Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте Қазақстан соңғы жылдары маңызды қадамдар жасады. Алайда қоғам үшін маңызды бір сұрақ әлі де ашық қалды. Бұл жаза зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тоқтатуға жеткілікті ме?
Қазір елімізде 78 түзеу мекемесінде 30 мыңнан аса адам жазасын өтеп жатыр. Соның ішінде ауыр қылмыс жасағандар 20 мыңға жуық, аса ауыр қылмысқа барған сотталған 14 мыңды құрап отыр. Ал оларды түзету жұмысына 200-ден аса психолог қамтылған. Осы түзеу мекемелерінде сотталғандармен психологиялық жұмыстар белгілі бір дәрежеде жүргізіледі. Бірақ бұл жұмыстар көбіне кадр тапшылығы мен бағдарламалардың жетілмеуінен толық нәтиже бере бермейді. Бұдан бөлек, түрмелердегі психологиялық коррекциялық жұмыс жалпы сотталғандармен жүргізілетінін де ескеруге тиіспіз.
Айталық, Алматыдағы ҚАЖД-ға қарасты қауіпсіздігі аралас №12 түзеу мекемесінде әртүрлі сипаттағы қылмыс жасаған сотталғандар жазасын өтеп жатыр. Барлығына тәртіп ортақ, оларды түзету жұмысы да бірдей. Оның ішінде психологиялық, заңнамаларға енгізілген өзгерістер, жұмысқа орналастыру, оқыту және әлеуметтік ортаға бейімдеу іс-шаралары кіреді. Шымкент қаласы және Түркістан облыстық ҚАЖД 54 мекемесіндегі 800-ден астам сотталғанмен жұмыс істейтін 3 психологтың біреуі келісімшартпен тартылған. Алматы облысы және Жетісу облыстық ҚАЖД-ға қарасты №10 мекемесіндегі 700-ге жуық әйел жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында қиын өмірлік жағдайда болған, талай жыл зорлық-зомбылық көрудің салдарынан қылмысқа барған тағдыры түрлі жандар отыр. Осындай психологиялық көмек аса қажет мекеменің өзінде 2 психолог жұмыс істейді.
Енді осы психологтар тапшы болып отырған түзеу мекемелері мен шартты жазада жүрген сотталғандармен жұмыс істейтін мамандардың білімі мен біліктілігі де бас ауыртады. Себебі Қазақстан мен дамыған елдердің айырмасы, ең алдымен, кадр даярлау моделінен көрінеді. Батыста соттық немесе криминологиялық психологиямен айналысатын маман жай ғана диплом иесі емес, тар бағытта ұзақ дайындықтан өткен, қадағаланған практиканы өткерген, тәуекелді бағалай алатын және сот жүйесімен бір тіл табыса білетін кәсіби тұлға ретінде қалыптасады.
Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, бір жылда еліміздің соттары 790 агрессорға міндетті түрде психологиялық коррекциядан өтуді жүктеп, 84 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарған екен. Әйткенмен осы құжаттардың 20 мыңнан астамы сол күйі бұзылған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен 2023 жылы 47 579 жағдай тіркелсе, 2024 жылы 74 283, ал 2025 жылы 82 470-ке дейін жеткен. Дәл осы баптың 2-бөлігімен реттелетін қайталанған әрекеттер саны да 2023 жылғы 6 466-дан 2025 жылы 12 672-ге дейін өскен. Сонымен қатар, 2025 жылы полиция тарапынан 90 740 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушының мінез-құлқына 20 620 ерекше талап белгіленген. Министрлік, әрине, мұны тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюі емес, полицияның құқық бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтау жұмысының күшейгендігімен және азаматтардың құқықтық санасының артып, дер кезінде көмекке жүгінуімен түсіндіреді. Алайда, осы құжатта былтыр қорғау нұсқамасын бұзудың 7140 және сот үкімін немесе өзге де сот шешімін орындамаудың 15 735 жағдайы тіркелгені де көрсетілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстық