2025 жылы 12 миллион 400 мың тұрғын газбен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.
Аталған жобаларды іске асқан жағдайда елдің газбен қамтамасыз етілу деңгейі 62%-ға дейін артады делінген. Биыл 7 елді мекенді газдандыруға 65,9 млрд теңге бөлінген.
Министрліктің мәліметінше, Атырау облысында «Финская-120» автоматтандырылған газ реттеу станциясын және магистральдық газ бұру құбырын салу жоспарланып отыр.
2024 жылы желтоқсанда үкімет Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жаңа пилоттық жоба бастады. Жоба бойынша аталған топтарға тауарлық газдың құнын 24%-ға дейін жеңілдету ұсынылды.
Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталады деп хабарлады министрлік.
Ұзындығы 302 км Талдықорған – Үшарал магистральдық газ құбырының құрылысы қазір жалғасып жатыр. Бұл жоба Жетісу облысының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал Батыс өңірдегі Қашаған кен орнында қуаты жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жұмысы жалғасып жатыр. Кәсіпорын шикі газды қайта өңдейді.
«Бұл Қашаған кен орнынан мұнай өндіруді тәулігіне 25 мың баррельге ұлғайтуға және ішкі тұтыну үшін тауарлық газ көлемін жылына 700 млн текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді», — дейді Энергетика министрлігі.
2024 жылы сұйытылған газ бағасы тоннасына 40 320 теңгеден 45 158 теңгеге дейін қымбаттаған. Соның әсерінен автокөлік газының да құны өсті. Кей өңірлерде газ бағасы орта есеппен 85 теңгеге дейін жетті.
Сурет: Pixabay.com