгілеу, теміржол-су қатынасында бірыңғай құжатты қолдану, бірыңғай логистикалық оператордың «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер кешенін ұсыну, тасымалдау процестерін цифрландыру, тасымал қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыру, транзиттік жүктерді кедендік тексеруге үш жылдық мораторий енгізу, жеткізу мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету және т. б. мәселелерді қамтиды.
Келісімді оған басқа елдердің қосылу мүмкіндігімен ашық ету ұсынылады. Келісім жобасы қатысы бар ұйымдарға келісуге жолданған.
Ведомствоаралық бақылау
Аумақтық теңіздегі кемелер мен объектілерден мұнайдың төгілуін жою кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді үйлестіру және қамтамасыз ету ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты «Теңіз жасағы» АҚ құзыретіне кіреді.
Каспий теңізінің қазақстандық секторында экологиялық қадағалау мен мониторингті қамтамасыз етуді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі және оның ведомстволық құрылымы — «Қазгидромет» РМК жүзеге асырады.
Бұдан басқа, Экология және табиғи ресурстар, Энергетика, Төтенше жағдайлар, Көлік министрліктері Теңізде және Қазақстан Республикасының сақтық аймағында мұнайдың төгілуі салдарын жоюға арналған дайындықты және іс-қимылдарды қамтамасыз етудің ұлттық жоспарын бекітті.
Ұлттық жоспар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібін және екінші (10-нан 250 тоннаға дейін) және үшінші деңгейдегі (250 тоннадан астам) мұнайдың төгілуі кезінде авариялық жағдайлардан және басқа да себептерден туындаған мұнай төгілулерінің дайындығын, уақтылы ден қоюын және олардың салдарын тиімді жоюды қамтамасыз ететін іс-шараларды біріктіру тәртібін айқындайды.
Ұлттық жоспардың талаптары шеңберінде бірінші деңгейдегі (10 тоннаға дейін) мұнайдың төгілуін жоюға арналған теңіз порттары мен кеме қатынасы компаниялары құрылыстың немесе кеменің персоналы қабылдайтын жоспарлауды, әзірлікті және ден қою шараларын қамтитын төгілуді жою жөніндегі жоспарларды әзірлейді, сондай-ақ арнайы жабдықтары болады.
Теңіздің тартылуының порттар мен транзитке ықпалы
Көлік министрлігінің деректеріне сүйенсек, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты теңіз порттарындағы нақты тереңдік төмендеді. Бұл жайт кемелердің жүзу мүмкіндігін шектеуге және тиісінше, кемелердің стандартты тиеу көлемінің төмендеуіне алып келді. Осы жағдайда Ақтау портындағы кемелерге жүк белгіленген сыйымдылығының 70%-ына дейін тиеледі. Бұл факторлар теңіз көлігінің тиімділігіне әсер етеді және маршрут шығындарының өсуіне әкеледі. Осы мәселелерді шешу үшін акваторияны тереңдету және қолданыстағы сауда флотын орналастыру үшін теңіз портының терминалдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жобалар бойынша жаңа кеме конструкциялары әзірленуде (кеңірек, бірақ аз тартпамен), бұл кемелердің жүк өткізу қабілетін және шөгуді азайту кезінде тұрақтылығын арттырады.
«Қыркүйек айында Әзірбайжанның «Baku Shipyard» кеме жасау зауытында жүк көтергіштігі 780 ЖФЭ болатын екі контейнерлік кеме құрылысына тапсырыс берілді, бұл қолданыстағы контейнерлік кемелердің жүк көтергіштігінен (350 ЖФЭ) 2 есе артық, шөгу күші – 4,5 м. Осыған ұқсас алты құрғақ жүк кемесінің құрылысы жоспарлануда.
Қазіргі уақытта әзірбайжандық тараппен сыйымдылығы 120 вагондық және 4,5 метрлік жобалық паромдарды пайдалана отырып, жаңа паромдық жүйені құру мәселесі талқылануда», – деп хабарлады ведомство.
Транзит әлеуетін арттырмақ
Экономистер Каспий теңізі көмірсутек, логистика және транзит тұрғысынан Қазақстанның әлеуетін күшейте алады деп есептейді.
Қазақстан осы бағытта логистиканы дамытуға күш салуда.
Бүгінгі таңда Құрық портында «Semurg Invest» компаниясы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салуда. Жобаның құны – 98 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2030 жыл, болжанатын өндірістік қуаты – 11 млн тонна. Жобаны іске асыру астық терминалын, құйылмалы және жалпы жүктер терминалдарын, әмбебап (контейнер) терминалын және көлік-логистика орталығын салуды көздейді. Сонымен бірге Ерсай теңіз портында контейнер терминалын құру жоспарланған.
Каспий маңы елдері арасында кеме қатынасы, тарифтік саясат, порттардың цифрлануы және жүктерді рәсімдеу уақыты бойынша бірнеше келісім бар. Министрлік Қазақстан тарапы жаңа технологияны қолдануға көшетінін мәлімдеді.
