Атыраудың экс-әкімі Қайрат Оразбаев жер учаскелерін заңсыз бергені үшін 3 жылға сотталды. Бұл туралы Атырау сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Қаланың бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің басшыларына рекреациялық аймақтағы 8 жер учаскесін беру туралы тапсырма берген.
Жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің басшылары өзара келісіп, санитарлық аймақтағы 18 жер учаскесін берген. Сәйкесінше жер қатынастары бөлімінің басшысы жер комиссиясының хаттамасының қосымшасына комиссия отырысында қаралған деп 18 өтініш туралы жалған мәлімет енгізген.
Сот шешімі сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен экс-әкімді ҚК 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» бойынша кінәлі деп тапты. Нәтижесінде Оразбаевқа 3 жыл, сәулет бөлімінің басшысына 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жер қатынастары бөлімінің басшысын «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және «Қызмет бабында жалған құжат жасау» фактілері бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығы шектелді.
Үш шенеунік өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті «бюджет қаржысын жымқырды және қылмыстық топ құрды» деген айыппен Қазақстан соты сырттай 17 жылға соттады.
Сондай-ақ Атырау облысы Жылыой аудандық соты №2 ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының директоры Г.Жалекенова мен бухгалтер А.Шмидованы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп тапты. Олар мекемеде нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақыны заңсыз аудару арқылы 73 млн теңгені жымқырған. Сот үкімімен Шмидова 7 жылға, Жалекенова 3 жыл 6 айға сотталды.
Сурет: facebook.com/KairatUrazbaev