2024 жылдың он айында 16 535 қандас елге оралды, олардың 46%-ы – Қытайдан

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың 1 қарашасына дейін 16 535 этникалық қазақ қандас мәртебесін алып, тарихи отанына оралды. Тәуелсіздік алғаннан бері елге 1 миллион 144,9 мың этникалық қазақ қоныс аударған.

Қандастардың келу географиясы

2024 жылы Қазақстанға келген этникалық қазақтардың:

  • 45,9%-ы – Қытайдан
  • 39,2%-ы – Өзбекстаннан
  • 5,8%-ы – Моңғолиядан
  • 5,2%-ы – Түрікменстаннан
  • 2,8%-ы – Ресейден
  • 1,1%-ы – басқа елдерден келген.

Қоныс аударушылардың әлеуметтік-демографиялық ерекшелігі

1 қарашадағы дерек бойынша:

  • 57,4%-ы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар;
  • 33,2%-ы – еңбекке қабілеттен кіші балалар;
  • 9,4%-ы – зейнеткерлер.

Еңбекке қабілетті азаматтардың білім деңгейі:

  • 17,8%-ы – жоғары білімді;
  • 24,8%-ы – орта кәсіби білімді;
  • 54,4%-ы – жалпы орта білімді
  • 3%-ының білімі жоқ.

Қандастардың басым бөлігі Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанды. Бұл өңірлерде еңбек күші тапшы деп көрсетілген.

2023 жылмен салыстырғанда қандастарға берілген өңірлік квота саны 2024 жылы әлдеқайда өскен. Атап айтқанда, 2023 жылы 2 433 адам, 2024 жылы 3 033 адам болды.

Мемлекеттің қолдау шаралары:

  • Қоныс аударған отбасыларға 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде көшуге субсидия беріледі.
  • Тұрғын үй жалдау және коммуналдық төлемдер үшін ай сайын 15-30 АЕК (55,3-110,7 мың теңге) аралығында бір жыл бойы көмек көрсетіледі.
  • Жыл басынан бері 2 390 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 763 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Солтүстік өңірлерге қоныс аударуды ынталандыру мақсатында экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Бұл сертификат тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық несиенің бастапқы жарнасын төлеуге мүмкіндік береді. Оның сомасы тұрғын үй құнының 50%-ын немесе 4,28 млн теңгеге дейінгі көлемді қамтиды.

Экономикалық ұтқырлық сертификаты – бұл мемлекет тарапынан берілетін қаржылай көмек түрі. Ол азаматтардың ерікті түрде солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударуын ынталандыру мақсатында енгізілген. Сертификат жаңа жерге қоныстану кезінде тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі.

Жаңа форматтағы қандас мәртебесін беру

Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске қосылды. Бұл жүйе этникалық қазақтарға республикаға келмей-ақ  қажетті қызметтердің барлығын бір жерде немесе бір жүйе арқылы мәртебе алуға, жұмыс орны мен тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жаңа форматта 21 166 өтініш қабылданған.

Сурет: gov.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз