Әлемдегі ядролық қуаттың басым бөлігі небәрі бес мемлекеттің үлесінде. Бұл туралы халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) хабарлады.
Олардың құрамында 97 ГВт энергия өндіретін 94 реакторы бар АҚШ, 63 ГВт атом энергиясын шығаратын 57 реактор орнатқан Франция мен 57 реакторы 55 ГВт энергиямен қамтамасыз ететін Қытай бар. Тізімде 36 реактор орнатып, 27 ГВт атом энергиясын шығаратын көршілес Ресей мен 26 реакторы 26 ГВт энергия өндіретін Оңтүстік Корея бар.
Қазір әлемнің 40 елінде 416 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр.
Жер бетіндегі барланған уран қорының шамамен 14%-ы Қазақстанда шоғырланған, ел әлемдік уран өндірісінің 40%-ынан астамын қамтамасыз етіп отыр. Демек аталмыш 5 мемлекет үшін Қазақстан ураны – басты шикізат қоры.
2024 жылы өткен референдумда Қазақстан халқының 71%-ы елде АЭС салу туралы шешімді қолдады. Қазақстан аумағында 3 атом электр станциясы салынады. Олардың біреуінің құрылысын «Росатом» жүргізеді. Қалған екі станцияға қытайлық CNCC компаниясы жауап береді. Алғашқы атом электр станциясы 2036 жылы іске қосылмақ.
Оқыңыз: Қазақстанда уран қоры 2040 жылға дейін жетуі мүмкін. АЭС қалай іске қосылады?
фото: freepik.com

