Жайық өзенінің ірі саласы — Шаған өзенін жағалай орман-тоғай көмкерген. Соңғы жылдары осы орманға көз алартқандар көбеюде. Кәсіпкерлер түрлі желеумен орманды отап, орман арасынан өздеріне ыңғайлы жер телімін жасап алуда.
Шаған жағалауының Орал қаласындағы Жас натуралистер станциясы аумағындағы орманның оталғанын көріп 30 наурызда Орал қалалық әкімдігіне сұрау жолдаған едік.
Сөйтсек оталғаны космостан да көрінетін мына жер жеке меншікте дейді. Біздің арнайы бағдарламамен есептеуімізше, ағашы кесілген аумақ 10 мың шаршы метрдей.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев аталған жер учаскесінде орналасқан жасыл алқаптағы ағаштарды кесу фактісі анықталды деп жауап берді.
Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне ағаштарды кесуге өтініш түспеген және әкімдік тарапынан ағаш кесуге рұқсат берілмегенін хабарлады.
-Аталған терек кесу фактісі бойынша жер учаскесінің меншік иесіне қатысты тиісті шара қолдану қажеттігі туралы жоғары тұрған құзырлы мекемелерге — Орал қаласының прокуратурасына, БҚО полиция департаментіне, БҚО бойынша экология департаментіне, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хат жолданды, — дейді Ж.Дүйсенғалиев.
Нұрлыбек Рахманов, sarapshy.info