Ақмола облысында кісі өлтіру және өзге де қылмыстар үшін сотталғандар мен психикалық ауруы бар адамдар әрекетке қабілетсіз азаматтарға қамқоршы етіп тағайындалғаны анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Қолданыстағы заңнама бойынша сотталған немесе психикалық ауруы бар адамдарға азаматтарға қамқоршы атануға тыйым салынады.
Прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде екі әрекетке қабілетсіз адамға бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған азаматтың қамқоршы болып бекітілгені белгілі болды. Басқа бір жағдайда «шизофрения» диагнозы бар азаматқа да қамқоршы статусы берілген.
Сонымен қатар уәкілетті органдар қайтыс болған азаматтарды деректер базасынан уақтылы шығармаған. Нәтижесінде облыста 28 марқұм базаға «әрекетке қабілетсіз» ретінде тіркелген күйі қалған.
Айта кетейік, таяуда Қазақстанда менталдық ауруға шалдыққандар саны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары екені анықталды.
фото: istockphoto.com