Қытайдан Еуропаға контейнерлік пойыздарды жөнелтудің логистикалық процесін цифрландыру мәселесін шешу үшін мультимодальды Digital Trade Corridor цифрлық платформа әзірленді. Жүктерді қадағалау қызметі ҚТЖ, Әзірбайжан және Грузия теміржол әкімшіліктерімен біріктірілді, Қытайдың логистикалық платформаларымен интеграция аяқталды, Түркия мен Еуропаның теміржол әкімшіліктерімен келіссөздер жүргізілуде. Биыл Ақтау және Баку порттарының TOS (Terminal Operation System) жүйесімен деректер алмасу бойынша жұмыс жоспарлануда.
Биыл қыркүйек айында жүргізілген талдаудан кейін Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы «тар жерлерді» жою жөніндегі жол картасына қол қойылды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы әзірленді. Бұл жоба порттарда екі тараптың лайнерлік кемелеріне бірінші кезектегі қызмет көрсету мәселелерін шешуге, үш жылдық әрекет ету мерзімімен ТХКБ тарифтерін белгілеуге, бірыңғай логистикалық операторға «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтердің кешенді кешенін ұсынуға, тасымалдау процестерін цифрландыруға, жеткізу мерзімдерін қамтамасыз етуге және тағы басқа мәселелерді шешуге бағытталған. Келісімге оған басқа елдер қосыла алады.
Каспий дипломатиясы
Каспий маңындағы мемлекеттердің арақатынасы жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің докторанты Меруерт Шакироваға бірнеше сұрақ қойдық.
Каспий теңізі – ірі байланыс аймағы десек болады? Осыны халықаралық дәліз ретінде Қазақстан қалай пайдаланып отыр?
– Каспий теңізі қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайында Қазақстан үшін маңызды байланыс аймағы. 2022 жылдан кейін Транскаспий халықаралық көлік бағытына сұраныс өсіп жатыр. Мысалы, 2023 жылы ресми дереккөздерге сүйенсек, бұл бағытпен 3,7 млн тонна жүк тасымалданса, 2025 жылы бұл көрсеткіш кем дегенде екі еселенеді деп күтілуде. Сонымен қатар Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымы жаңартылуда. Каспийдегі флотты кеңейту мақсатында жаңа танкерлер мен жүк кемелері пайдалануға берілген. Бұл әрекеттер жүк тасымалының уақытын шегеріп, логистикалық тасымалдарды жеделтуге мүмкіндік беруде. Еуропа мен Азия арасындағы балама жолдарға сұраныс артуына байланысты, Қазақстан мұнайдың бір бөлігін Каспий теңізі арқылы Әзербайжан бағытымен тасымалдап, Орта дәліздің маңыздылығы одан әрі артты. Осы аталған себептерге байланысты Каспий теңізі Қазақстан үшін жай ғана су айдыны емес, әлемдік маңызы бар халықаралық логистикалық артерия.
Каспий теңізі бірнеше мемлекетке ортақ. Бүгінге дейін шекаралар белгіленді ме? Экономикалық тұрғыда Қазақстан қаншалықты өз мүддесін қорғап отыр? Әсіресе Ресейден қаншалықты тәуелсіз?
– Каспий бірнеше мемлекетке ортақ болғанымен, Қазақстан өз секторын 1998-2003 жылдары Ресей және Әзербайжанмен теңіз түбін бөлу туралы келісімдер арқылы делимитациялады. 2018 жылғы Ақтау конвенциясы Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындап, ұлттық секторларды екіжақты келісімдер арқылы бөлу қағидасын халықаралық деңгейде бекітті. Қазіргі таңда Ресейге тәуелділік әлі де болғанымен, оны азайту бағыттары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры бағытымен шамамен 1,4 млн тонна қазақстандық мұнай экспортталды. Сол жылы Транскаспий халықаралық дәлізімен жүк тасымалы 2,8 млн тоннаға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 80 пайыздан астам өсті. Және бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғайып жатыр. Каспий құбыры консорциумына шабуыл жасалғаннан кейін мұнай экспорты басқа балама жолдарды шұғыл түрде жүйелеу қажеттілігін тудырып отыр. Жалпы айтатын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан Каспийде құқықтық тұрғыда да, көлік-энергетикалық саясатта да өз дербестігін жылдан жылға күшейтіп келеді.
Каспий маңындағы елдер экология талаптарын қаншалықты сақтап отыр? Халықаралық конвенция, заң талаптары бойынша қалай жұмыс істеуде?
