Биыл Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде 180 инвестициялық жоба іске қосылады

Еліміздің өңдеу өнеркәсібінде 180 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл шамамен 15 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Жыл басынан бері 56 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталып қалды, яғни іске қосу-жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр немесе құрылыс жұмысы аяқталу сатысында. Жыл соңына қарай аталған жобаларды аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Қазақстанда қандай жаңа өндірістерді іске қосу жоспарланып отыр?

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің сөзінше, тамақ өнеркәсібіне арналған қаптамалар, атап айтқанда, Tetra Pak және алкогольсіз сусындарға арналған алюминий банкалар өндірісін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Құрылыс индустриясында еден жабыны, керамикалық плиткалар өндірісін, алюминий радиаторлары, қаптау және жылу оқшаулағыш материалдар өндірісін кеңейту қолға алынбақ.

Сонымен қатар теміржол машина жасауда тартқыш локомотив бандаждары, осьтер, тісті доңғалақтар, құрал-дефамдар, тежегіш қалыптары және т/ж құрамына арналған серіппелер бойынша өндірістер құру жоспарланған.

Елде шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып жатыр

Қазір 12 өңірде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. АЭА аясында жалпы құны 8 трлн теңгеден асатын 372 жоба іске асырылған. 27 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, бюджетке шамамен 521 млрд теңге салық төленді.

Тікелей шетелдік инвестициялар 730 млрд теңгені құрады. 9,4 трлн теңгеге өнім өндірілді, оның 700 млрд теңгесі экспортқа жіберілген.

«Шағын және орта бизнес субъектілерін дамыту мақсатында шағын өнеркәсіптік аймақтарды (ШӨА) құру және олардың жұмысы жөніндегі бағдарлама іске қосылды. Шағын өнеркәсіптік аймақтар – инфрақұрылымы бар дайын өндірістік үй-жайлар. ШӨА-та салынған ШОБ субъектілері өндірістерді жеңілдетілген жалдау шарттарымен орналастыра алады. 37 шағын өнеркәсіптік аймақ құрылады деп күтіліп отыр, ал биыл сегіз өңір ШӨА дамыту бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін төрт өндірістік үй-жайды пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді спикер.

Сурет: ОКҚ

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз