Жетісу облысында медициналық қалдықты пайдалану кезінде заң талаптары бұзылғаны белгілі болды. Осыған қатысты сегіз факті анықталды. Бұл жөнінде Бас прокуратура хабарлады.
Прокуратура дерегінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 100-бабына сәйкес Г класындағы медициналық қалдықтар токсикологиялық қауіпті болып саналады. Қауіптілік деңгейі бойынша өнеркәсіптік қалдықтармен салыстыруға болады.
Оны дұрыс жоймау халықтың денсаулығы мен экологияға қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай қызмет Экологиялық кодекстің 336-бабына сәйкес лицензиялауға жатады.
Лицензиясы жоқ мердігерлермен қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру, кәдеге жарату және жою қызметтерін көрсетуге қатысты келісімшарттар жасаудың сегіз фактісі анықталды.
«Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері бойынша тәртіп бұзушы мердігерлер екі млн теңгеден астам айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар тапсырыс берушілердің сегіз жауапты лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада.
Бұған дейін Қашаған операторы NCOC 3,6 млрд теңге экологиялық айыппұл төлегенін жазған едік. North Caspian Operating Company экология заңнамасын өрескел бұзғаны анықталды. Атырау облыстық прокуротурасының дерегі бойынша кәсіпорынның шикі газды көп жағуының салдарынан ауа бүлінген. Компания белгіленген шекті ескермеген.
Сондай-ақ заңсыз қоқыс полигондарын жоймаған оннан астам әкімнің орынбасары жазаланды.
Фото: Freepik.com