– Каспий маңындағы елдерде экология бойынша ортақ талаптар бар, бірақ оларды орындау деңгейі әртүрлі. Негізгі халықаралық құжат – 2003 жылғы Тегеран конвенциясы. Бұл құжат шеңберінде Каспийді қорғауға қатысты міндеттерді бекітеді, яғни ластануды азайту, биоәртүрлілікті сақтау, мұнай төгінділерін болдырмау, мониторинг жүргізу. Қағаз жүзінде барлық елдер осы конвенцияға қосылған, бірақ іс жүзінде сақталуы әркелкі. Айталық, Қазақстан мен Әзербайжан мониторингті күшейтіп, халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп отыр, ал Ресей мен Иранда экологиялық бақылау баяу. Балық қоры, әсіресе бекіре, айтарлықтай азайғаны бұл талаптардың толық орындалмай отырғанының нақты белгісі. Сонымен бірге, Каспийдің тартылуы мен теңіз деңгейінің төмендеуі елдерді экологиялық ынтымақтастықты күшейтуге мәжбүрлеп отыр. Қазіргі таңда нормативтік база бар, бірақ практикалық орындауда айтарлықтай олқылықтарды көріп отырмыз.
Каспий теңізінің проблемасы халықаралық ареналарда қозғалып жүр ме? Қаншалықты нәтиже бар?
– Кейінгі жылдары Каспийдің экологиялық проблемалары халықаралық деңгейде жиі көтеріліп жүр. 2022 жылдан бері БҰҰ, UNEP және Дүниежүзілік банк теңіз деңгейінің төмендеуін «аймақтық экологиялық дағдарыс» деп атады. Тегеран конвенциясы шеңберінде мұнай төгінділерін бақылау, биоәртүрлілікті сақтау және трансшекаралық экологиялық бағалау бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Толық шешімдер әлі жоқ, бірақ нәтижелер бар. Мысалы, бірлескен мониторинг жүйесі жаңарды, экологиялық есептер ашық бола бастады, ал Каспий тартылуы алғаш рет халықаралық климат күн тәртібінің бөлігіне айналды. Қорытындылай келе, Транскаспий халықаралық көлік бағыты табысты жұмыс атқару үшін Каспий теңізіндегі климаттық өзгерістер мен экологиялық мәселелерді назардан тыс қалдырмау керек.
Каспий төңірегінде елдер арасында мүдделер қақтығысы бар ма? Қандай дау-жанжалдар болды? Дипломатияға нұқсан келтіруі мүмкін қандай қауіп-қатер бар?
– Қазіргі таңда Каспий төңірегінде ашық қақтығыс жоқ, бірақ елдер арасында мүдделер қайшылығы бар. Әсіресе теңіз түбіндегі мұнай-газ кен орындары, балық қоры және транзит бағыттары бойынша бәсекелестік байқалады. Тарихта Әзербайжан мен Түрікменстан арасында «Кяпаз/Сердар» кен орны бойынша дау болды, Иран бірнеше рет Әзербайжан кемелеріне ескерту жасаған жағдайлар кездескен. Ал Ресей Каспийдегі ең үлкен әскери флотқа ие, бұл өңірлік теңгерімге өз ықпалын тигізеді. Қазір негізгі қауіптер – теңіз деңгейінің төмендеуі, ресурстардың азаюы және Транскаспий дәлізіне қатысты геосаяси тартыс. Егер экология, транзит және энергетика мәселелерінде ортақ ұстаным қалыптаспаса, бұл дипломатиялық шиеленіс тудыруы мүмкін. Яғни Каспий маңындағы елдер арасында белгілі бір мүдде қайшылықтары толықтай жоқ деуге болмас, бірақ оларды тараптар дипломатиялық арнадан шығармай келіссөз арқылы реттеп келеді.
Бір ғасырда 1,3 млн итбалық қырылып қалды
Кейінгі жылдары Каспий жағасынына мыңдаған өлі итбалық шығып қалды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті сауалдарымызға жауап берді. 2022 жылы Каспий итбалығының популяциясы халықаралық ұйымдар дерегі бойынша 70-100 мың аралығында деп бағаланған. Ал 1900 жылдары бұл көрсеткіш 1 миллионға жуық болған.
Каспий итбалығы – эндемик түр болып саналатын, бүкіл теңіз акваториясы бойынша миграция жасайтын әрі трансшекаралық биоресурсқа жататын жалғыз теңіз сүтқоректі. Белгілі болғандай, соңғы жүз жыл ішінде әртүрлі табиғи және антропогендік факторлардың теріс әсерінің нәтижесінде итбалықтардың жалпы саны 1 миллионнан 300 мың басқа дейін қысқарған. Қазіргі уақытта итбалықтар саны шамамен 270 мың басты құрайды.

Итбалықтар өліміне не себеп болды?
Итбалықтар популяциясының азаюына ең алдымен өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін қарқынды жүргізілген кеңестік кезеңдегі кәсіптік аулау әсер етті. Сонымен қатар мекендеу ортасының ластануы жануарлардың иммунитетінің төмендеуіне, созылмалы улану, жыртқыштар обасы секілді түрлі ауруларға бейімділігінің артуына алып келді. Бұдан бөлек, климаттық қолайсыз жағдайлар, теңіздегі көмірсутек өндірудің кеңеюі, кеме қатынасының күшеюі, балық аулау торларына іліну және өзге де антропогендік факторлар негізгі қауіптердің қатарына жатады. Аталған теріс факторлардың жиынтық әсері аталған түрдің жалпы санының төмендеуіне алып келген.
