Атырау облысының Қызылқоға ауданында жоғалған ерлі-зайыптының денесі табылды. Жангелдин ауылындағы із-түзсіз кеткен отбасыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары тергеу барысына қатысты егжей-тегжейлі ақпаратты әзірге жариялаған жоқ.
Оқиға хроникасы
Сұқбаттарды тыңдап отырып, оқиғаны рет-ретімен баяндап шығуға тырыссақ, ең алдымен үйдің баласы Наурыз жазда Атырауға жұмысқа кетті делінеді. Ол туыстарымен WhatsApp арқылы жазысып тұрған. Соңғы кездері жауап беруді тоқтатқан.
Отбасының жоғалғаны жайлы құқық қорғау органдарына 25 желтоқсанда арыз түскен. Қараша айының басынан бері оларды ешкім көрмеген. Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және олардың 3 баласы — 35, 33 және 30 жастағы Мирамгүл, Наурыз және Ақбаянның да мекенжайы белгісіз. Отбасының күйеу баласы, Ақбаянның жолдасы Сұлтан Сәрсемалиев те із-түзсіз жоғалған.
Үй иесінің туысқаны Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, 2 қараша күні Жангелдин ауылына Ақбаян мен Сұлтан келген. 5 қараша күні үйдің қыздары Ақбаян мен Мирамгүл және күйеубаласы Сұлтан Атырау қаласына шығып кеткен. Бірақ олармен бірге Мақсот ағай пен Нәсіп апай болмаған.
Отбасының малы WhatsApp арқылы сырттай сатылған. Малды сату жайлы ауыл тұрғындарына Наурыздың нөмірінен жазып отырған. Сатып алған ауыл тұрғыны ақшаны үй иеcі Мақсот ағайдың шотына аударған.
Жоғалған отбасының иесі Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асиланың тілшіге берген сұқбатында күйеу бала Сұлтанның Махамбет ауылындағы анасына барғандарын айтады. Құдағайлары баласы Сұлтан соңғы рет 11 қараша күні хабарласқанын, Ақбаянды емдетіп жатқанын айтқан. Сұлтан мен Ақбаян 5 баласын осы Махамбеттегі ата-анасының үйіне тастап кеткен.
Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов жоғалған отбасының күйеу баласы Сұлтанның Түркістан облысындағы Қапланбек шекара бекетінен Өзбекстанға өтіп кеткенін растады. Телефон нөмірі Қазақстан территориясында қосылып-өшірілген.
Ауыл тұрғындары Мұқанғалиевтер әулетін ешкімге зияны жоқ, момын жандар екенін айтады. Қос зейнеткердің ұлы мен қызының мүгедектігі бар екен.
6 қаңтар күні кешке жоғалған отбасының сарайынан үй иесі Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі табылды. Олар көміліп, ол жердің үстіне жиһаз қойылған болып шықты. Олардың денесі 8 қаңтар күні жер қойнына тапсырылады.
Атыраулық журналист Жанат Молдашева оқиғаны басынан бері назарында ұстап, жоғалған жандардың үйіне барып, тума-туыстарынан пікірін жариялауда.
Жеке детектив өз жорамалын айтты
Instagram желісінде @hacker.atyrau аккаунтындағы видеода жоғалған отбасының ұялы телефон нөмірлерін бақылау арқылы олардың әр әрекетін рет-ретімен тізбектеп шыққан. Сұлтан мен Ақбаян шетел асып, Индонезиядағы Бали аралына жеткені айтылады. Оның алдында Стамбұлға да барып келгенін анықтаған. Наурыздың ұялы телефоны соңғы рет Өзбекстан шекарасына жақын жерде қосылған, Мирамгүлдің қай жерде екені белгісіз.
Аккаунт иесінің жүргізген зерттеуіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев шетелде енесі — марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның банк картасымен төлем жасап жүр.
Айта кетейік, 2 айдан бері Жангелдин ауылының тұрғындары Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және олардың балалары хабар-ошарсыз кеткен еді.

