Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында Переметное-Поливное-Қаражар бағытындағы жол жөндеу жұмысы үш айдан бері тоқтап тұр. Тұрғындар әлеуметтік желіде осыған көңілі толмайтындарын айтып, жазбалар жариялады.
Көктемде «Ануш Құрылыс» ЖШС жұмысқа кірісіп, қажетті құрылыс материалдарын жеткізген. Бірақ шілде айынан бастап құрылыс тоқтап, ауылдар арасындағы қатынас қиындған. Жаңбыр жауған күндері жол балшыққа айналып, жүруге мүлде жарамсыз болып қалады. Соның салдарынан балалар мектепке бару қиынайды.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сүйенсек, Бәйтерек ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Ануш Құрылыс» арасында 46 келісімшарт тіркелген. Соның ішінде құны 799 млн теңгені құрайтын келісімшартқа сай мердігер Қаражар мен Поливное ауылына кіреберіс 7,3 км жолды күрделі жөндеуді тиіс.
Бұл келісімшарт 2025 жылдың 28 ақпанында бекітілді. Жол жөндеу жұмысы 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс деп көрсетілген.
«Ануш Құрылыс» ЖШС-ның бас директоры Оганнес Минасян Sarapshy.info тілшісіне берген жауабында мәселені қаражат тапшылығымен байланыстырды.
«Құрылыс жұмысы үшін арнайы қаражат жоспары қарастырылған. Бірақ жоспардағы олқылықтың кесірінен жөндеуді шегеріп отырмыз. Бәйтерек ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жөндеуге керек қаражатты іздеп жатыр.
Қазір жолдың үстіне төселген тас арқылы айналма жол ашық тұр. Тұрғындарға қиындау болса да, қатынауға болады.
Жұмысты аяқтау үшін бізге шамамен 30-45 күн қажет», – деді ол.
Бәйтерек ауданының әкімдігі Қазақпарат агенттігіне де қаражаттың болмауы себепті жөндеу жұмысы кідіргенін хабарлады.
«Қазір бұл жобаны қаржыландыру қарастырылмаған. Тиісті ақшаны алу үшін бюджетке өтінім жолданды», – делінген ресми жауапта.
«Ануш Құрылыстың» бұған дейін де уақтылы аяқтамаған жобалары бар. Биыл шілдеде мердігер Чапай – Жаңақала бағытындағы жол жөндеу жұмысын дер кезінде аяқтамағаны үшін айыппұл төлеуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, «Ануш Құрылыс» БҚО-дағы жол жөндеу жұмыстары бойынша 2025 жылдың басынан бері жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайтын 11 келісімшарт жасасқан.
фото: freepik.com

