Орал қаласы Зашаған кентіне 7-8 шақырым жердегі қоқыс полигоны 1975 жылы пайдалануға берілген. Бұл – қаладағы жалғыз қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын орын. Полигонның қызмет ету мерзімі 2000 жылы аяқталған. Кейін пайдалану мерзімі тағы да 25 жылға ұзартылды. Қазір мұнда 1,8 миллион текше метрден астам қоқыс бар. Күн сайын 200 тоннадан аса қоқыс жеткізіледі.
Экологтар полигондағы қоқыс көлемі мөлшерінен асып кеткенін айтып дабыл қағады. Қоқыстың жиі өртенуі салдарынан қала тұрғындары зардап шегіп отыр.
Полигонды 10 жыл сенімгерлікке алған «ICMRecycling» компаниясы келісімшарт бойынша полигонды күтіп-ұстау міндетін атқарып отырмыз дейді. Қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны — Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде.
Мерзімі биыл аяқталатын полигонның қазіргі жағдайы қандай? Таяу арада жаңа қоқыс полигоны ашыла ма? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, мекемелерге сұрау салдық.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыста қатты-тұрмыстық қалдықтардың 147 полигоны тіркелген. 145 полигон ауылдық округтердің орталықтарында, ал екі полигон Орал мен Ақсай қалаларында орналасқан.
Экологты не алаңдатады?
50 жыл бұрын іске қосылған қаладағы жалғыз полигон қазір қоқысқа толы. Полигон қаланың өзіне өте жақын орналасқан. Эколог Дәуренбек Сақым облыстағы ірі екі полигонның бірінің мерзімі өтіп, бірінің әлі күнге құжаты толық емес екенін айтады.
«Оралдағы қалалық полигонның кемшілігі – пайдалану уақыты 2015 жылы аяқталған. Содан бастап 2016 жылы полигонды бөлек шығарамыз деген мақсатта Бәйтерек ауданынан 70 гектар жер учаскесі бөлінді. Одан бері қарай тоғыз жыл болды. Әлі проектісі де жоқ. Қазір қалдықтар үйіндісі рұқсат етілген деңгейінен алты-жеті метрге биіктеген. Әкімдер «салып жатырмыз» дейді. Бірақ олар бірінен соң бірі ауыса береді. Екінші полигон Ақсай қаласында орналасқан. Ол полигонның құрылыс құжаттары жоқ. Тек қана жер актісі бар», — дейді маман.
Экологтың сөзінше Ақсай қаласындағы полигон 19 гектарды толтырып болған, қосымша 16 гектар жер қосу туралы өтініш 2019-2020 жылдары берілгенімен, ол әлі мақұлданбаған (Ақсай қаласындағы қоқыс полигоны туралы алдағы мақаламызда толық жазатын боламыз).
Дәуренбек Сахымның айтуынша, Қазақстандағы полигондардың әлемдік деңгейдегі стандарттар мен заңға сай жұмыс істеуіне қомақты қаражат керек.
«Полигондарды дүниежүзілік экологиялық кодекстің талаптарына сәйкестендіру үшін оған қыруар ақша керек. Оралға полигон салу үшін қомақты қаражатты кім береді? Бізде заң әлемдік кодекспен реттелгенімен, ақша бөлуге келгенде әлемдік масштабқа сай емес. Сондықтан осы жерде қарама-қайшылық туады», — деді эколог.
Облыс орталығында полигон өртінен шығатын жағымсыз иіске тұрғындар жиі шағымданады. Себебі кешкі уақытта сыртқа шығып серуендеу, үйдің терезесін ашудың мүмкін емес екенін айтады. Әсіресе қоқыс жаз уақытында жиі өртенеді.
Дәуренбек Сахым осы уақытқа дейін полигон өртенген кезде экология департаментінің адамдарын жанып жатқан аймаққа ертіп барған. Айтуынша, сол сәтте ауаның ластануын тексерген департамент мамандары «Ластану көрсеткіші жоқ» деген.
Эколог мәселенің шешімі полигонды жаңа орынға көшіру мен қоқысты дұрыс орналастыру дейді.
Полигонға рекультивация қашан жасалады?
Орал қалалық ҚТҚ полигонына жауапты Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі де қалдықтар полигонының толғанынын растайды.
Қалалық полигонға рекультивация жасау үшін жобалық-сметалық құжат дайын. Алайда 12 млрд теңге көлеміндегі жобаны қаржыландыру басты мәселе болып тұр.