2000 жылдардан бастап Каспий теңізінің жағалауында өлі итбалықтардың денелері кезең кезеңімен табылып келеді. Теңіз жағасына шығуы, әдетте, дауылды желдің салдарынан орын алады. Табылған сәтте барлық дене қатты ыдыраған күйде болғандықтан, патологиялық материалды алу көбінесе мүмкін болмайды. Мамандандырылған ғылыми ұйымдардың пікірінше, 2022-2023 жылдары анықталған итбалықтардың (шамамен 500 бас) өлімінің себебі – иммунитеттің әлсіреуі аясында таралған жыртқыштар обасы.
Оқыңыз:
Каспий жағалауында өлген итбалықтар құны бойынша шығын есебі 1,4 млрд теңгеден асып кетті
2024 жылғы 24 қазаннан 4 желтоқсанға дейінгі аралықта 1989 итбалықтың денелері анықталған. Анықталған өлі итбалықтардың жалпы санының 3-5 %-ы ғана балық аулау торларына шырмалу немесе механикалық зақымдану белгілерімен тіркелген, бұл көрсеткіш олардың жаппай қырылуының негізгі себебі болып табылмайды. Сонымен қатар, желілерге теңіз акваториясында еркін қалқып жүрген өлі итбалықтардың түсуі мүмкін деген болжам да бар. Ғылыми ұйымдар мен мүдделі мемлекеттік органдар жүргізген материалдарды талдау нәтижесі бойынша 2024 жылғы итбалықтардың қырылуының ықтимал себептері ретінде теңіз түбіндегі жер сілкіністерінен туындаған табиғи газдардың бөлінуімен байланысты табиғи құбылыстар қарастырылған.
2025 жылдың 3-8 қарашасы аралығында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында қатты ыдыраған күйдегі 183 итбалықтың денесі анықталды. Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкерлері үлгі алуға мүмкіндік болған өлі дарақтарға зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттелген дарақтардың басым бөлігі – жыныстық жетілмеген жас итбалықтар, олардың ішінде аталықтары басым.
Патологоанатомиялық зерттеулер ішкі ағзалардың әртүрлі сипаттағы және даму сатыларындағы жүйелік зақымдануларын анықтады, бұл патологиялық үрдістің көпфакторлы табиғатын көрсетеді. Анықталған өзгерістердің жиынтығы ағзаның өмірлік маңызды функцияларының едәуір бұзылғанын дәлелдейді және бұл жануарлардың өліміне алып келуі мүмкін.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің мәліметтеріне сәйкес, итбалықтардың жағаға шығарылуы бойынша алынған барлық экологиялық сынама (теңіз түбі топырағы, су, ауа) зерттеліп, шекті рұқсат етілген концентрациялардан асу жағдайлары тіркелмеген. Жалпы, ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша Каспий итбалығы популяциясының жағдайы біршама тұрақты, себебі ол жыл сайынғы өсім есебінен толықтырылып отырады.
Өңірдегі орташа жылдық температураның жоғарылауы және климаттық жағдайлардың өзгеруі Каспий итбалығы популяциясының жағдайына елеулі әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мұз жамылғысының аумағының қысқаруы көбею және төлді қоректендіру үшін қолайлы жағдайлардың нашарлауына алып келеді.
Бұдан бөлек гидротермиялық режимнің өзгеруі қоректік ресурстардың таралуына және қолжетімділігіне ықпал етіп, жануарлардың қосымша энергия шығындарын қажет етеді және олардың тіршілік қабілетінің төмендеуіне себеп болуы мүмкін. Судың температурасынаның жоғарылауы патогенді микроорганизмдер мен паразиттердің көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады, бұл өз кезегінде итбалықтар арасында аурулар қаупін арттырады. Аталған факторлардың жиынтық әсері популяцияның саны мен жалпы жағдайына теріс ықпал етуі ықтимал.
«Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында Қазақстан соңғы жылдары бірқатар маңызды шараны жүзеге асырды. Атап айтқанда, 2020 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Каспий итбалығы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек және жойылу қаупі төніп тұрған жануарлар түрлерінің тізбесіне қосылды. Сонымен қатар, республикалық бюджет қаражаты есебінен бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми ұйымдар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде келесі бағыттар бойынша зерттеулер жүргізуде», — деп хабарлады БШК.
«Қазгидромет» Каспийді қалай қадағалайды?
