Орталық сайлау комиссиясы 29 қарашада өтетін кезектен тыс мәслихат сайлауына қатысатын үміткерлердің бюджет қаражатынан жабылатын шығын мөлшерін бекітті. Қаулыға комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров қол қойды.
Мәслихат деңгейіне қарай бір үміткерге 500 мыңнан 700 мың теңгеге дейін қарастырылған:
- Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттары үшін 700 мың теңге;
- қалалық мәслихаттар үшін 650 мың теңге;
- аудандық мәслихаттар үшін 500 мың теңге.
Қаражат теледидар мен радиода сөз сөйлеуге, БАҚ-та жарияланымдар орналастыруға, сайлаушылармен кездесулер өткізуге, үгіт материалдарын әзірлеуге және көлік шығындарына арналған. Бұл үміткерге берілетін жеке төлем емес, мемлекет республикалық бюджеттен өтейтін шығын мөлшері.
Сайлауалды үгіт 28 қарашаның 00:00-іне дейін жүреді, 28 қараша — тыныштық күні. Дауыс беру 29 қарашада өтеді.

