Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Среда, 3 декабря
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Саясат»Тоқаевтың АҚШ-қа іссапары: Қазақстанды қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер күтіп тұр?
Дария Ғұмар Саясат 23/09/2025

Тоқаевтың АҚШ-қа іссапары: Қазақстанды қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер күтіп тұр?

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

22 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Америка құрама штаттарына ресми сапармен барды. Нью-Йорктегі келіссөздер энергетика, цифрлық даму, көлік және инвестиция тарту секторы сияқты стратегиялық бағыттарды қамтыды.

Қазақстан уранының АҚШ үшін маңызы

Тоқаев Нью-Йорктегі сапарын уран өндірумен айналысатын Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельмен кездесуден бастады.

Cameco – «Қазатомөнеркәсіптің» серіктесі. Компания Қазақстанға 500 миллион доллардан астам инвестиция салған және технология алмасуға ықпал еткен.

Барланған уран қорының шамамен 14%-ы Қазақстанда шоғырланған. Ел әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп отыр. АҚШ-тың уран импортының төрттен бір бөлігі Қазақстаннан жеткізіледі. Алайда әлемдік атом энергиясы агенттігінің зерттеуінше, Қазақстандағы уран мөлшері тек 2040 жылға дейін жетуі мүмкін.

Кездесуде Қазақстандағы АЭС құрылысы туралы сөз қозғалды. Сонымен бірге геологиялық барлау жобаларының ауқымын кеңейту, уран өндіру және өңдеу саласындағы жаңа мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігі айтылды.

2036 жылы іске қосылатын алғашқы қазақстандық атом электр станциясы үшін жергілікті уран кені қолданылады. Сол кезде елде отын жеткілікті деңгейде бола ма, бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып отыр.

Президент елдегі басқа пайдалы қазбалар – мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий және графиттің әлеуетін де атап өтті. Бұл ресурстарды игеруге қазірдің өзінде ірі халықаралық компаниялар қызығушылық танытып отыр.

Қазақстан мұнайының төрттен бірі Chevron-ға тиесілі

Сапар аясында президент Chevron корпорациясының басшысы Майкл Уиртпен кездесті.

Chevron – Қазақстандағы мұнай-газ саласының негізгі инвесторларының бірі. Тәуелсіздік жылдарынан бері компания елге шамамен 55 миллиард доллар инвестиция құйып, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеруге ықпал етті. Қазір корпорацияның жаһандық өндірісінің төрттен бірі Қазақстандағы жобаларға тиесілі.

Кездесуде Теңіз кенішін кеңейту жобасы, Қарашығанақтағы газ өндіру мен қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ көмірсутектерді әлемдік нарыққа жеткізудің жаңа бағыттары талқыланды.

2025 жылы Қазақстанның мұнай өндіру көлемі ақпан айында ОПЕК+ келісімі бойынша белгіленген міндеттемелерден асып түссе де, ел келісімнен шығуды жоспарламайды. Премьер-министр Олжас Бектеновтың айтуынша, Қазақстан Теңіздегі шетелдік инвесторлардан өндіріс көлемін азайтуды талап ете алмайды.

Қазақстан АҚШ-тың бизнес-серіктесіне айнала ала ма?

Іссапар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп әңгімелесті. Ақорданың хабарлауынша, Трамп екі ел арасындағы сауда және экономика саласындағы ықпалдастықтың болашағы туралы сөз қозғады. Кейін АҚШ президенті X әлеуметтік желісінде Тоқаевпен кездесуі жайлы жазба қалдырды.

Сапар барысында теміржол саласының алпауыты Wabtec компаниясымен 4,2 миллиард долларға жуық келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстанда 300-ге жуық жаңа локомотив шығаруды және оларға сервистік қызмет көрсетуді қарастырады.

Қазір Қазақстанда 1967 локомотив парктерінің 52%-ы, 142 мың жүк вагондарының 54%-ы, 2672 жолаушы пойызының 42%—ы тозығына жеткен.

Компания бұған дейін де Астанадағы зауытқа 230 миллион доллардан астам инвестиция салған және 600-ден астам локомотив құрастырған.

Мемлекет басшысы АҚШ Сауда министрі Говард Латникпен және АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларкпен де кездесті. Тараптар сауда айналымын ұлғайту, инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалану және жаңа жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда АҚШ-қа Қазақстаннан 50 тонна ұн жеткізілді. Қазір отандық өнімді АҚШ дүкендерінің сөресінен табуға болады.

Іссапар аясында PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихо да Қазақстанмен ынтымақтастық жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, келесі жылы елде құны 368 миллион долларға жететін ірі зауыт ашылмақ.

Amazon Қазақстанның цифрлық жобаларына қатысады

Қазақстан Президенті Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскимен кездесті. Әңгіме барысында цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салалары талқыланды.

Amazon Қазақстанның Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігімен, сондай-ақ «Қазақтелекоммен» бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Келісімдердің ішінде Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабы ретінде дамыту жоспары бар. Сапар аясында «Қазақтелеком» мен Amazon Kuiper дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Жоба Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында жерүсті инфрақұрылымын құруды қамтиды.