Қазіргі уақытта «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің қазақстандық секторында жағалау бойымен орналасқан 10 теңіз станциясы мен бекетінде гидрометеорологиялық мониторинг жүргізеді. Олардың қатарына солтүстік-шығыс жағалаудағы Иголкинская банка, Жанбай, Пешной; Құлалы аралындағы станция; сондай-ақ шығыс жағалаудағы Форт-Шевченко, Ақтау, Фетисово, Құрық, Саура және Песчаный пункттері кіреді.
Қазіргі уақытта Каспий теңізінде булану үрдісі тікелей бақыланбайды. Сондықтан булану мөлшерін бағалау теңіз акваториясы мен жағалаудағы метеорологиялық станциялар желісінің бақылау деректеріне негізделген эмпирикалық формулалар мен есептеу әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Каспий теңізінің булану шамасын бағалау бойынша есептеулерді Ресей Федерациясының Мемлекеттік океанография институты жүргізеді. Бұл есептеулер жағалау станциясы Форт-Шевченко, сондай-ақ аралдық станциялар Тюлений, Нефтяные Камни, Куули-Маяк және Огурчинский деректеріне сүйене отырып, 1940-1970 жылдардағы буланудың климаттық нормаларын ескеру арқылы орындалады.
«Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғындар мен мүдделі ұйымдарға арналған болжамдық ақпаратты және гидрометеорологиялық шолуларды жүйелі түрде жариялайды. Атап айтқанда:
- аптасына 2 рет — 5 күндік Қазақстан мен Ресейде орналасқан 10 бақылау пункті үшін Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы және теңіздің қазақстандық бөлігінің әртүрлі аудандары үшін толқындық жағдай болжамдар жарияланады;
- аптасына 1 рет — теңіз жағдайы туралы бюллетень беріледі, желшегерме және желкөтерме құбылыстарына ескертулер беріледі;
- қыстық мерзімде аптасына 1 рет мұз теңіздің солтүстік-шығыс бөлігі үшін мұз қалыңдығының өсу болжамдар мен шолулар шығарылады;
- ай сайын — гидрометеорологиялық шолулар, желшегерме-желкөтерме құбылыстарына шолу шығарылады.
Барлық ақпарат «Қазгидромет» РМК ресми сайтында орналастырылады.
Оқыңыз:
Каспий теңізінің болашағы қандай болмақ?
Теңіз суының сапасына мониторинг жасау Солтүстік Каспий теңізінің 22 жағалаулық нүктеде жүргізіледі: теңіз кеме жүретін су арнасы (2), Жайық өзені қайраңы (5), Еділ өзені қайраңы (5), Шалығи шығанағы аралдары станциялары (5), Жанбай кенті (5).
Жер үсті суларын зерттеу кезінде су сынамаларында су сапасының 43 физикалық және химиялық көрсеткіштері анықталады: көзбен шолып бақылау, температура, қалқыма заттар, мөлдірлігі, түсі, сутегі көрсеткіші (рН), еріген оттегі, ОБТ5, ОХТ, құрғақ қалдық, құрамында тұз бар негізгі иондар, биогенді элементтер, органикалық заттар (мұнай өнімдері, фенолдар), ауыр металдар мен пестицидтер.
Орталық Каспий теңіз суы сапасына мониторинг 28 нүктеде жүргізіледі:
— жағалаулық станциялар: Ақтау қ, демалыс аймағы (2 нүкте), Ақтау қ, порт аймағы (2 нүкте), Форт-Шевченко (1 нүкте), Фетисово (1 нүкте), Қаламқас (1 нүкте), дамба аймағы (3 нүкте), Құрық к. (3 нүкте), Батыс Бузашы (1 нүкте), Шақпақ-Ата (1 нүкте), Канга (1 нүкте), Қызылөзен (1 нүкте), Саура (1 нүкте), Некропол-Қалың-Арбат (1 нүкте), Қызылқұм (1 нүкте), Солтүстік Кендерлі (1 нүкте), Оңтүстік Кендерлі (1 нүкте); кен орындары – Қаражанбас (1 нүкте), Арман (1 нүкте).
Гидрохимиялық бақылау 28 көрсеткіш бойынша жүргізіледі: көзбен шолу, су температурасы, сутегі көрсеткіші, еріген оттегі,қалқыма заттар, ОБТ5, ОХТ, құрамында тұзы бар негізгі иондар, биогенді және органикалық заттар, ауыр металдар.
Түптік шөгінділер сапасына мониторинг Орталық Каспий теңізінің келесі нүктелерінде жүргізіледі: Ақтау қаласының 4 бақылау нүктесі; жағалаулық станциялар: Форт-Шевченко (1 нүкте), Фетисово (1 нүкте), Қаламқас (1 нүкте), Қара Боғаз (1 нүкте); дамба аймағы (3 нүкте), Құрық к. (3 нүкте), Адамтас маягі (3 нүкте), Батыс Бозащы (1 нүкте), Шақпақ ата (1 нүкте), Канга (1 нүкте), Қызылөзен (1 нүкте), Саура (1 нүкте), Некропол-Қалың-Арбат (1 нүкте), Қызылқұм (1 нүкте), Солтүстік Кендерлі (1 нүкте), Оңтүстік Кендерлі (1 нүкте); кен орындары – Қаражанбас (1 нүкте), Арман (1 нүкте). — 28 алу нүктелері.
Мұнай өнімдері, мыс, хром, кадмий, никель, марганец, қорғасын, мырыш мөлшері анықталады.
Түптік шөгінділер сапасына мониторинг Солтүстік Каспий теңізінің жағалаулық стансаларда (теңіз кеме жүретін су арнасы – 2 нүкте, Жайық өзені қайраңында – 5 нүкте, Волга өзені қайраңында – 5 нүкте, Шалығи шығанағы аралдарында – 5 нүкте, Жанбай кентінде – 5 нүкте) жүргізіледі.
Мұнай өнімдері, мыс, хром, кадмий, никель, марганец, қорғасын, мырыш мөлшері анықталады.
Атырау облысы аумағында гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша жер үсті су сапасы мониторингі Солтүстік Каспий теңізінде 22 тұстамада жүргізіледі.
Су сапасы перифитон және зообентос жай-күйі бойынша анықталады, сондай-ақ биотестілеу (судың өткір уыттылығын анықтау) жүргізіледі.
2025 жылдың 9 айындағы Каспий теңізінің су сапасының мониторинг нәтижелері
Гидрохимиялық көрсеткіштер бойынша мониторинг
Солтүстік Каспий су температурасы 15-24°С шегінде, теңіз суы сутегі көрсеткіші -7,75-8,2 суда еріген оттегі – 7,1-12 мг/дм3, ОБТ5 – 2-3,09 мг/дм3, мөлдірлігі – 15-20,4 см, ОХТ – 11,8-40 мг/дм3, қалқыма заттар -30-100мг/дм3, минерализация – 302-7452,4мг/дм3.
Орталық Каспий су температурасы 6,8-25,9 °С шегінде, теңіз суы сутегі көрсеткіші – 6,96-9,2, суда еріген оттегі –7,1-12,3 мг/дм3, ОБТ5 – 1-2,8 мг/дм3, мөлдірлігі – 43-92 см, ОХТ – 12,9-19 мг/дм3, қалқыма заттар -10-23мг/дм3, минерализация – 7588,3-14749,85 мг/дм3.
Гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша мониторинг
Зерттеу нәтижелері бойынша перифитон мен бентос бойынша Каспий теңізінің су сапасы 3-класс, орташа ластанған суларға жатады. Бентос бойынша биоталық индекс-5 болды. Каспий теңізінде перифитон бойынша сапробтық индекстер 1,75-тен 1,95-ке дейін өзгерді.
Токсикологиялық көрсеткіштер бойынша Каспий теңізіңің суы тірі ағзаларға өткір уытты әсер еткен жоқ. Каспий теңізінде тест-көрсеткіш 0% құрады.
2024 жылдың Каспий теңізінің су сапасының мониторинг нәтижелері
Гидрохимиялық көрсеткіштер бойынша мониторинг
Солтүстік Каспий судың температурасы 10,2-25,0°С шегінде, теңіз суы сутегі көрсеткіші -7,69-7,95 суда еріген оттегі –7,4-8,8 мг/дм3, ОБТ5 –2-3 мг/дм3, мөлдірлігі – 10,2-16,5 см, ОХТ – 19-28,9 мг/дм3, қалқыма заттар -54-114мг/дм3, минерализация – 1,500.000-4,672.000 мг/дм3.
Орталық Каспий судың температурасы 8,05-28,4 °С шегінде, теңіз суы сутегі көрсеткіші – 7,7-9,08, суда еріген оттегі –6,4-9,2 мг/дм3, ОБТ5 – 1,1-3,5 мг/дм3, ОХТ – 11,5-22,6 мг/дм3, қалқыма заттар -11,5-30,4 мг/дм3, минерализация – 7533,6-20048,699 мг/дм3.
Гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша мониторинг
Зерттеу нәтижелері бойынша перифитон мен бентос бойынша Каспий теңізінің су сапасы 3-класс, орташа ластанған суларға жатады. Бентос бойынша биоталық индекс -5 болды. Каспий теңізінде перифитон бойынша сапробтық индекстер 1,5-ден до 2,06-ге дейін өзгерді.
Токсикологиялық көрсеткіштер бойынша Каспий теңізінің суы тірі ағзаларға өткір уытты әсер еткен жоқ. Каспий теңізінде тест-көрсеткіш 0% құрады.
