Астана әкімдігі 15 қыркүйектен бастап коммуналдық кәсіпорындар мен мемлекеттік компанияларда жұмыс күнінің басталу уақытын өзгертуді жоспарлап отыр.
– Бұл жол қозғалысы жүктемесін азайтуға және көлік ағынын оңтайландыруға бағытталған, — деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Өзгерістер негізінен қаланың орталық аудандарында орналасқан мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға қатысты болады. Ал әлеуметтік нысандардың, яғни мектептердің, медициналық мекемелердің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады.
Бұл өзгеріс таңғы уақытта көлік ағынын теңдей бөлуге және қаладағы ең көп көлік жүретін магистральдардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, көлікті тыйым салынған жерде тоқтату мен тұрақ ережелерін бұзу деректеріне қатысты көше-жол желісін әкімшілендіру жұмысы күшейтіледі. Ережені өрескел бұзғандардың көліктері айыппұл тұрағына эвакуацияланады.
«Сондай-ақ жаңа жылдамдық дәліздері мен қоғамдық көлік бағыттарын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұндай тәжірибе өзге мегаполистерде де сәтті қолданылып, оң нәтиже көрсетіп келеді. Алдын ала есептеу бойынша, енгізілетін шаралар кешені таңертеңгі және кешкі уақытта қала көшелеріндегі жүктемені 15-20%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл шара экологиялық жағдайға да оң әсер етіп, қалалық мобильділіктің жалпы сапасын арттыра алады», — делінген әкімдік хабарламасында.
Белгілі болғаны, қазір Астананың әртүрлі аудандарындағы көлік қозғалысына кешенді талдау жүргізіліп жатыр. Жұмыс күнінің басталу уақытын өзгертумен қатар, басқа да шаралар қарастырылып отыр. Мысалы, кейбір ұйымдар үшін түскі үзіліс немесе ауысым аяқталу уақыты өзгертілуі мүмкін.
Еске салайық, осыған дейін Астанаға көшіп келушілер саны соңғы 15 жылдағы рекордты жаңартқанын жазған едік. Жарты жыл ішінде өңірлерден елордаға тұрақты тұру үшін қоныс аударып, тіркелгендердің саны 80,4 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артқан.
Сондай-ақ Астанада 2035 жылға дейінгі жаңартылған бас жоспарды талқылау кезінде тұрғындар тығыз құрылыс пен жасыл аймақтардың азаюына қарсылық білдірді. Наразы азаматтар қолдарына плакат ұстап, заңсыз және тығыз құрылысқа жол бермеуді талап етті.
Фото: gov.kz