«Полигон көлемінен асып кетті. Екі мыңыншы жылдан бастап, биылға дейін қайтадан мерзімі ұзартылды. Биыл соңғы жыл деуге болады. Барлық қоқыс көзге көрініп, жер бетінде шашылып жатыр. Қазір қолымызда жобалық-сметалық құжат бар. Сараптаманың оң қорытындысын алдық. Біз атқарушы орган болғаннан кейін жоғарғы өкілетті органнан жауап күтеміз. Облыстық энергетика басқарамасына және табиғатты қорғау басқармасына бюджетті қорғау өтінімі ұсынылды. Қазір қарастырып жатыр. Жобаның құны 12 млрд көлемінде болғаны қиындау болып тұр», — дейді аталған бөлімнің абаттандыру секторының меңгерушісі Дархан Еркінұлы.
Егер рекультивацияға қаражат бөлінетін болса, қолданыстағы полигон толық жабылып, жаңадан ашылатынын айтады маман.
«Жаңа полигон Зашаған кентінен 15 км жерде болады. Қазір қолданыстағы полигон сол кезде қалай бар, солай берілген. Былайша айтқанда, қазір сырты тек тормен қоршалып тұр. Қалдықтар жер бетінде шашылып жатыр. Ол жерде әкімшілік ғимарат та жоқ. Қалдық жинау үшін жағдай жасалмаған, қоқыс ашық орынға жиналып жатыр. Жаңа полигонда жұмыс істеу үшін қажетті әкімшілік заңнамалар қарастырылған, инженерлік инфрақұрылым толығымен тартылады. Қазіргі сұрыптау жүйесімен салыстырғанда, болашақта қалдықтардың соңғы көлемі әлдеқайда аз болады», — дейді Дархан Еркінұлы.
Департамент осы уақытқа дейін құзырлы органдардан ең көп шағым полигондағы өрт мәселесі бойынша түскенін айтады. Қоқыстың бықсып жануы сегіз шақырым жердегі Зашаған, Сарытау мен Деркөл кенттеріне әсер етеді. Оған да жел де әсер етеді.
Полигонға жылына 71-72 млн тонна қоқыс жиналады
Қолданыстағы ҚТҚ полигонын сенімгерлікке алған «ICMRecycling» компаниясына әкімдіктің қоятын басты талабы – полигонды күтіп ұстау, өрттің алдын алу және басқа да қауіп-қатердің алдын алу. Қоқыс шығаратын мекемемен тікелей байланыста болу да компания міндеті.
Қолданыстағы полигонды 2017 жылы сенімгерлікке алған «ICMRecycling» компаниясы Sarapshy.info редакциясына полигон өзінің негізгі нормасын атқарғанын айтады.
«Қазір полигон 95%—ға толды, тіпті одан көп те болуы мүмкін. Мердігер мекеме болғаннан кейін келісімшарт бойынша міндетіміз – полигонды күтіп-ұстау. Полигон аумағы – 35 гектар. 2019 жылы іске қосылған Green Servis Company сұрыптау кешеніміз бар. Қоқысты күнде сұрыптайды. Полигонға жылына 71-72 мың тонна қоқыс түседі. Күніне қаладағы және даладағы қоқысты жинайтын 70-80 көлік келеді», – дейді «ICMRecycling» компаниясының директоры Алмас Пішенбаев.
Мердігер компанияның директоры басқа да коммерциялық келісімдер барын, ол жөнінде ақпарат бере алмайтынын жеткізді. Алмас Пішенбаевтың сөзінше, қатты тұрмыстық қалдықтарды жиналатын аумақтың астында да 15 метр тереңдікке қоқыс толып жатыр.
«Өртті толық жою үшін басқа полигон керек. Ашық жатқан жерде оны реттеу қиын. Өрт кезінде бірден өшіруге тырысамыз. Одан бөлек полигон таудың басында орналасқандықтан, жел сол жақта қатты болады. Жеңіл желпі заттарды бір жерден екінші жерге ұшырып кетуі тез. Қазір полигонның астында кей жерде он сегіз, он бес, он төрт метрге дейін қоқыс тапталып жатыр», – дейді ол.
Сондай-ақ экология департаментінен алатын рұқсатнама негізінде әр тоқсан сайын эмиссияны төлеп отыратындарын да айтты.
Алмас Жәнібекұлының сөзінше, компания қоқыс полигонынан пайда көрмейді. Мемлекеттен арнайы субсидия бөлінбейді. Өзін қаржыландырып отырғандарын алға тартқан компания басшысы басқа қоқыс жеткізетін мекемелердің табысы есебінен күн көретінін айтты.
«GreenServiceCompany» сұрыптау қызметі қалай жұмыс істеп жатыр?
Sarapshy.info тілшісі қаладағы жалғыз қоқыс полигонның қазіргі жағдайын көру үшін түсірілім тобымен ҚТҚ жинайтын орынға барды. Полигонның маңында «GreenServiceCompany» орналасқан.
Бірі келіп, бірі кетіп, ағылып жатқан көліктерге қызмет көрсетіп жатқан компанияда бүгінде 55 қызметкер жұмыс істейді. Редакцияны «GreenServiceCompany» директоры Батырбек Әлібекұлы күтіп алды.