2025 жылдың 9 айындағы Каспий теңізінің су сапасының нақты мәндері
| № | Ингредиентердің атауы | Өлшем бірлігі | 9 ай 2025 жыл | 2024 жыл | ||
| Солтүстік Каспий | Орталық Каспий | Солтүстік Каспий | Орталық Каспий | |||
| 1 | Көзбен шолу | мөлдір су, иіссіз | мөлдір су, иіссіз | |||
| 2 | Температура | °C | 19,4 | 14,884 | 19,6 | 20,013 |
| 3 | Сутегі көрсеткіші | 8,0 | 7,982 | 7,8 | 8,102 | |
| 4 | Еріген оттегі | мг/дм3 | 9,1 | 8,483 | 8,1 | 7,932 |
| 5 | Мөлдірлігі | см | 18,3 | 67,769 | 12,1 | 88,242 |
| 6 | Қалқыма заттар | мг/дм3 | 59,1 | 15,08 | 82,1 | 16,55 |
| 7 | ОБТ5 | мг/дм3 | 2,5 | 1,805 | 2,5 | 2,181 |
| 8 | ОХТ | мг/дм3 | 25,7 | 15,289 | 23,3 | 16,549 |
| 9 | Гидрокарбонаттар | мг/дм3 | 71,1 | 204,731 | 144,1 | 211,152 |
| 10 | Кермектігі | мг/дм3 | 9,8 | — | 11,6 | |
| 11 | Минерализация | мг/дм3 | 1775,5 | 9037,048 | 2278,0 | 11270,2 |
| 12 | Натрий | мг/дм3 | 33,7 | 1042,154 | 33,4 | 1823,764 |
| 13 | Калий | мг/дм3 | 28,8 | 67,977 | 29,7 | 88,29 |
| 14 | Құрғақ қалдық | мг/дм3 | 1797,3 | 6542,098 | 2301,3 | 8875,19 |
| 15 | Кальций | мг/дм3 | 76,3 | 255,305 | 114,0 | 239,813 |
| 16 | Магний | мг/дм3 | 80,4 | 550,191 | 68,8 | 523,509 |
| 17 | Сульфаттар | мг/дм3 | 287,1 | 2262,613 | 1265,3 | 2723,605 |
| 18 | Хлоридтер | мг/дм3 | 1197,1 | 4660,003 | 620,7 | 5660,845 |
| 19 | Фосфаттар | мг/дм3 | 0,025 | 0,04 | 0,069 | 0,088 |
| 20 | Жалпы фосфор | мг/дм3 | 0,038 | 0,017 | 0,006 | 0,009 |
| 21 | Нитритті азот | мг/дм3 | 0,121 | 0,034 | 0,019 | 0,016 |
| 22 | Нитратты азот | мг/дм3 | 0,130 | 5,567 | 0,029 | 1,622 |
| 23 | Жалпы темір | мг/дм3 | 0,059 | 0,024 | 0,067 | 0,036 |
| 24 | Тұзды аммоний | мг/дм3 | 0,127 | 0,18 | 0,193 | 0,413 |
| 25 | Қорғасын | мг/дм3 | 0,002 | 0,003 | 0,002 | 0,0023 |
| 26 | Мыс | мг/дм3 | 0,001 | 0,003 | 0,0004 | 0,0132 |
| 27 | Мырыш | мг/дм3 | 0,002 | 0,015 | 0,002 | 0,017 |
| 28 | Жалпы хром | мг/дм3 | 0,002 | — | 0,002 | |
| 29 | Хром (6+) | мг/дм3 | 0,002 | — | 0,002 | |
| 30 | АББЗ /СББЗ | мг/дм3 | 0,073 | 0,018 | 0,016 | 0,024 |
| 31 | Фенолдар | мг/дм3 | 0,001 | 0,001 | 0,001 | 0,001 |
| 32 | Мұнай өнімдері | мг/дм3 | 0,160 | 0,031 | 0,018 | 0,035 |
| 33 | Бор | мг/дм3 | 0,41 | — | 0,120 | |
| 34 | альфа -ГХЦГ | мкг/дм3 | 0,0 | — | 0,0 | |
| 35 | гамма-ГХЦГ | мкг/дм3 | 0,0 | — | 0,0 | |
| 36 | 4,4-ДДЕ | мкг/дм3 | 0,0 | — | 0,0 | |
| 37 | 4,4-ДДТ | мкг/дм3 | 0,0 | — | 0,0 | |
Каспийді қай институттар зерттейді?
2024 жылы Каспий теңізі бойынша ғылыми зерттеулерді шоғырландыру және күшейту мақсатында Каспий теңізі жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты өз қызметін бастады. Институттың негізгі міндеттерінің бірі – Каспий маңы елдерінің ғылыми-зерттеу ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының әкімдігі институтты материалдық-техникалық базасын нығайтумен шұғылдануда.
«Қазақ Каспий теңізі ҒЗИ» КеАҚ қызметі шеңберінде жетіспейтін деректерді толтыруға және Каспий теңізінің қазақ секторының жағалау аймағының құрғатылған учаскелері туралы неғұрлым егжей-тегжейлі ақпарат алуға бағытталған ғылыми жұмыстар кешенін жүргізу жоспарлануда. Атап айтқанда, Каспий теңізінің қазақстандық секторының жағалау аймағының құрғатылған учаскелеріндегі жай-күйге гидрологиялық, химиялық және биологиялық зерттеулер жүргізілетін болады. Сондай-ақ теңіз акваториясының ғасырлық қималарында рейдтік бақылаулар жүргізу жоспарлануда», — деп хабарлады Экология министрлігі.