істермен сотталғандар саны 2023 жылғы есепке қарағанда 345 адамнан былтыр 709 адамға дейін өсіп, екі есе артты. Қоғамдық жұмыстарға тартылғандар саны 1-ден 117-ге, түзеу жұмыстарына тартылғандар 3-тен 218-ге көбейген. Бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер саны 162-ден 200 адамға дейін ұлғайса, өмір бойына сотталғандар саны 3-тен 8 адамға жеткен. Сонымен қатар, былтыр 96 адам қамаққа алынып, 38 адам шартты түрде сотталған. Демек бұл агрессорлардың жазадан қорықпайтынын ғана емес, олардың санасында әйелге, балаға немесе отбасы мүшелеріне деген үстемдік тым тереңде жатқанын дәлелдейді. Тәжірибе көрсеткендей, түрмеге қамалған кез келген адам жасаған әрекетіне шынайы өкініп, түзеліп шықпайды. Керісінше, дәл осындай баппен сотталғандардың дені жәбірленушіге өшпенділігін күшейтіп, сот залында қоқан-лоқы көрсетіп, жазасын өтеп шыққан соң бұрынғы жұбайын іздеп тауып, қайғылы жағдайларға себеп болған фактілер де кездеседі. Ең алаңдатарлығы, әйеліне күш көрсететіндердің бір бөлігі кейін өз балаларына да зорлық-зомбылық жасауға бейім болады. Осылайша қатыгездік бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп жатыр.
Демек біздің елге сотталғандармен жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал бұл кеселді тамырымен жою үшін қоғамға жалпы психологтар емес, қылмыстық психология мен девиантты мінез-құлықты терең меңгерген, құқықтық жүйенің қыр-сырын түсінетін тар бейінді кәсіби мамандар ауадай қажет. Біздің елде бұл мәселе әлі де болса тек құқықтық салдармен күресу деңгейінде қалып қойса, халықаралық озық тәжірибе әлдеқашан ғылыми-практикалық іргетасқа отырғызып, заңмен бекітіп қойған.
Кадр даярлауда кемшілік көп
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, лттық қауіпсіздік, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Прокуратура және Қорғаныс министрліктері өздеріне ведомстволық бағынысты оқу орындарында бағдарламаларды дербес әзірлейді. Мысалы, ІІМ Қарағанды академиясы мен М. Бөкенбаев атындағы ІІМ Ақтөбе заң институты базасында Қылмыстық процесс және криминалистика ғылыми мектептері жұмыс істейді. Азаматтық жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Тұран және Maqsut Narikbayev университеттерінде бұл бағыттар жалпы психология, заң психологиясы, девиантты мінез-құлық немесе сот-психологиялық сараптама кафедраларының аясында жекелеген пән ретінде ғана беріледі. Осы оқу орындарында криминалдық және құқықтық психология, тұлғалық профильдерді зерделеу, виктимологиялық профилактика модульдері қамтылғанымен, министрліктің өзі мойындағандай, елімізде қылмыстық мінез-құлық немесе соттық психология бағытында арнайы мамандандырылған ғылыми орталықтар мен бірыңғай ұлттық жүйелі зерттеулер жоқтың қасы екен. Университеттер мен құқық қорғау органдары арасындағы жүйелі ынтымақтастық қалыптаспаған, ал мемлекеттік грант қаржысы бойынша 2024-2027 жылдарға зорлық-зомбылықтың алдын алу мен отбасылық ынтымақтастыққа арналған небәрі бір-екі жоба ғана іске асқан. Осы олқылықтардың салдарынан елімізде кез келген төрт жылдық базалық психологиялық білімі бар адам зорлықшымен де, құрбанмен де жұмыс істей беретін бақылаусыз орта қалыптасқан. Мәселе университеттердегі пәннің бар-жоғында ғана емес, кәсіби стандарттың, қатаң лицензиялық сатылардың, міндетті супервизияның және ведомствоаралық біріккен практиканың мүлдем жоқтығында да болып отыр.