«Күніне 200-250 тонна тұрмыстық қалдықтар келеді. Бәрін осында қабылдап алып, шамамен 40%–ын сұрыптаймыз. Қалғаны полигонға сақтауға жіберіледі. Толық көлеммен жұмыс істеуге жұмысшы табу өте қиын. Қазірдің өзінде жұмысшыларды қаладан алдырып отырмыз. Халық қоқыспен жұмыс істегісі келмейді. 2019 жылдан бері жұмыс істеп жатқан жұмысшыларымыз да бар», — дейді директор.
Қала халқының өртке қатысты шағымынан директор да хабардар.
«Полигонды сіздер өртейсіздер ме деп сұрап жатады. Біз өртемейміз. Полигон өзінен өзі жанады. Себебі полигон толып тұр, қолданылу мерзімінен асып кетті. Қазір біз ескі қоқысты қазып, қайтадан соған көміп жатырмыз», — дейді Батырбек Ихсанов.
Директордың сөзінше, сұрыпталған қоқыстардың бір бөлігі Ресейге жіберіледі. Қоқысты қайта өңдей алмағаннан кейін кәдеге жарайтыны сол жақта қалады. Қоқысты өңдеу зауыты Қазақстан бойынша Шымкентте ғана бар. Алайда логистика ақтамайды дейді басшы.
«Жаңа полигон беріледі деп айтылып жатыр. Бірақ әлі берілген жоқ. Жаңа орын ашылғаннан кейін ғана толық рекультивация жасалады», — деп сөзін қорыта келген Батырбек Ихсанов та қазіргі сұрыптау компаниясы жеке бюджетке салынғанын, үкіметтен субсидия алмайтынын атап өтті.
«Полигон солай жана береді, ештеңе істей алмаймыз» — тұрғын
2012 жылдан бері Сарытау шағын ауданында тұратын Тілек Ермекұлы полигондағы қоқыстың иісі әсіресе жаз мезгілінде жиі шығатын айтады.
«Жаз кезінде ыстық температурада ауада молекулалар тезірек тарайды ғой. Сол себептен жазда иіс қатты сезіледі. Түтіннің иісі кешкі уақытта бірден ауданды алып кетеді. Кей кезде терезені ашу мүмкін болмайды. Ал қыста көп білінбейді. Оған қоса қыста терезені көп ашпаймыз. Полигондағы қоқыстың өртеніп жатқанын айналасынан өтіп бара жатқанда байқаймыз», – дейді.
Бірнеше рет өрт сөндіру қызметіне хабарласқан Тілек «ол полигон солай жана береді, ештеңе істей алмаймыз» деген сыңайда жауап алған.
Тілек полигонға жақын орналасқан Сарытау шағын ауданы, Зашаған кенті мен Деркөл кентіндегі тұрғындардың денсаулығына зиян тиеді деп алаңдайды.
«Түтін болғаннан кейін қоқыстың құрамындағы әртүрлі зиянды, химиялық заттар адамның денсаулығына зиян деп ойлаймын», – дейді ол.
Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
Sarapshy.info редакциясы Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдаған болатын. Сауал Орал қаласы, Зашаған кентіндегі қоқыс полигонынан қандай да бір сынама алынды ма, қоқыс полигонындағы өрт фактілерінің ауа сапасына әсеріне қатысты болды.
Департамент полигонның санитарлық қорғау аймағы шекарасынан тоқсан сайын және жеке немесе заңды тұлғалардың шағымдарына сәйкес атмосфералық ауа сынамалары алынады дейді.
2024 жылы 15 рет мониторинг жүргізіліп, 450 сынама алынған. Оның ішінде 33 сынамада көміртегі оксиді (9 жағдай), шаң (12 жағдай), күйе (12 жағдай) нормадан асып кеткені анықталған.
«Полигонда өрт болған жағдайда келіп түскен шағымдарға Орал қалалық басқарма мамандары Ұлттық сараптама орталығы мамандарымен бірлесіп, полигонның санитарлық қорғау аймағы шекарасынан аспаптық өлшеулер жүргізеді. Өрттен кейін атмосфералық ауаға қоқыстардың құрамындағы әртүрлі улағыш заттар түсу қаупі болады. Сол себепті полигонның санитарлық қорғау шекарасы санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті жүргізу барысында бақылау нүктесі ретінде қойылып, тоқсан сайын осы бақылау нүктелерінде атмосфералық ауа сынамасына аспаптық зерттеу жүргізіліп отырады», — деп жауап берген департамент ресми жауапта.
Ғарыш Аспан Сапары компаниясы былтыр облыс аумағындағы заңсыз қоқыс полигондарын анықтау мақсатында мониторинг жүргізген.
«Мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 192 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 158-і қазіргі уақытта БҚО Экология департаментінің мәліметі бойынша жойылды», — деді Ғарыш Аспан Сапары компаниясы.
Полигонды рәсімдеу процесінің дұрыс жолы қалай жүзеге асады?
Эколог Дәуренбек Сахым қоқыс полигондарына қатысты әкімдер жер телімін бөліп, оны бірден «полигон» деп атай салуы заңды процедуралар мен экологиялық нормаларға қайшы екенін айтады.
«Әкімдер жер телімін алады да, оны полигон деп атай салады. Олай болмайды. Мәселен, жерді белгілеп, оны балабақшаға береміз деп қоя саламймыз. Полигон да солай. Жер телімін бөлгеннен кейін оны салу үшін арнайы жобасы (жобада полигонның орналасуы, құрылымы, экологиялық талаптарға сәйкестігі көрсетіледі — ред.) жасалуы қажет. Жоба мемлекеттік органдардың келісімінен өтуі керек. Келісімнен өткен жоба үшін арнайы құрылыс басталады, ұзындығы мен ені белгілі шұңқырлар қазылады. Ол шұңқырлар геомембранамен қапталады. Геомембранадан кейін еріген қар мен мұз суларын арнайы каналдар, құбырлар арқылы қауіпсіз жерге бұрады. Сол үшін арнайы құбырлар қондырылады. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін қабылдау актісі рәсімделеді. Осы актіні алғаннан кейін полигон ресми түрде тіркеледі. Полигонға экологиялық рұқсат құжаттары дайындалады. Атап айтқанда, Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ОВОС), Рұқсат етілген шекті шығарындылар (ПДВ), Қалдықтарды орналастыру нормативтері (ПНРО). Экология департаментіне барлық құжат тапсырылғаннан кейін полигонға рұқсат беріледі. Бұл рұқсатта жылына қанша тонна қалдық көмілетіні көрсетіледі. Содан соң полигон жұмысын бастайды. Полигон әрбір көмілген тонна қалдық үшін эмиссия төлеуі тиіс. Бұл сома жергілікті бюджетке түседі. Міне, полигонның дұрыс жұмыс істеу жобасы осындай болу керек», — дейді маман.
Аудандағы қоқыс полигондары кімге тиесілі?
Облыс ауданындағы қоқыс полигондары жергілікті кәсіпкерлердің меншігінде.
БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аудандық қоқыс полигондарын сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүріп жатқанын айтады.
«Аудан орталықтарында полигонды сенімгерлікке алған тұлғалар тұрғындардан қоқысты жинау және полигонға шығару қызметімен де айналысады. Қалған аудандарда ауылдық округ әкімдіктері қоқыс жинау және полигонға шығару қызметтерін өздері ұйымдастырады. Аудандардағы полигондардың қызметінен коршаған ортаға эмиссияға төлемдар аудандық бюджетке түседі», — делінген хабарламада.
Аудан орталықтарындағы полигондар тізімі:
- Жәнібек ауылындағы полигон бес жыл мерзімге «Биби» ЖК-ның сенімгерлік басқаруына берілді (2019-2024 жылдары аралығына).
- Сайқын ауылындағы полигон үш жыл мерзімге «Елеусін» ЖК-ға сенімгерлікке басқаруына берілді (2022-2025 жылдары аралығына)
- Казталов ауылындағы полигон үш жыл мерзімге «Айқын» ЖК сенімгерілікке басқаруына берілді (2024-2027 жылдар аралығында).
- Жымпиты ауылындағы полигон 10 жылға «Ернұр» ЖШС сенімгерлік басқаруға берілді (2022 – 2032 жылдар аралығында).
- Теректі ауылындағы 10 жылға полигон «Иваныч» ЖК-нің сенімгерлік басқаруына берілді (2022 – 2032 жылдар аралығында).
- Қаратөбе ауылындағы полигон 3 жылға «Бақыт жолдары» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруына берілді (2022 – 2025 жылдар аралығында).
Орал қаласындағы қоқыс полигонының мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Экологтар дабыл қағып, тұрғындар шағымданып отыр. Бұл жағдай қаланың экологиялық жағдайын нашарлатып, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруде. 1975 жылы ашылған полигонның пайдалану мерзімі 2000 жылы аяқталуы тиіс еді, алайда ол бірнеше рет ұзартылып, бүгінде 50 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп тұр. Полигонның толуына байланысты оны рекультивациялау қажеттілігі туындаса да, жаңа полигон салуға қаражат әлі бөлінген жоқ. Қазіргі полигонның ұзартылған мерзімі биыл аяқталады.
Жаңа полигон салу, қолданыстағы полигонды рекультивациялау және қоқысты қайта өңдеу жүйесін жақсарту – бұл мәселенің негізгі шешімдері екенін байқауға болады.