Келер жылдан бастап «Blueing the Caspian Sea» жаһандық экологиялық қорының жобасын іске асыру басталады: «Теңіз экожүйесін қалпына келтіру, ластануды басқару және биологиялық әлеуетті сақтау». Жобаны іске асыру 2029 жылға дейін жалғасады. Бұл жобаның ұлттық құрамдас бөлігі институтты заманауи аспаптармен және жабдықтармен жарақтандыруды, тренингтер өткізуді және Каспий теңізінің қазақстандық секторының теңіз ортасының мониторингі жүйесін жетілдіруді қоса алғанда, «Каспий теңізі Қазақ ҒЗИ» КеАҚ әлеуетін арттыруға жәрдем көрсетуді көздейді.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Каспий итбалығы» мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды.
Аталған институт пен ререзерваттың кеңселері Ақтау қаласында орналасқан.
Теңіздің туристік әлеуеті
Каспий теңізі – танымал туристік нысанның бірі. Қазіргі кезде Маңғыстау өңіріне шетелден және еліміздің басқа аймақтарынан келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді.
Өңірге 2025 жылдың 9 айында өңірге 350 мыңнан астам турист келді. Оның ішінде ішкі туризм бойынша – 313 мыңнан астам адам (ҚР резиденттері), келу туризмі бойынша – 37 мыңнан астам адам (шетелдіктер).
Маңғыстау облысы әкімдігінің ақпараты бойынша Каспий теңізінің туристік әлеуетін пайдалану аясында жағалау аумақтарында бірқатар инвестициялық жоба іске асырылуда. Курорттық аймақты дамыту мақсатында 2024 жылы жоба құны 8,5 млрд теңге 3 жоба аяқталып, нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны құрылды.
2025-2029 жылдары 700-ден астам жұмыс орнын құрумен 190 млрд теңгеге 18 жоба іске асыру жоспарлануда.
Каспий теңізі жағалауында жақын орналасқан ең ауқымды және маңызға ие жобалар қатарында мыналарды атап өтуге болады:
- «Town Center» сауда-ойын-сауық кешені;
- Гольф-отель мен виллалар кешені;
- Нұр сауықтыру-курорттық кешені;
- «Wyndham Garden Aktau» қонақ үйі кешені;
Әкімдіктің баспасөз қызметінің түсіндіруі бойынша Каспий теңізі суының тартылуы жобаларға кері әсерін тигізбейді, себебі жоспарланып отырған туристік нысандар жағалаудан қауіпсіз қашықтықта орналасқан және теңіз суының деңгейіне тәуелсіз қызмет көрсете алады. Сонымен қатар, жобалар аясында баламалы туризм түрлерін дамыту (мысалы, тарихи, мәдени және табиғи бағыттар бойынша турлар ұйымдастыру) қарастырылған, бұл Каспий жағалауын жыл бойы туристер үшін тартымды етуге мүмкіндік береді.
2025 жылы теңіз жағалауында сенбіліктер аясында 600 тонна қоқыс шығарылды.
2018-2019 жылдары Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында суға батқан бірнеше кемелер («Tiba», «Аракс», НАМ 217 кемелері) мұнай қалдықтарынан тазартылып, темір қалдықтары бөлшектеліп сыртқа шығарылған.
Мақалада келтірілген деректер Каспий теңізінің қазіргі жағдайы уақытша экологиялық ауытқу емес, ұзақ мерзімді әрі жүйелі дағдарыс белгілерін көрсететінін айғақтайды. Теңіз деңгейінің төмендеуі климаттың жылынуы мен өзен ағындарының қысқаруымен тікелей байланысты болып, бұл үрдіс алдағы ондаған жылда да жалғасуы мүмкін екені ғылыми болжамдармен негізделген. Итбалықтардың жаппай қырылуы Каспий экожүйесінің әлсіреуінің ең айқын көрінісі ретінде бағаланып, табиғи тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсетеді. Сонымен бірге теңіз тартылуы порттар жұмысына, транзиттік әлеуетке және жағалаудағы экономикалық жобаларға нақты қауіп төндіруде. Қолданыстағы халықаралық келісімдер Каспийді қорғауға құқықтық негіз қалыптастырғанымен, оларды нақты іс-қимылмен толықтыру қажеттігі анық байқалады. Осы тұрғыда Каспий мәселесі тек экология саласының емес, мемлекеттік саясат пен халықаралық дипломатияның маңызды бөлігіне айналуы тиіс. Теңізді сақтаудың жалғыз жолы – ғылыми дерекке сүйенген, ашық мониторингке негізделген және бес елдің үйлестірілген әрекетін қамтитын ортақ стратегияны іске асыру.