Сарапшылар да халықаралық тәжірибе мен сараптамалық қорытындылар Қазақстанның бүгінгі құқықтық және әлеуметтік жүйесі үшін кезек күттірмейтін нұсқаулық болуға тиіс екенін айтады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ассистент-профессоры Жарас Сейітнұрдың пікірінше, жалпы психология бағдарламасын тәмамдаған түлектерге агрессорлармен кәсіби деңгейде жұмыс істеуге арнайы даярлық пен тәжірибе қажет. «Әлі күнге дейін елімізде дербес психология факультеті жоқ. Екі жүздей саласы бар психология негізінен педагогикалық немесе философиялық факультеттер аясында ғана оқытылады», дейді маман. Сөзінше, университетте бакалавр деңгейінде «заң психологиясы» пәні ғана оқытылады. Клиникалық, бала психологиясы сияқты бағыттар соңғы жылдары дамып келе жатқанымен, қоғам сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ал жоғары оқу орындарында оқытылатын «Заң психологиясы» пәні сот, қылмыс және түзету психологиясының негіздерін қамтығанымен, бұл агрессорлармен терең коррекциялық жұмыс жүргізуге жеткіліксіз.
Жарас Сейітнұрдың айтуынша, агрессиялық мінез-құлықты түзету бағдарламаларын жүргізетін мамандар нақты жұмыс істейтін ортаның ерекшелігін ескеруге тиіс. Алайда қазіргі оқу бағдарламалары түзеу мекемелері мен қылмыстық-атқару жүйесінде жұмыс істеуге қажетті тар бейінді біліктілікті толық қалыптастырмайды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын азайту үшін Қазақстандағы психология мамандарын даярлау жүйесінде түбегейлі өзгерістер керек. Ең әуелі кадр тапшылығы мен кадр даярлаудан басталған жөн. Жеке психология факультеті немесе Психология Институты болса бұл мәселені шешу жеңілірек болар еді. Психологияның институционализация проблемасы өзекті», деген ойын жеткізді.
Ал Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебіне қарасты Психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мамбеталинаның айтуынша, қазір отбасылық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қатыгездік, суицидтік мінез-құлық және психологиялық жарақаттармен жұмыс істейтін мамандарға сұраныс жоғары. Осы қажеттілік ескеріліп, Еуразия ұлттық университетінде «Дағдарыс психологиясы» білім беру бағдарламасы әзірленіпті. Бағдарламада мектептегі зорлық-зомбылық, суицидтік мінез-құлық психологиясы, дағдарыс жағдайындағы отбасыларды психологиялық сүйемелдеу, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету бағыттары қамтылған», дейді маман. Байқап отырғандай, мұнда да психолог мамандар Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің ішінен ашылған Психология кафедрасында білім алады.
Отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың пікірінше, енді оқу бітірген жас маманның 25, 30, 40 жастағы ауыр өмірлік тәжірибесі бар, кейде агрессиясы жоғары адамдармен тіл табысып, олармен нәтижелі жұмыс жүргізуі қиын болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай адамдармен 10-15 жылдық тәжірибесі бар психологтар қосымша арнайы курстардан өтіп, осы салаға бағытталса, әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Алайда маман мұндай жұмыстың нәтижелі болуы үшін сотталған адамның өзінде де мотивация болуы керек. Десе де біліктілікті арттыруға арнайы тәжірибе, кәсіби дайындық және нақты әдістемелер қажет. Сондай-ақ ол «Қысқа уақыт ішінде адамның көзқарасын түбегейлі өзгерту оңай емес» деп отыр. Сондықтан психолог шетелдік тәжірибедегідей ұзақ мерзімді, жүйелі психологиялық жұмыс Қазақстанға қажет екенін жеткізді.
«Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қайталанатын қылмыстарды азайту үшін психологтарды даярлау жүйесінде өзгеріс керек. Сотталғандармен жұмыс істегісі келетін психологтың біліктілігін арттыру үшін криминологиялық және соттық психология бағытындағы арнайы курстар керек. Мұндай білімді факультет қабырғасында ғана емес, факультеттен тыс қысқа мерзімді курстар, кафедралық бағдарламалар, тәжірибелік тренингтер арқылы да алған дұрыс. Сондай-ақ шетелде агрессорлармен жұмыс істейтін орталықтар ҮЕҰ, арнайы қорлар арқылы жұмыс істейді. Бұл жерде реабилитация кешенді түрде жүреді», – дейді Ержан Мырзабаев.
