БҚО-да жергілікті маңызы бар жолдардың 34%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде

Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов хабарлады. Облыстағы жергілікті автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 5082,7 км құрайды. Соның 1728 шақырымы ғана жақсы деңгейде ғана деп есептелінеді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар 192 км жол жөнделген. Облыстық маңызы бар автожолдардың  79 шақырымы 8,5 млрд. теңгеге жөнделсе, аудандық маңызы бар автожолдардың 113 шақырымы 6,1 млрд. теңге қаржыға жол жөнделді.

2021-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін кезең-кезеңмен арттыру қарастырылған. Облыстық басқарма жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесін 39%-ға дейін жеткізу мақсатында жұмыстануда.  Жол құрылысына республикалық бюджеттен 9,6 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 1,9 млрд. теңге бөлінген.  Осы қаражатқа 34 жоба бойынша 165,7 км автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жоспарланған.

1 км жолды үшін күрделі жөндеуден өткізуге, шамамен 150-190 млн теңге жұмсалады. Күрделі жөндеу үшін жол бетіне құм-қиыршықтас қоспасы, қиыршықтас қабаты және асфальтбетон қоспасының екі қабаты салынады.  Облыстық және аудандық маңызы бар қиыршық тасты 3354 км автожол қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жол жабынын жақсарту үшін ресайклерлеу әдісімен орташа жөндеу жүргізіледі. Өңірде қиыршық тас болмауына байланысты құрылыс материалы көршілес Ақтөбе облысынан сатып алынады. БҚО аумағында автожолды орташа жөндеу жұмысының құны 65-90 млн. теңгені құраса, Ақтөбе облысындағы жол құрылысына жұмсалатын қаржы көлемі 1 км үшін 30-40 млн. теңгені құрайды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі БҚО, Атырау және Ақтөбе облыстарында жергілікті маңыздағы автожолдар сапасы төмен екенін хабарлаған. 2021 жылы республика бойынша жергілікті автожолдардың сапасын 78%-дан 82%-ға жеткізу жоспарланған.

БҚО-да жол-құрылыс материалы тапшы болуына байланысты жол жөндеу құны, басқа өңірлерге қарағанда жоғары болып отыр. Мердігерлер жол жөндеу жұмысына кәсіби маман табуға зар болуда. Облыс тұрғындарының жартысы дерлік ауылдық елді мекендерде өмір сүретінін ескерсек, аудандардағы жергілікті жолдарды жөндеу әзірше көңіл көншітпейді. Мемлекетті бағдарламалар ауқымында аудан орталығы болып есептелінетін тірек ауылдардағы көше жолдарын және республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеуге ірі қаражат бөлінуде. Сол  себепті жергілікті жолдарды жақсарту мардымсыз жүгізіліп келеді.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий