Бүгін, 4 наурызда Иран билігі Ормуз бұғазын толық бақылауға алып, танкерлердің қозғалысын тоқтатты. Бұл туралы Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері басшысының орынбасары Мохаммад Акбарзаде хабарлады.
Акбарзаденің айтуынша, мұнай танкерлері мен коммерциялық және балық аулайтын кемелердің бұғаз арқылы қатынауына толық шектеу қойылған. Ол Ормуз бұғазы Иранның әскери-теңіз күштерінің толық бақылауында екенін мәлімдеді.
Иран билігі бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған кез келген кемеге соққы жасауға дайын екенін ескертті.
ИРСК әрекетіне жауап ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп танкерлерді бұғаз арқылы өткізу үшін әскерінің көмегіне жүгінетінін мәлімдеді.
Bloomberg агенттігінің дерегіне сай, Қытай Таяу Шығыстағы қақтығыс эскалациясына қарамастан Ираннан мұнай және сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасамауды талап еткен. Қытай – Иран мұнайының негізгі экспорттаушысы.
Иран шабуылынан кейін Қатардағы QatarEnergy компаниясының ең ірі экспорт терминалы жұмысын тоқтатқан. Бұның нәтижесінде әлемдегі мұнай құны қымбаттады. Қақтығыс басталған кезден бастап Brent маркалы эталондық мұнай бағасы барреліне шамамен 70 долларға дейін көтеріліп, 2025 жылдың тамызынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Мұнай саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың пікірінше, Ормуз бұғазы – әлемдегі ең маңызды энергетикалық «қақпалардың» бірі. Парсы шығанағы мен Оман шығанағын жалғайтын тар теңіз дәлізі жаһандық мұнай және газ тасымалының негізгі бағыты саналады.
«Қазір Ормуз арқылы тәулігіне шамамен 20 млн баррель мұнай және мұнай өнімдері өтеді. Бұл – әлемнің мұнай нарығының шамамен 20%-ы.
Сонымен қатар сұйытылған табиғи газ тасымалының 25%-ына жуығы бұғаз арқылы өтеді.
Негізгі экспорттаушы елдер қатарында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Кувейт, Иран және Қатар бар. Олар үшін балама бағыттар шектеулі. Мұнайдың бір бөлігі құбыр желілері арқылы (мысалы Сауд Арабиясындағы East-West және ADNOC-тың Фуджейра бағыты) қайта бағытталуы мүмкін. Алайда сұйытылған табиғи газ тасымалы іс жүзінде толықтай Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз логистикасына тәуелді.
Нарық геосаяси шиеленіске бірден жауап берді. Мысалы соңғы тәулікте Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 73 доллардан асты», — деді маман.
Сарапшы бұғаздағы шиеленіске қатысты бірнеше болжам жасады.
«Жергілікті сипаттағы оқиғалардың (дрондар, теңіз миналары, танкерлерге шабуыл) өзі нарықтан тәулігіне 1-3 млн баррель мұнайдың уақытша шегерілуіне әкелуі мүмкін. Қақтығыс ушығып, бұғаз ішінара бұғатталған жағдайда мұнай тасымалы 10-15 млн баррельге дейін қысқарады. Ал толық жабылған кезде нарық тәулігіне 20 млн баррельге дейін мұнайдан айырылып, Brent бағасы 100 доллардан жоғары көтерілуі мүмкін.
Соққы ең алдымен Азия елдеріне тиеді, себебі олар мұнай мен сұйытылған газ импортына тәуелді. Кейін бұл үрдіс жаһандық инфляцияға және қаржы нарығына әсер етуі мүмкін», — деп тұжырымдады сарапшы.
фото: istockphoto.com