Көріп отырғандай, жазалау тетіктерін күшейту қылмыстың түпкі психологиялық себептерін жоя алмай келеді. Олай болса, қылмыскерлерді оңалту ісін мемлекеттік стандарты жоқ, ғылыми реттелмеген жалпы психологтардың еншісіне қалдыру – қоғам қауіпсіздігіне жасалған қиянат.
Шетел тәжірибесі
Неге бұлай деп отырмыз? Мәселен, АҚШ, Канада, Ұлыбритания мен Аустралияда тұрмыстық зорлық-зомбылық феномені жай ғана «отбасылық ұрыс-керіс» емес, өте күрделі криминологиялық әрі клиникалық құбылыс ретінде қарастырылады. Сондықтан бұл елдерде агрессорлармен жалпы бағыттағы немесе педагогикалық дипломмен жұмыс істеуге заңмен қатаң тыйым салынған.
Бұл салаға келу жолы өте ұзақ әрі көпсатылы сүзгіден тұрады. Маман 4 жыл бакалавриатты аяқтаған соң міндетті түрде клиникалық немесе соттық психология бойынша 2-3 жылдық арнайы магистратураны тәмамдауға тиіс. Магистратурадан кейін дербес практика жасауға рұқсат жоқ. Толық лицензия алу үшін жас маман тағы 2 жылдан 4 жылға дейін лицензиясы бар аға маманның қатаң бақылауында апта сайынғы супервизиядан өтіп, мыңдаған сағаттық клиникалық жұмыс тәжірибесін жинауға міндетті. Ұлыбританияда бұл үрдіс Британ психологтар қоғамының аккредитациясымен, ал АҚШ-та Американдық кәсіби психология кеңесінің талаптарымен реттеледі. Шетелдік маман жай ғана кеңесші емес, ол зорлық, қауіп және жауапкершілік динамикасын заңдық контексте түсінетін, қауіп-қатерді бағалай алатын және сот жүйесімен бір тілде сөйлесетін кәсіби тұлға ретінде қалыптасады. Нидерландыдағы Маастрихт немесе Германиядағы Констанц сияқты университеттер құқық пен психологияны біріктіретін заманауи ғылыми әдістерге негізделген екі жылдық арнайы бағдарламалар ұсынады.
АҚШ-тың Миннесота штатындағы дәл осындай Domestic Abuse Project жобасының атқарушы директоры Амиртини Кифидің сөзінше, зорлық-зомбылық жасаған адамдармен жұмыс негізінен жоғары білікті мамандарға жүктеледі. Олардың басым бөлігі лицензияланған психотерапевтер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, отбасы және неке мәселелері жөніндегі кеңесшілер, бұрын осындай баппен сотталып, бағдарламадан соң оңалған сотталғандар және басқа да салалық мамандар екен. Мысалы, клиникалық әлеуметтік қызметкер 4 жыл бакалавриатта, қосымша тағы 2 жыл магистратурада оқиды. Ал неке және отбасы терапевтерінің магистрлік бағдарламасы екі-үш жылға созылады. Психологтар үшін білім алу мерзімі бұдан да ұзақ. Лицензия алу үшін мамандар белгілі бір көлемде клиникалық тәжірибеден өтеді. Айталық, клиникалық әлеуметтік қызметкерге лицензия алу үшін 2000 сағат клиникалық тәжірибе қажет болса, неке және отбасы терапевтері мен психологтар үшін лицензия алу мерзімі әлеуметтік қызметкерлерге қарағанда шамамен екі есе ұзақ. Сондықтан олар магистратураны аяқтағаннан кейін тағы 2-4 жыл бойы тәжірибе жинақтап, кәсіби бақылаумен жұмыс істейді. Осы кезең аяқталған соң ғана олар дербес маман ретінде қызмет көрсете алады.