Amazon өкілдерінің айтуынша, бұл – компанияның Орталық Азиядағы алғашқы ірі жобасы. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, Қазақстан тұрғындары үшін интернет сапасы мен қолжетімділігі жақсаруға тиіс.

ОҚЫҢЫЗ: Қазақстанда ұялы байланыс тарифтері неге қымбаттап жатыр?

Тоқаев пен Зеленскийдің кездесуі

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Украинадағы ахуалға қатысты пікір алмасты.

Тоқаев Украинадағы қақтығысты тоқтату үшін дипломатиялық арналарды барынша пайдалану қажет екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, тамызда Дональд Трамп Ресей мен Украина басшыларының кездесуін ұйымдастыруға дайындық басталғанын хабарлады.

Сарапшы пікірі 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Sarapshy.info тілшісіне аталмыш іссапардың Қазақстанға әкелетін жаңалығына қатысты пікір білдірді.

«Бұл сапар геосаяси тепе-теңдікке айтарлықтай әсер етпейді. Себебі Қазақстанның сыртқы саясаты жекелеген келіссөздерге емес, география мен өңірлік күштердің орналасуына байланысты. Ал бұл факторлардың өзгеруі екіталай.

Қазір Қазақстанға қызығушылық танытып отырған ірі корпорациялардың саны артты. Мысалы, Chevron, PepsiCo, Goldman Sachs сияқты компаниялардың нарықтағы құны Қазақстанның жалпы ішкі өніміне тең.

АҚШ бізді шикізат көзі ретінде көреді. PepsiCo Алматы облысында 368 миллион долларлық снэк зауытының құрылысын бастады. Бұл жаңа жұмыс орындары мен салық саласынан ғана қолайлы емес, сондай-ақ басқа шетелдік инвесторларға үлгі бола алатын бастама.

Бір америкалық компания енген жерге қалғандары да оңай келеді. Сондықтан Қазақстанға бастысы – инвесторларға олайлы жағдай жасау және шетелдік бизнеске қарсы наразылықты күшейтуге жол бермеу.

Өйткені 5-6 жылдан кейін мұнай өндіру төмендей бастаса, ел қиын жағдайда қалуы мүмкін. Қазіргі басты мақсат – қазақстандықтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.

Amazon-ның спутниктік интернет жобасы да ел үшін маңызды. Бұл біздің Ресей мен Қытай арқылы өтетін кабельдік байланысқа тәуелділігімізді азайтады.

Ал теміржол саласында америкалық Wabtec-тің жаңа вагондары жақсы шешім болуы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін пайдалы қазбалар саласына қосымша өндірістік тапсырыстар әкелуі мүмкін.

Америкалық компаниялардың энергетикадағы басты мүддесі – мұнай және сирек кездесетін металдар. «Теңізшевройл» бойынша 30 жылдық келісімнің мерзімі аяқталып келеді. Chevron үшін Теңіз – корпорацияның «інжу-маржаны». Сондықтан олар келісімді ұзартуға барын салады, тіпті біздің шенеуніктерге қысым көрсетуге дейін баруы мүмкін. Қазақстан өзіне тиімді шарттар үшін соңына дейін күресуі қажет.

Сирек кездесетін металдарға келсек, бұл жерде де АҚШ-тың қызығушылығы жоғары. Қытай әлемдік қордың басым бөлігін бақылап отыр, сондықтан америкалықтар балама көз іздейді. Қазақстан сирек кездесетін металдардың белгілі бір бөлігін АҚШ-қа ұсына алады, бірақ барлығын беруі екіталай. Америкалықтар да бұны жақсы түсінеді.

Біз географиялық жағдайымызға байланысты икемділік танытуға мәжбүр екенімізді АҚШ жақсы біледі. Біз Ресей мен Қытайдың ортасында тұрғандықтан, көп жағдайда тепе-тең саясат жүргіземіз. Сондықтан Қазақстанның америкалық бизнеске қатысты шектеулер қоятынына күмән жоқ.

Батыс тарапынан бізге сын айтылмайды, өйткені біз халықаралық құқыққа сәйкес саясат жүргіземіз және прагматикалық ұлттық мүдделерімізді қорғаймыз», — деді саясаттанушы.

фото: Ақорда

Автор

  • Дария Ғұмар

    Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық университетінің Халықаралық журналистика факультетінің 2-курс студенті. 2025 жылдан бастап Sarapshy.info сараптамалық ақпарат агентігінің медиа-редакторы қызметін атқарады.

    Барлығын қарау
2025 Amazon PepsiCo зауыты АҚШ Владимир Зеленский Дональд Трамп жасанды интеллект Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшы болжамы Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Теміржол Теңіз кен орны Үшінші ақпарат Ұялы байланыс
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

жаңалық

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025
жаңалық

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

03/12/2025
жаңалық

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

03/12/2025

Жаңа мақалалар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

жаңалық 03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

жаңалық 03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

жаңалық 03/12/2025

Цифрландыру отынның «көлеңкелі» айналымын 20%-ға дейін азайтты

жаңалық 02/12/2025

Кореяда қазақстандық мигранттарды ерікті түрде шығару мерзімі ұзартылды

жаңалық 02/12/2025
Сайт мұрағаты
Декабрь 2025
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  
« Ноя    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

03/12/2025

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2025 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.