Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жаңа оқу жылы басталғалы бері алаяқтар балаларға қоңырау шалып, өзін мұғаліммін деп таныстырып жүргенін хабарлады. Бұл жөнінде ҚазАқпарат жазды.
Комитеттің хабарлауынша, «Электрондық күнделікті жаңарту» деген сылтаумен олар SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды сұрайды. Бала оны ата-анасына немесе мектебіне көмектесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Іс жүзінде алаяқтар осы кодтарды пайдаланып, «Электрондық үкімет» жүйесіне, онлайн-банкингке немесе туыстарының банк шоттарына қол жеткізеді.
Осы ретте министрлік SMS-тегі кодтардың жеке мәлімет екенін және оларды ата-анадан басқа ешкімге айтуға болмайтынын ескертті.
Баламен әңгімелескенде ерекше мән беретін жайттар:
- қандай жағдайда да SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу;
- қоңырау шалған адам өзін мұғалім немесе мектеп қызметкерімін десе де, бірден ата-анасына хабарласу;
- күдікті сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.
Ата-аналар не істей алады?
- балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
- телефонға ата-ана бақылауын орнатып, беймәлім нөмірлерден келетін қоңырауларды қадағалау;
- балаңызбен сенімді қарым-қатынас орнатып, осы сынды жағдайды жасырмай айтуға болатынын сездіру.
Комитет күдікті әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына хабарласуға болатынын мәлімдеді.
Бұған дейін жазғанымыздай, алаяқтар Қазақстан азаматтарына жол ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұл жіберетін жаңа айла ойлап тапты. Алаяқтар көлік жүргізушілеріне айыппұл төлеу жөнінде фишинг хаттар жіберіп жатыр.
Ұлттық банк алаяқтар халықтың қалтасын қағудың жаңа тәсіліне көшкенін хабарлады. Олар өздерін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады.
Алаяқтар БЖЗҚ салымшыларына қоңырау соғып, алдауға көшкен. Зейнетақы қоры да ел азаматтарына маңызды ескерту жасады.
Фото: Freepik.com