Міне, осындай қатал кадрлық іріктеудің астарында адам өмірін сақтаудың ғылыми негізделген логикасы жатыр. Ал бізде әлі күнге дейін отбасын сақтап қалу желеуімен ерлі-зайыптыларды бір кабинетке отырғызып, «татуластыру» процедураларын немесе жұптық терапияны қолданады. Халықаралық тәжірибеде бұл әдіс өте қауіпті әрі жарамсыз. Мамандарды оқытудан бөлек, бұл елдердің оңалту жүйесінде қосымша SARA, ODARA немесе Danger Assessment сияқты құрылымдық құралдар арқылы қауіпті бағалаудан бастап, агрессорды заңды түрде баспанадан оқшаулау, міндетті түзету курстары, қоғам ішіндегі пробациялық топтық сабақтар, түрме ішіндегі тереңдетілген интервенциялар, босап шыққанан кейінгі жарты жылдық полиграф, алкотестер және көпсалалы MARAC бақылау қамтиды. Сонымен қатар, сотталғандармен жұмыс істейтін әртүрлі терапиялық модельдер қатар жүреді. Мәселен, ауқымды мета-талдауларға сүйенсек, сотталған агрессорлар қатысатын Batterer Intervention Program бағдарламалары қылмысты қайталау көрсеткішін бақылау топтарымен салыстырғанда шамамен 3 есе төмендеткен. Ал Ұлыбританиядағы осы секілді бағдарламадан өткен агрессорлардың әйелдерге жасайтын физикалық шабуылдары 87 пайыздан 7 пайызға күрт азайған, сексуалды қысым 30 пайыздан нөлге түскен. АҚШ-та жүргізілген көпжылдық мониторинг те бағдарламаны толық аяқтаған агрессорлардың 80 пайыздан астамының алғашқы 15 ай ішінде ешқандай зорлық әрекетіне бармағанын, ал 4 жылдан кейін қайталама қылмыс 10 пайыздан төмен сақталғанын растаған.
Біздің елде де психологиялық түзету тетіктері енгізіліп жатыр. Екі жылдан бері соттар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға міндетті психологиялық көмек тағайындай алады. Алайда мұндай бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Ішкі істер министрлігі де 2023 жылдан бастап ODARA тәуекелді бағалау құралын енгізіп, соның негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалаудың ұлттық стандарты қабылданған. Былтыр шамамен 59,7 мың сауалнама жүргізіліп, қайта құқық бұзуға бейім 1599 агрессор анықталыпты. Оның 612-сі психокоррекциялық бағдарламалардан ерікті түрде өтсе, 987-сі сот шешімімен мәжбүрлі психологиялық көмек алуға жіберілген. Десек те бұл бағдарламалардың нәтижелі болуы мамандардың біліктілігіне тікелей қатысты.
Сол үшін бізде де отандық жоғары оқу орындары құқық, криминология және әлеуметтік жұмысты ұштастыра отырып, заң орындарымен, пенитенциарлық жүйемен және пробация қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейтін «Соттық психология» және «Криминологиялық психология» бағыттарында арнайы магистратура мен докторантура бағдарламаларын ашуы кезек күттірмеу керек. Екіншіден, агрессорлармен жұмыс істеу құқығы тек осындай тар бейінді білімі бар, міндетті супервизиядан және мемлекеттік қатаң аккредитациядан өткен мамандарға ғана заңмен бекітіліп берілсе дейсің. Үшіншіден, зорлық-зомбылық фактісі тіркелген жағдайда дәстүрлі медиацияға және ортақ жұптық терапияға заң жүзінде толық тыйым салынып, құқық қорғау тәжірибесіне SARA немесе ODARA сияқты халықаралық қауіп-қатерді бағалау шкалаларын бейімдеп енгізу және Respect үлгісіндегі ұлттық стандарттарды бекіту уақыт күттірмейтін мемлекеттік міндет. Тек заңның мызғымас қаталдығы мен психологиялық оңалтудың терең ғылыми әдістері үйлескен кешенді тәсіл ғана қоғамымыздың құқықтық мәдениетін көтеріп, әрбір отбасының шынайы қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алмақ. Бүгінгі статистика бізге осыны ашық айтып тұр. Заңның қаталдығы қажет, бірақ бұл жеткіліксіз.
фото: pixabay.com

